10-11 жылды арқалап кетті
10-11 жылды  арқалап кетті
277
оқылды
Қарағанды облысында былтырғы жылдың маусым айында елді дүр­ліктірген оқиға болды. Инкассаторларға шабуыл жасаған топ 70 миллион теңгені иемденіп кеткен болатын. Жақында сот ұсталған үш қарақшыны темір торға тоғытты... Оқиғаға тоқталсақ, Қараған­ды қала­сында тапа тал түсте қару кезенген бейтаныс біреулер кәсіпорынға тиесілі қара­жатпен қаруды қолды етті. 25 маусымда таңертеңгі сағат 10.40 шамасында «Складская» көшесінде жекеменшік фир­маға тиесілі инкассатор көлігіне қарулы шабуыл жасалды. «ВАЗ 2110» автокөлігін мінген екі азамат фирманың «Лада Гранта» көлігіне әдейі қарама-қар­сы келіп соғылған. Содан ке­йін олар көліктен жүгіріп шық­­қан бойда жекеменшік фир­маның күзетшісіне қару ке­зеніп тұрып, қаражатпен қаруын тартып алған. Куәгерлердің айтуынша, «ВАЗ 2110» көлігі жеке­меншік фирманың маңайына бір сағат бұрын келіп, торуылдап тұрған. Фирмадан көлік шыққан бетте оған барып, соғылған. Қарақ­шы­ларды ұстау мақса­тында Қарағанды қала­сында «Дабыл» жоспары жарияланып, полиция күдіктілерді іздестіруге көшті. «Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 192-бабы 2-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдіктілерді анықтау және ұстау бойынша облыстың ішкі істер құрамына бағыттама берілді» – деп мәлімдеді Қарағанды облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Кейін ақша жергілікті фирмалардың біріне тиесілі екені белгілі болды, оның есепшісі де инкассатордың көлігінде болып, банкке қарай бет алған. Күзет ротасының атыс қаруы да қылмыскерлердің қолында кетті. Қарулы шабуылдан кейін күдіктілер ұрланған ақшаны алып қашып кеткен. Алайда көп ұзамай олардың үшеуі ұсталды. Оларда 30 миллион теңге көлеміндегі ақшаның бір бөлігі ғана болған. Бұған қатысты төртінші адамға іздеу жарияланды. Оларды ұстау операциясы бір мезетте бірнеше қалада жүр­гізіліп, екі күдікті Нұр-Сұлтан қа­ла­сынан, енді бірі Теміртау қала­сы аумағында ұсталды. Күдіктілерге қатысты қыл­мыс­тық іс Қара­ғанды облысы бойынша сотта қарал­ды. Қыл­мыскер деп танылған азамат­тардың бірі 10,5 жылға сотталса, қалған екеуі 11 және 11 жыл 3 айға бас бостан­дығынан айырылды. Олар зардап шеккен екі фирманың пайдасына 39 миллион теңге өндіруге міндеттелді. Сотталушылар сот үкімімен келіспей, оны тым қатал деп санайды. Олардың екеуі қыл­мыс­қа абайсызда сыбайлас болып шыққанын және тек ха­барламағаны үшін ғана кінәлі екенін алға тартты. Осындай уәждермен олар қылмыстық істі қарау үшін Қарағанды облыстық сотына жүгінген. Алайда облыстық соттың апелляция­лық алқасы соттал­ған­дардың кінәсін толық дәлел­деп, жаза олардың істеген ісіне лайықты деп тапты. Соттың үкімі өзгеріссіз қалды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы