Қар астында ашық жатқан құдық көп
Қар астында ашық жатқан құдық көп
508
оқылды
Құлқынның құлы көбейген заманда елеусіз нәрседен де қауіп-қатер мен үрей көп. Қазір әр қалада жол бойында ашық жататын құ­дық­тар аз кездеспейді. Елордадан да көп ұшыратасыз. Оң-солын білмейтін бала түгілі, ересек адамның өзі құлауы мүмкін. Қар жауғалы аңғарылмай қалатын ашық құдықтан қауіп көбейді. Біреу үшін олжаның, біреу үшін ажалдың апанына айналған кәріз құдықтары жайлы көп айтылып жүр. Бірақ елеусіз мәселе шешімін табар түрі жоқ.

Өткеннен сабақ алмадық па?

Қалың қар жауғаннан-ақ ашық жат­қан құдықты көзі бар жанның өзі көруі неғайбіл. Қазір мектепке қа­тынайтын баласы бардың қор­қы­ны­шы үдей түсті. Себебі ашық жат­қан кәріз құдықтары жетерлік. Жұрт әлеуметтік желіде жарыса жа­зып жатыр. Өз көзімізбен де көр­дік. Мысалы, астанадағы А.Бө­лек­паев көшесінен – 1, Қабанбай батыр 48 мекенжайындағы тұрғын үй­дің жанында 2 құдық ашық жат­қанын аңғардық. Бұл маңнан адам көп өтеді, бала да. Ал соның бірі бол­маса бірі сол құдыққа ұрынбайды деп ешкім кепіл бере алмасы анық. Осы­ған дейін құдыққа құлап, мерт бол­ған бала аз емес. 2018 жылы елор­дада мектеп оқушысы А.Маратова Қошқарбаев көшесіндегі құ­дық­қа құлап, көз жұмды. Оның өзін­де бір тәулік табылмай, құдыққа та­ғы бір бала құлап, астында екінші адам­ның денесі жатқанын байқаған соң анықталды. Бүтін елді дүр­лік­тірген тағы бір оқиға – 2019 жылдың б­а­сында болғанын білеміз. 13 жа­с­та­ғы бала 3 күн бойы жоғалып ке­тіп, денесі ашық жатқан құдықтың іші­нен табылған болатын. Сол кезде ел шулап, осы мәселені түбегейлі ше­шуді сұраған. Әкімдер құдық­тар­ды күнделікті тексеріп тұруды нық­тап тапсырған еді. Дегенмен өткен оқи­ғалар сол күйі ұмытыла бас­та­ған­дай. Ал тұрғындардың ішінде жа­қы­ны осындай оқиғаға ұшыра­ған­нан кейін үрейленіп жүретіндер бар. – Осыдан 3 жыл бұрын сіңлім көз жұмды. Елордадағы ашық жат­қан құдықтардың біріне құлап, мерт бол­ған. Әр жыл сайын ашық құдық­тар­ды көргенде, ел айтып жатқанда, осы мәселенің шешілмейтінін тү­сін­дік, – дейді Әсем Смағұлова. Кейде жұрт айтып жүретін «біреу құлап өлмесе, әрекет етпейдінің» кебі еске түседі. Бас қаланың жұрты осы мәселені көтеріп жүрген соң қа­­­лалық әкімдікке хабарласып, мән-жайды білмек болдық. Нұр-Сұл­тан қаласы әкімінің баспасөз хат­шысы Ақмарал Олжабаева тұ­рақ­ты тексеріс жүргізіліп жатқанын жет­кізді. – Ашық қалған құдықтарға қа­тыс­ты өтініштер iKOMEK 109 бірың­ғай байланыс орталығына ке­ліп түседі. Кәріз құдығының қақ­пағы жоқ екенін көрген тұрғындар осы арқылы байланысқа шығып, ес­кертсе болады. 24 сағат ішінде қақ­пағын бекітіп кетуі тиіс. Жыл ба­сынан бері қалада 2 адам құ­дыққа құлаған, адам өлімі жоқ. Қа­зір құ­дыққа жауаптылар тұрақты не­гізде тексеру жүргізіп жатыр. Оған Полиция департаменті де жұ­мыл­дырылған, – дейді ол. Биыл мамырда елорда тұрғыны Алуа Қалиева жүргіншілер жолағы бойындағы ашық жатқан құдыққа құ­лаған. Абырой болғанда, аман қал­ды. Бірақ аяғына зақым келіп, ар­баға таңылған. Осы жауапсыздық үшін әйел өтемақы талап еткен екен. Бірақ өтемақы төлемек түгілі, жауаптылар құдықтың бетін де жаппаған. Әкімдік «Астана су арнасына», олар жолға жөндеу жүргізген құры­лыс компаниясына сілтепті. Айналып келгенде, жауапкершілікті ешкім алмайды. Жауаптыны тап­қан күннің өзінде әйелдің құдыққа құ­лағанын дәлелдеу қиын екен.

Құдық қақпағын кім ұрлап, қайда сатады?

Бір ғана елорданың коммунал­дық кәсіпорындарының балансында жалпы саны 100 мыңнан аса құ­дық бар екен. Барлығы өзіндік тех­­­­никалық сипаттарға ие. Ең қауіп­тісі – терең құдықтар. Қауіп­сіз­дігін сақтау жұмыстары құдық­тың орналасу жері мен қолданылуы­на қарай жүргізіледі. Ал жабулы жатқан құдықтың шойын қақпағын көбіне үйсіз жүрген адамдар алады екен. Әкімдік келтірер дәйектің са­ры­ны осы. Кейін шойын қақпақты металл қабылдайтын орындарға апарып сатады. 2019 жылы астанада шамамен 90 металл қабылдау орны анықталған, оның 30-ы заңсыз қыз­меті үшін жабылған. Қазір бұдан бір­неше есе көп болуы мүмкін. Се­бебі «темір қабылдаймыз» деген же­­­­лідегі жарнамадан көз сүрінеді. Осы күні темірдің әр келісі 90-100 тең­геден саудаланып жатыр. Бір қақ­пақтың салмағын орташа есеппен 20 келі деп қарасақ, әрі кетсе 2000 теңгеге бағаланады. Аса көп қар­жы емес, бірақ қақпақты кәсіпке айналдырғандар көп. Мәселен, 2018 жылы 12 кәріз құдығының қақпағын ұрлап, базарға апарып сатқан 43 жастағы қала тұрғыны ұсталған. Қақ­пақ ұрлаумен айналысқан қыл­мыстық топ та әшкере болды. Заң­ды түрде жұмыс істейтін металл қа­былдаушылар кейде зират қор­шауын, кабель мен кәріз қақпағын алудан бас тартады. Сондықтан топ мүшелері кәріз қақпақтарын металл сынығына айналдырып өткізген. Осыдан кейін біз металл қабыл­дау­шыларды шола бастадық. Сәкен есімді азаматты тауып, қолымызда екі кәріз қақпағы барын, қанша тең­геге алатынын сұраған едік. Бі­рақ ол мұндай темірлерді алмайтынын айтып, басын ала қашты. «Люк­терді мүлде алмаймын» деп қыс­қа қайырды. Бәлесінен аулақ дей­тін болу керек, көп металл қа­был­даушылар осылай айтады. Шама­сы, кәріз қақпағын саудалау біз болжағандай ашық емес, жасырын жолмен жүзеге асады-ау. Ал шойын қақпақты ұрлаған­дар­ға Қылмыстық кодекстің 188-ба­бы (ұрлық) бойынша жаза қара­лад­ы. Баукеспе 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Нұр-Сұлтанда 2019 жылдың 16 ақ­панында Железнодорожный кен­ті Горький көшесі №22 мекенжайында «Астана су арнасы» МКК қара­ма­ғындағы «1 100 орындық мектеп» нысанының жабусыз жат­қан кәріз құдығына мектеп оқушы­сы құлап, мерт болды. Арада 2 жыл өткен соң, биыл ғана қаланың Алматы аудан­дық №2 соты «Астана су арнасы» МКК кәріз қызметінің басшысы В.Вла­сенконы «абайсызда қазаға ұшы­рату бабы» бойынша айыпты деп таныды. 6 миллион теңге айып­пұл­мен құтылды. Бір қарағанда ашық жатқан құдық мәселесі шу шы­ғарардай емес, көз үйренген қарабайыр дүние сияқты. Алайда кей құлаған адамның өмірін жалмап жатқанда бейжай қарау мүмкін емес. Әсіресе, балалар мен қарт кісі­лерге қиын. Сондықтан тұрғын­дардың шыр-пыр болатын жөні бар.

Мадияр Төлеу