Елбасының тарихи Жарлығынан соң Түркістан облысында аса ауқымды да маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Содан бері өткен үш жылдан астам уақыт ішінде түркі әлемінің рухани астанасы ретінде Түркістан қаласы күн санап адам танымастай көркейіп, түлеп жатса, киелі қаланың атауын иемденген өңірдің аудан-қалалары мен ауылдары да қатар даму үстінде. Қастерлі қалада жүздеген сәулетті ғимараттар мен нысандар пайдалануға берілді. Жаңарып жатқан Түркістан мен өңірді тамашалау үшін биылдың өзінде 1,3 миллионнан астам қонақ келген. Өңірдің әлеуметтік жағдайы мен басқа да атқарылып жатқан қыруар жұмыстар жайлы Өмірзақ Шөкеев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистерге арналған брифинг барысында айтып берді. Әлеуметтік желілерде тікелей эфирде өткізілген брифинг барысында облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы «Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы» атты баяндамасынан соң іс-шараға оффлайн және онлайн жүйеде қатысқан БАҚ өкілдерінің сауалдарына да жауап берді. Тәуелсіздіктің арқасында оңтүстік өңірде аса маңызды жобалар жүзеге асырылғанын тілге тиек еткен Ө.Шөкеев егемендік алған 30 жыл уақыт ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. «Биыл – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Тарих көзімен қарағанда, аз ғана мерзімде жаңашыл мемлекетіміздің негізі қаланды, қоғамдық сана жаңғырды, Отанымыз өркендеді. Алған асуларымыз бен шыққан биіктерімізді Елбасының есімімен бірге айтудың тарихи негізі бар. Тәуелсіздік жылдарда жалпы халықтың әл-ауқаты жақсарды. Әр өңірде ірі жобалар іске асырылды. Мәселен, біздің өңірде ірі экспорттаушыларға айналған «Кентау трансформатор зауыты», «ҚазақБитум», «Күйдірілген кірпіш өнімдерін шығаратын Бөкей», «Нимекс мақта тазалау зауыты», «Мақта өңдеу зауыты», «Ордабасы құс фабрикасы», «Құрғақ түйе ұнтағын шығаратын Golden Camel», «Балық өнімдерінің өндірісі Хамит и К», DalaFruit сияқты компаниялар құрылды. Бұл экономикалық өсімнің жарқын көрсеткіші болды. Бұдан басқа 300-ге жуық кәсіпорын ашылып, онда 23 мыңға жуық адам жұмыс істеп жатыр», – деді аймақ басшысы. Айталық, 2010-2020 жылдар аралығында индустриаландыру бойынша 140,5 млрд теңгеге 122 жоба іске асырылып, 7 340 тұрақты жұмыс орны ашылған екен. Индустриаландыру картасы аясында жобаларды іске асыру бұрын өзімізде өндірілмейтін және негізінен экспортқа бағытталатын 12 өнім түрі бойынша өндірісті дамытуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ кеңестік заманда жүзеге аспай, арманға айналған жобалар тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асты. Мәселен, Сырдария өзенінен «Тәуелсіздік көпірі», «Арнасай айналма жолы», Ташкент, Алматы және Қызылорда бағытында «Батыс Европа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік көлік дәлізі» салынды. Түркістан облыс орталығына айналды. Сырдария бойындағы елді мекендерді су тасқынынан қорғау үшін «Көксарай» су реттегіші мен «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ магистралінің салынуы да осы Тәуелсіздіктің ең үлкен жемісі. Облыс әкімі Түркістан облысы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы және жеткен жетістіктер жайлы жан-жақты баяндады.