Халі мүшкіл «Қазпошта»
Халі мүшкіл «Қазпошта»
301
оқылды
Еліміздегі ұлттық жеткізу операторы дефолттың алдында тұр. Өйт­кені 2021 жылдың қаңтар-қазан айы аралығында компания 5 млрд теңге шығынға батқан. Бірақ оны компания­ның өзі мойындап отырған жоқ. Егер бұлай жалғаса берсе, онда жыл соңын­да бұл сома 9 миллиардқа же­тіп жығылуы мүмкін. Бұл бұған дейінгі межеленген 4,1 млрд теңге­ден екі есе асып түспек. Енді «Самұ­рық-Қа­зы­наның» қандай шаралар қабыл­дайтыны белгісіз. Әзірге белгілісі, акционерлік қоғамның басым тәртіпте жекешелендіруге жа­та­тын компаниялар тізіміне енгені. Яғни, сатуға шығарылған.Алайда одан пайда бар ма?

Нарыққа сатар, халыққа батар

Сонымен, «Казпошта» АҚ сатуға шы­ғарыл­ды. Экономиканы модернизациялау жөніндегі комиссия оның бақылау акциялар пакетін (51%-дан 100%-ға дейін) адрестік сату жолымен саудалауға шешім шығарды. Әлеуетті инвесторлар тізіміне: «Қазақстан Халық банкі» АҚ, Eurasian Digital Ventures I LP мен «ТрансКом» ЖШС Консорциумы және «КУА «Алмалы» ЖШС мен «Хави Казахстан» ЖШС Консорциум еніп отыр. Ұлттық оператор­дың акциялар пакеті жаңа иегеріне беріл­ген жағдайда ауылдық жерлердегі рентабельді емес бөлімшелердің жабылу қаупі туындамақ. Ал бұл филиалдар зейнетақы төлеу, пошталық жөнел­тілім­дерді жеткізу сынды әлеуметтік ма­ңызды қызметтерді жүзеге асырады. Рес­публикалық бюджеттің орындалуын қада­ғалау жөніндегі Есеп комитеті тарат­қан хабарламада: «Пошта қызметінің кең тараған өңірлік желілер жүйесі барын ес­кере отырып, оны сатып алушы негізгі ин­весторлар қатарында екінші деңгейлі банктердің де бой көрсетуін жоққа шы­ғаруға болмайды. Өйткені олар ол желіні өз мақсаттарына қарай пайдалануы немесе ол жерлерде банк филиалы бар болған жағдайда жауып тастауы мүмкін», – де­лінген. «Қазпошта» АҚ елімізде пошталық, қаржылық, брокерлік, агенттік және электрондық қызметтердің кең спектрін көрсетеді. Оның иелігінде респуб­ликамыздың барлық аумағын қамтитын, соның ішінде аудандық және ауылдық жерлерге дейін тарайтын ең ауқымды фи­лиал­дық желісі бар. Компания табысының басым бөлігі пошталық қызметтерден түседі. Ал қаржылық қызметінің табысы 35% шамасында. Қалғанын агенттік қызмет, мемлекеттік субсидия, операция­лық аренда, өнімдерді өткізу, франчайзинг және тағы басқалар құрайды. Әйтсе де, соңғы жылдары ұлттық жеткізу операторы­ның кірісінен шығыны көп болып тұр. Мәсе­лен, былтыр жалпы алғанда жиынтық кірісі 56,0 млрд теңге болса, шығыны одан 5 104,6 млн теңгеге артық. Мамандар жекеменшікке өткізбес бұрын оның нысандарына аудит жасау қажеттігін айтады. Сондай-ақ олар «Қазпошта» дефолтқа ұшырауы мүмкін екенін де жоққа шы­ғармайды.
«Менің ойымша, осынша шығынымен «Қазпошта» акционерлік қоғамын алуға таласып жатқан ешкім жоқ. Оны сатып алуға банктерді мәжбүрлеп те жатқан бо­луы мүмкін. Өйткені қазақта «отбасында өзінен кейінгі кішкентай балаларды үйдің үлкені бағады, ағасы інісіне, апасы сіңлісі­не қамқор болады» деген ұғым бар. «Қазпоштамен» де осыны жасағысы келіп отырған секілді. Осылайша, мемлекеттің бас ауруына айналып отырған компанияны басқаға таңып, оңай құтылмақ. Ал керісінше, мұнда мемлекеттік аудит жүр­гізіп, 5-10 жыл бұрынғы қызметіне тексеру жасап, мәселенің мәнісін анықтау қа­жет. Болмаса, жекеменшікке беріп, біз оның қазіргі қалпынан да айырылып, одан сайын құлдыратып аламыз. Тіпті, бүгінгі күннің өзінде де оның дефолтқа бір қадам жақын екенін мойындауымыз керек», – дейді қаржыгер-экономист Расул Рысмамбетов.

Пошта – мемлекеттіліктің атрибуты

Пошта дегеніміз – тарихи қызмет түрі екені рас. Әсіресе, жаугершілік заманда оның стратегиялық миссиясы маңызды болды. Адамдар арасындағы байланыстың берік іргесі болып қаланған бұл үрдіс өміршеңдігін әлдеқашан-ақ дәлелдеп қойған. Соның бір мысалы – Англия поштасы. Неше ғасыр бойы мүлтіксіз қызмет етіп келе жатқан бұл қызмет әлі күнге дейін корольдік пошта деп аталады. Ал ТМД аумағында тәуелсіздік алған мемлекеттер оның тәжін әлі күнге қайта кигізе алмай жүр.
«Пошта байланысы бізде ерекше статусқа ие болу керек. Оны сақтап қалу қажет. Өйткені жер аумағы үлкен, хал­қымыз оған сәйкес емес сирек орналасқан. Сондықтан бұл қызмет өзара байланыс үшін бізге ауадай қажет. Әйтсе де, «Қаз­пошта» АҚ халықаралық беделді тасымалдаушылармен ашық бәсекелестік жасай алмай отыр. Оның үстіне бүгінгі күнде отандық пошта қызметі салыстырмалы түрде қымбат. Ал бірақ жалпы экономика­лық дамушы ел болғандықтан, біздегі пошта қызметкерлерінің жалақысы өте төмен. Сондықтан мемлекеттік субсидияны көбейту қажет. Шетелдік пошта компанияларымен бірлескен кәсіпорын­дар құру керек. Ал жекеменшікке тек мегаполис қалалардағы нарықты беру керек. Сонда тек кішігірім қала мен ауыл субсидияда болады да, бюджет үнем­деледі», – дейді экономист Сапарбай Жобаев.
Пошта қызметін сақтап қалуға өзге де экономистер үндеп отыр. Соның бірі – экономист Мақсат Халық. Оның ойынша, «Қазпоштаны» мүмкін болса сатпай, мемлекет меншігінде сақтау қажет. Өйт­кені бұл сала – әлеуметтік-стратегиялық сала.
«Жеке сектор нарықтық тербелістерге осал болып келеді әрі өз пайдасын ғана көздейді. Сондықтан да ондағы компаниялар банкротқа ұшырайтын болса, салдары зейнетақы, жәрдемақы төлеу, пошта­лық жөнелтілімдердің жеткізілуіне теріс әсер етпек. Түптеп келгенде, «Пошта – мемле­кеттің атрибуты». Сондықтан мұнда саяси да мәселе жатыр», – дейді ол.

Квазисектордағы ахуалдың айнасы

«Қазпошта» мәселесін көп көтеріп жүрген қаржыгер-экономист Расул Рысмамбетов бұл саланы өзгертуге елімізде үлкен қадамдар жасалғанын, бірақ қай-қайсысы да сәтсіз болғанын айтады. «Қазпоштаның» проблемасы әлде­қашаннан бар. Тіпті, бірнеше төрағасы ауысса да, жалғасып келеді. Оны бір кездері реорганизация жасады. Сол кезде көптеген капиталдық қаражат шығын­дады. Ол дұрыс та болар. Өйткені постаматтар, IT-технологиялар және тағы да басқа жаңашылдықтар енгізілді. Бірақ мен бұл шығындарының барлығы ақталды деп айта алмаймын. Оны сол кездің өзінде-ақ қысқарта салуға болар еді. Өйткені қайта ұйымдастыру шаралары өте қымбатқа түсті. Әйтсе де, сол кезде реорганизация жүргізген компания менеджменті солай жөн деп тапқан болып тұр ғой. Екіншіден, компания ұдайы өзін-өзі, яғни нарықтағы орнын іздеумен болды. Олардың басы артық шығынға ұрынғаны­ның да бір себебі осы. Еңбекақы қорын ұлғайтуы, бірнеше IT департаментінің құрылуы соның айғағы. ҚазПошта шы­ғар­машылық тұрғыдан, идеологиялық тұр­ғыдан мықты болғысы келді. Тіпті, одан кейінгі кейбір төрағаларының кезінде компания логистиканы өз қолына алу үшін жүк көліктерін сатып алуға да талаптанып көрді. Бірақ онысынан ештеңе шықпайты­нын түсінген соң, ол райынан тез қайтты. Олардың бүгінде үлкен шы­ғынға батып қалып отырғанының себебі осы. Сон­дықтан да «Қазпоштаның» басты проблемасы – менеджментте деп ойлаймын. Өйт­кені нарықтық критерийлермен алған­да рентабельдігі аз сала болады. Бірақ пошта ондай емес, бізде жеткізу қызметіне сұраныс жоғары. Сондықтан да мұндағы ахуал менеджмент пен оның дұрыс емес басқарушылық шешімдерінен туындап отыр», – дейді экономист Расул Рысмамбетов. Маманның пікірінше, былтырғы вал­дық шығындары 3 миллиардқа жуықтап отырған компания әдетте реорганизация жасауға, шығындарды азайтуға, қызмет­кер­лерді қысқартуға ұмтылады. Бірақ жұмыс істеп жатқан қызметкерлерді емес, мә­селен көлік жүргізушілерді немесе пошта­шыны емес, бас кеңседегі топ менеджментті қысқартуы керек. Өйткені жарты ставкада істеп, айына 30 мың теңге алатын пошта қызметкерлерін қысқарт­қаннан, айына 600 мың теңгеден бастап 1 миллион теңгеге дейін айлық алатын IT департамент­терінің бастықтарын қыс­қарт­қан дұрыс. Егер күніне 15-20 шақы­рым жол жүріп, жұртқа хат-хабар, сәлем­деме, зейнет­ақы­сын таситын пошташыларды қысқартса, олардың жұмы­сын кім істейді? Әйтсе де, біздің елдегі практика керісінше болып тұр. Жалпы, квазисектордағы ахуал осындай. Қалай болғанда да, тұжырым біреу: «Қаз­поштаны» банкротқа жібермеу керек!

Нұрлан ҚОСАЙ