Қазақстандағы қымбатшылыққа ішкі нарықтағы тауар жетіспеушілігі бірден-бір себеп болып тұрғаны елдің бәріне аян. Импортқа тәуелділіктің салдарынан коронадағдарыс кезінде тұтынушыларға Қытай, Ресей сияқты көрші ел өнімдерін жеткізе алмай әлекпіз. Бұл мәселені билік те мойындап, сарапшылар да растап отыр.
Тонналаған тауар бүлінді
Сонымен өткен айда Қазақстан-Қытай шекарасында тұрып қалған вагондардың елге уақытылы жеткізілмеуі халықаралық тасымалдаушыларды қатты алаңдатып тастады. Сол себепті күн сайын шығынға батып жатқан 24 ірі логистикалық компания өкілдері биліктен Майқапшағай және Қалжат кеден бекеттерін іске қосуды сұрады. Бірақ ол талапқа елдегі құзырлы органдар тарапынан нақты жауап айтылған жоқ. Бұл келеңсіздіктің кәсіпкерлерді шығынға батырғаны айтпаса да түсінікті. Ал содан бері халықаралық логистикалық компаниялар Үкіметке үн қата алмай дал.
Еске сала кетсек, шекарадағы 7 мыңдай вагонның 300-і 15 қазанға дейін елге жеткізілуі керек болған. Алайда Қытай тарапы ол келеңсіздікке карантин шараларын желеу етуден танбады. Тіпті, автобекеттегі тасымал да қиындап кеткендіктен, тасымалдаушылар Қытай жаққа өте алмай, дағдарып қалды. Соның салдарынан қадағалаусыз қалған тонна-тонна тауар бүлініп тынды. Оған қоса айдалада айлап тұрған мүлікке қол салатындар да көбейген. Қытайлық брокерлер де «жығылған үстіне жұдырық болып», кедендік қызмет құнын 25 есе арттырып жіберді. Нақты айтқанда, олар бұрын 1 мың доллар болған алымды 25 мың долларға бір-ақ көтерген.
Бұл ретте кәсіпкерлерді Еуропа мен Азияға қатынайтын вагондардың емін-еркін өтуі ойландырып отыр. Енді Қазақстан үшін Майқапшағай, Қалжат кеден бекеттерін ашуда уақыт оздыруға мүлде болмайды. Себебі олар біздің 200-ге жуық импорттаушы кәсіпорынмен келісімшарт жасасқан. Оның көбі тендермен айналысады. Тауар сатып, күн көріп отырғандары да баршылық.
Мәселе оңтайлы шешілмесе, бір емес, екі емес, тіпті жүздеген емес, бақандай 7 мың вагон өнімнің түкке де қажетсіз болып қалуын елестете беріңіз... Өйткені сол шығынға қарай баға да өсіп, қарапайым тұтынушының қалтасын бұдан әрі қаға беретіні сөзсіз.
«Жаз бойы тауарға жіберген вагондарымыздың бірі де қайтарылмады. Автобекеттен де қайыр болмай тұр. Қытайлық тарап экспорттық декларацияны беруді қойды. Мұндай жағдайды пайдаланбақ болған пысықайлар да бар. Олар жүк көліктерімізді ерте қайтаруға көмектесеміз деп, 25 мың долларға дейін ақы сұрайды. Үкіметке біз шыға алмаймыз. Ал «Қазақстан темір жолы» мәселені шешеміз деп әлі жүр. Біз бұрын өзге тасымалдаушылармен бәсекелес болсақ, қазір мұңдас болып қалдық. Бәріміз де тауар тапшылығына тап болатынымызды сеземіз. Менің 15 вагоным шекарада тұр. Миллиондаған шығынға баттым. Ал кәсіпкерлер бізбен байланысты үзіп жатыр», – дейді халықаралық логистикалық компания жетекшісі Бақтыбай Мырзатаев.
СІМ сынға ілікті
Сөйте тұра, қытай-қазақ шекарасындағы жағдайды Қазақстан Үкіметі форс-мажор деп бағалады. Ал шекарада шетқақпай болудан ығыры шыққан Бақтыбай Мырзатаев мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерге тиісті жағдай жасауға асықпайтынын айтып қалды. Аз уақытта дайындалуы қажет құжаттардың соңынан қазір бір ай жүгіру керек екен. Сондай-ақ тағы бір логистикалық компания жетекшісі Еркін Хамит бұл мәселемен шілдеден бері бетпе-бет келген болып шықты. Оның айтуынша, Қытайда тауар қымбаттамаған. Бірақ біздің елге тиімсіз бағада келетінін көріп жүрміз. Әрі жүктің мерзімінен кешіктірілуінің кесірінен тасымалдаушылар көптеген клиенттен айырылып жатыр.
Бұл ретте мемлекеттік аппарат ішіндегі байланыс пен өзара ықпалдастықтың әлсіз екенін де мойындау керек. Бұл туралы басқа емес, Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі айтты. Сол сәтте ол сыртқы саясатты «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сай жүргізіп, оның тиімділігін барынша арттыру мәселесін көтерді.
«Қазір Қазақстанның сыртқа бағытталған жұмысында біртұтас, жалпы мемлекеттік стратегия жоқ деуге болады. Бұл – жүйелі сипаттағы мәселе. Сыртқы істер министрі Үкіметте ерекше мәртебеге ие болып, Премьер-Министрдің орынбасары деңгейіне көтерілді. Осыған орай, Сыртқы істер министрлігі тығыз мекемеаралық үйлестіру жұмысын тиімді атқаруы керек», – деді Президент. Оның айтуынша, жекелеген мекемелердің мүддесіне басымдық беріліп жатады. Ал бұл дегеніміз – біраздан бері жалғасып келе жатқан теріс үрдіс.
«Соның кесірінен елеулі кемшіліктер болып жатады. Оған қоса, ұлттық мүддені қорғайтын кезде тиімді жұмыс атқарылмайды. Мысалы, қазір Жайық өзені тартылып барады. Қазақстанға жолданған жүк Қытай шекарасында тұрып қалады. Біздің кәсіпкерлеріміздің көрші елдер нарығындағы мүддесі ойдағыдай қорғалмай отыр. Осындай келеңсіздіктер халықтың тұрмыс сапасына және көңіл күйіне кері әсер етеді», – деді Президент.
Импорттың игілігін көру қиын
Экономист Мақсат Серәлінің пікірі Мемлекет басшысынікімен үндес. Арнайы хабарласқанымызда, ол шекарада шешімін күткен мәселенің карантин уақытынан басталған келеңсіздік екенін алға тартты.
«Ол келеңсіздік Қытайдың ішкі экономикасына әсерін тигізбейді. Ал біз сияқты шағын мемлекет үшін өте қатты ауыртпашылық. Соның ішінде қазір Қытайдан келетін тауарлардың басым бөлігі Қазақстанға кіре алмай, ішкі нарықта дефицит туындап отыр. Ондай жағдайда міндетті түрде бағаның өсуі пайда болады. Өйткені біз әлі күнге дейін импортқа тәуелді мемлекеттің қатарындамыз. Ауыл шаруашылығы, құрылыс материалдары, киім-кешек, тұрмыстық техника болсын, қай-қайсысын алсаңыз да, біздің ішкі нарығымызды негізінен Ресей мен Қытайдың қамтамасыз етіп отырғаны анық. Ал енді қазақстандық компаниялардың сыртқа экспорт жіберу мәселесіне келсек, Қытай экономикалық тұрғыдан сырттан тауар кіргізуді шектеп, өзінің ішкі нарығын қатты қорғап отыр. Себебі пандемия уақытында олардың да кәсіпорындары әлсіреп қалды», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, біздің кәсіпкерлер тауарларын шекарада бүлдіріп алмауды алдын ала жоспарлауы керек еді. Кедендік мәселе шешіліп, Үкімет тарапынан толыққанды сенім болған кезде ғана экспорттауы тиіс болатын.
«Енді «Атамекен» ҰКП Үкіметке осы мәселені бірігіп шешуді жолдады ғой. Түйткіл жаңа жылға дейін шешілмесе, одан әрі ауырлай түсетіні айдан анық. Өйткені ішкі тауар дефициті қайта туындайды. Ол Үкіметке де ыңғайсыз жағдай. Енді билік тарапынан Қытай билігімен келісімге келу ғана қалды. Олар Қазақстан тауарын ала ма? Алмайтын болса, оны да ашық айтсын», – деп отыр Мақсат Серәлі.
Сонымен қатар ол ішкі нарықты қыста бақша өнімдері, экзотикалық жеміс-жидекпен де өзіміз қамтамасыз ете алмай отырмағанымыздың салдары ауыр екенін жеткізді. «Мына тұрған Өзбекстаннан, жетпей қалғанын Қытайдан тасымалдап отырмыз. Ал ол биылғыдай келмей қалып, шекара маңында бүлініп жатса, тағы да қымбатшылыққа ұрынған үстіне ұрына түсеміз», – дейді экономист.