Жүз мыңға жалдамалы пәтерде тұрған
– Бұл бүгін ғана болып жатқан сұмдық емес. Шарасыздықтан талай ана өз-өзіне қол салды. Жоқшылықтан шаршаған, төзімі таусылып, болашақтан үмітін үзген аналар көбейіп кетті. Міне, апта басы Алматыдағы 28 жастағы әйелдің үш баласымен бірге суицид жасағаны туралы жаға ұстатар сұмдық оқиғамен басталды. Үш бірдей баласын ешбір тітіркенбестен, жаны ашымастан оп-оңай өлімге қия салғанын есту қандай ауыр десеңші. Тоғыз қабатты үйден төмен құлдилап келе жатқан баланың жан арпалысын көзге елестету неткен қиын. Алғашында аулада жүрген куәгерлер келіншекті терезеден қоқыс тастап жатыр ма деп ойлаған. Оқиға куәгерлерінің бірі құлаған үш баланың кішісі ауыр демалып жатқанын, көп ұзамай жан тапсырғанын айтты. Балаларын биіктен лақтырып, артынша өзі де терезеден секіріп кеткен әйелдің мұндай қадамға отбасылық жанжалдан кейін барғанын бұған дейін полиция хабарлаған. Марқұмның өлер алдында жазған соңғы хатында тіршіліктің тауқыметіне бұдан ары төзуге төзімі қалмағанын жеткізген. Алты жылдан бері Алматыда тұрып жатқан отбасының тұрақты табысы болмаған. Олар «Жетісу» шағынауданындағы бір бөлмелі пәтерді айына 100 мың теңгеге жалдап тұрған. Қайтыс болған марқұмның туған-туыстары өмірге құштар қыздарының бұл қадамын түсінбей дал. Оқиғаға тұрмыстағы жанжал себеп болғаны жөнінде тап басып ештеңе айта алмайды. Дегенмен айтуларынша, күйеубаласы қыздарының жақындарымен жиі араласуына қарсы болыпты.Туған баласын тұншықтырып өлтірді
Есте болса, біраз жыл бұрын Алматыда 33 жастағы Жадыра Көкенай кәмелетке толмаған екі баласын 5 қабаттан лақтырып, артынан өзі де секіріп суицид жасамақ болды. 2007 жылғы туған бір баласы сол жерде тіл тартпай кетсе, екінші баласы мен өзі ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Кейін Қылмыстық кодекстегі «екі және одан да көп кәмелетке толмаған адамдарды көрінеу қасақана өлтіруге оқталу және көрінеу дәрменсіз жағдайдағы екі және одан да көп адамдарды және көрінеу кәмелетке толмағандарды қасақана өлтіру» бабы бойынша айыпталып, сот алдында жауап берді. Тергеу барысында сот-психологиялық сараптама сұмдық іске барған әйелдің жүйкесі жұқарғаны, есуастық жағдайға түскенін анықтады. Ал 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында тағы бір ана өзінің кішкентай екі баласын тұншықтырып өлтірді. Сарыағаш қаласындағы сұмдық істі естіген жұрт есінен танды сол кезде. 32 жастағы әйел ешбір тітіркенбестен туған қыздарын күйеуінің галстугымен тұншықтырып өлтірген. Кіші қызы 9-да, ал үлкені 11 жаста болған. Тергеушілерге берген жауабында екі қызын өлімге қиған Фируза Тулағанова бұл сұмдыққа өмірден түңілген соң бардым депті.Пышақтап тастамақ болды
Былтыр Қостанай қаласының 26 жастағы тұрғыны өз балаларын пышақтап, өз-өзіне қол жұмсамақ болды. Онда да әйел үш жасар қызы мен бір жас, тоғыз ай болған ұлына пышақпен жарақаттаған. Осыдан кейін ол өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Абырой болғанда, анасы мен балаларын ақ халаттылар аман алып қалды. Осы істе де адам сенгісіз айуандық әрекетке барған әйел өзіне қол салмай тұрып «бәріне құрбым кінәлі» деп хат жазып қалдырыпты. Кейін белгілі болғандай, келіншектің күйеуі әйелінің құрбысымен жақын қарым-қатынаста болған. Екі жыл бұрын Орал қаласында жүкті әйел көпірден секірмек болды. Абырой болғанда, суицид жасамақ болған жас полиция старшинасы Самат Балданов оны түскі үзіліске кетіп бара жатып, көріп қалған. Мұнда да әйелдің әрекеті отбасындағы қиындықтардың салдарынан жасалғаны анықталды. Дәл осындай оқиға елордада да болды биыл. Астаналық полицейлер де өзенге секіріп, суицид жасамақ болған жүкті келіншекті құтқарып қалды. Көкшетауда да отбасындағы қиыншылықтан төзімі таусылып, шарасыздықтан көпірден секірмек болған келіншек құтқарылды. Таяуда ғана Нұр-Сұлтанда отбасылық жанжалдан соң 21 жастағы келіншек бір жарым жастағы баласымен бірге 12-қабаттан секіріп кетпек болды. Ал әйелін осындай жағдайға жеткізген ер адамға қолданыстағы заңға сай «жарын бақылауға алу нұсқаулығы» ғана берілді.Адам құқығы қорғалмаса, өзіне қол салу азаймайды
Құқық қорғау қызметкерлері отбасында жәбір көретін әйелдердің көбейіп жатқанын жиі айтады. «Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді» демекші, оның сыртында ұрмай-соқпай қаншама әйел күйеуінен психологиялық қорлық пен қысымға ұшырап жатыр. Ал басы жарылып, қолы сынбаса өз бетімен әрекет ете алмайтын учаскелік полиция инспекторлары әр отбасын аңдып отыра алмайтыны тағы белгілі. Нұр-Сұлтан қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова түсіністік орнамаған отбасында талай сұмдық бола беретінін айтады. Мысалы, былтырға қарағанда суицид жасағандар биыл анағұрлым көбейген. «Жақында ғана көпірден секірмек болған аяғы ауыр әйелдің де екі баласы болған. Сол күні жолдасы үйіне кештеу келіп, нәтижесінде аяғы ауыр келіншек көпірден секіріп кеткен. Өз-өзіне қол салған, тұрмыстық зорлық көрген әйелдер ашыла бермейді, ақтарыла алмайды. Ары қарай арызданбайды. Мысалы, көпірден секірген әйелмен ауруханада жатқанда психолог мамандар, құқық қорғау қызметкерлері жұмыс істеді. Бірақ ауруханадан шыққан соң ешкімді маңайына жуытқысы келген жоқ. «Полиция жаныма келмесін, менімен жұмыс істемесін. Отбасымды бұзбаңыздар» деді. Біз ары қарай ештеңе істей алмаймыз», – дейді Шрахметова.Жығылған үстіне жұдырық
Аналардың өз-өзіне қол салуына көбіне қоғамдағы әділетсіздік, әлеуметтік жоқшылық, отбасылық кикілжің себеп болады. Көбісінің жалға алатын пәтері жалақысынан қымбат, балалары бірде аш, бірде тоқ жүрген отбасы болғанын аңғару қиын емес. Пәтерден-пәтерге көшіп, айлығы шайлығынан артылмай жүргенде жалғыз жарынан жылу сезіне алмай, қоғамнан оқшауланып төрт қабырғада балаларымен отырған әйелді жазғырудың өзі қиын. Оның үстіне әлеуметтік желідегі шенділердің шылқыған байлықта отырып, көл-көсір өмірін көрсететіндер жоқшылықта жүрген жандардың көңіліне кірбің түсіріп, жығылған үстіне жұдырық болады екен. Суицидолог Татьяна Браунның айтуынша, кез келген адам өз өмірін оңай қия салмайды. Кез келген қайғылы оқиғаның сыртында сол әрекетке итермелейтін көптеген жайттар бар. «Суицидке баратындардың дені шектен тыс эмоциналды, импульсивті, жаратылысы нәзік, көңілге тез алғыш, өкпешіл, болмайтын нәрсені бойына қабылдап алатын, эмоциясын сыртқа шығара алмайтын, басындағы қайғысын айналасындағы адамдармен бөлісе алмайтындар. Өйткені олардың айналасына деген өкпе-реніші бара-бара жараға айналады. Іріңдейді», – дейді психолог әрі суицидолог маман. Ал кейде өзін шектен тыс жақсы көру не болмаса өзіне сенімсіз, сыр сақтағыш, ымырасыз адамдар да өз-өзіне қол салуға бейім келеді екен. Өз бетінше көмек сұрай алмайтын, біреудің көмегін қабылдай алмайтын жандар да жақын адамдарымен жиі сөзге келеді. Өзімен-өзі болатын ондай адамдар қоғамдағы әртүрлі нәрселерді көңіліне ала бастайды. Тұрмыстық жоқшылық пен жалғыздық қатар келгенде күйзеліске түсіреді. Өзімен бірге балаларын да өлімге қиған адамдардың бір емес, бірнеше күйзелісі болуы мүмкін. Біріншісі – өмір сүрудің қиындығы. Бірақ өмірдің қиындығы адамды өлімге итере салмайды. Ол адамда психологиялық тоқырау болуы мүмкін. Өз-өзіне деген аяушылық, өзіне-өзіне көңілі толмаушылық, еңбек етуге деген құлшыныстың жоқтығы, ашушаңдық, үнемі біреуді кінәлап жүретін, өзін-өзі сөгетіндер суицид жасайды. Кейбір адамдар «сендер мені әбден шаршаттыңдар» деп айта алады, ал кейбір адамдар ол сөзді соңғы сәтке дейін ішіне сақтайды. Бұл ауру қылады. Ондай адамдар өзінің сырт келбетіне көңіл толмайды. Өзімен-өзі қалғысы келеді. Көңілсіз музыка тыңдап, қайғылы кино көре бастайды. Бұл адамның күйзеліске түсіргенін көрсететін белгілер. Өкініштісі, айналасындағы адамдар жақын жанының жылуын сезінбестен өмірден өтіп кетіп жатыр», – дейді Татьяна Браун. Жақыннан жылу болмаған қоғамда жаны жабырқаған жанның әділетсіздік туралы ойлауы түсінікті. Осылай деген суицидолог өзіне назар аудартып, ренжіткен адамдардан кек алу үшін де өзін-өзі өлтіреді дегенді айтады. «Мысалы, адамдар айлықсыз қалады, жалақысы аз, ештеңеге жетпейді не болмаса қарызға әбден батқанда шарасыз күйге түседі. Немесе опасыздық жасаған күйеуінен осылай өш алғысы келеді. Ал балаларын бірге алып кетудің арғы жағында да «өзіне қорған бола алмағандар, балама да қорған болмайды. Анасы секілді жақсы көріп, махабаттына бөлей алмайды» деген ойда болады», – дейді маман. Алматыда үш бірдей баласын тоғызыншы қабаттан лақтырып, артынан өзі секірген ананың әрекетін әлеумет әртүрлі қабылдады. Бірі әйелдің әрекетін сынаса, енді бірі әйелі мен баласына қорған бола алмаған күйеуін, үшіншілері жантүршігерлік қылмысты жоқшылықтың салдарынан іздейді. Жүрек сыздады, көзден еріксіз жас төгілді. Қабырғамыз қайысып, өкініштен өзек өртенді. Қалай десек те, өзін-өзі ғана емес, туған баласын өлімге қиған ананың әрекеті ақтауға тұрарлық емес. Бұл оқиға бірінші емес, өкініштісі, соңғысы да болмауы мүмкін. Тірілер қайтыс болғандардың көзін жұмса, өлгендер тірілердің көзін ашса, қане.Жадыра МҮСІЛІМ