Вакцинаның үшінші дозасын алуға кімдер міндетті?
Вакцинаның үшінші дозасын алуға кімдер міндетті?
Фото: Рerm.aif.ru
379
оқылды

Қазақстанда 20 қарашадан бері ревакцинациялау бастады. Коронавирусқа қарсы вакцинаның үшінші дозасы туралы не белгілі? Кімдерге үшінші дозаны алу керек? Антидене тестін тапсыру тиімді ме?

Кімдер ревакцинациядан өтуі керек?
Вирусолог Әсел Мұсабекованың айтуынша, халықтың кей топтары үшін ревакцинаның қажет екенін дәлелдейтін ғылыми негіздеме бар. Олар иммунитеті төмен, денсаулығы үнемі бақылауды қажет ететін адамдар. Олардың қатарына 60 жастан асқан қарттар, АИТВ жұқтырған адамдар, органын ауыстыратын адамдар немесе онкологиялық аурумен ауыратын және тағы басқа иммунитеті төмен адамдар санатындағылар. Бірақ вакцинаның үшінші дозасын алғысы келетіндерге шектеу жоқ. Вакцинаны толық алған соң 6-9 айдан кейін үшінші дозаны алуға болады.

Вакцинаның үшінші дозасын қашан алу керек?

"Үшінші дозаны алудан ешқандай қауіп жоқ. Бұл тұста вакцинаның тиімділігін ойлау керек. Ол тиімді болуы үшін дозалардың уақыт интервалын сақтау өте маңызды. Мысалы, вакцинаның толық курсын алып, 3 айдан соң үшінші дозаны алсаңыз, ол - тиімсіз. Сондықтан кем дегенде 6 айдан соң, дұрысы 9 айдан соң ғана келісі дозаны қабылдаған жөн", -дейді Әсел Мұсабекова.

Үшінші дозаны алу үшін антиденені тексерту керек пе?

Маманның айтуынша, қазір антидене тестін тапсырудың қажеті жоқ. Керісінше, тест тапсыруға барып, басқа вирус жұқтырып алу қаупі жоғары. Егер вакцинаның үшінші дозасын алғыңыз келсе, толық курсын қай уақытта алдыңыз, соның уақытымен есептеу жеткілікті.
"Сізге үшінші дозаны алудың қажеті бар ма, жоқ па, оны өзіңіз саналы түрде шешуіңіз керек. Мысалы, кей адамдар вирус жұғу қаупі жоғары жерде жұмыс істеуі мүмкін немесе айналаңызда көп адам вирус жұқтыруы мүмкін. Кейбір адам өзінің иммун жүйесінің әлсіз екенін білсе, үшінші доза алудың әбестігі жоқ. Осы тұста, дәрігерлер бірінші кезек алуы керек дегені осыған байланысты. Себебі олар науқастармен тікелей байланыс жасағасын, вирус жұқтыру қаупі жоғары", – дейді вирусолог.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, ревакцинациядан әуелі мына топтар өтуі тиіс:
  • Медицина қызметкерлері, педагогтер, күштік құрылым өкілдері, жергілікті өзін-өзі басқару және жабық мекеме қызметкерлері;
  • 60 жастан асқандар;
  • Коронавирусқа қарсы антиденесі қалыптаспаған азаматтар;
  • Коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын алса да, Covid дертімен ауырғандар.
Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетованың айтуынша, дәл қазір ревакцинация міндетті емес, ерікті түрде жүреді. Оның айтуынша, елде ревакцинация науқанын жүргізу шешімін Денсаулық сақтау министрлігі мен Халықты иммунизациялау комиссиясы қабылдаған.