Жуалы жастарының жанайқайын кім тыңдайды?
Жуалы жастарының жанайқайын кім тыңдайды?
436
оқылды
Бүгінде еліміз спорттық держава ретінде әлемге танылғаны жасырын емес. Әсіресе, бокс, ауыр атлетика, шахмат, дзюдо сияқты спорт түрлерінен талайдың таңдайын қақтырып, әлемдік ареналарда атой салды. Бұл тұста толағайларымыздың дені ауылдық жерден шығып жатқанын айта кеткен жөн. Десе де, кейбір жампоздарымыз жоғары жетістіктерге жетіп жатса да, шетқақпай көріп жатқаны жанды ауыртады. Міне, осындай таланттардың шоғыры топтасқан Жамбыл облысы Жуалы ауданы жастарының да жанайқайын тыңдайтын жан болмай тұр. Әңгіменің әлқиссасын әріден бас­та­сақ, осыдан бес жыл бұрын Батыр Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамған Жуалы ауданында ережесіз жекпе-жек спорт клубы құрылған болатын. Сол жылдан бері WFA – World Fighters Arlan клубы талай талантты жастарды шыңдап, әлемге танытты. Клуб президенті Азат Шынғазының айтуынша, бүгінде мұнда жаттығып жүрген 35-тен астам жастың арасында Қазақ­стан, Азия және әлем чемпиондары бар. Ал спортшы ұл-қыз­дар­дың жасы 5 пен 30 жас аралығында. Ең ал­ғаш Тараз қаласында түндігін түр­ген додаға команда ретінде 30 баланы әкелсе, соның 28-і жеңіс тұғыры­нан көрінген. Алайда осындай толайым табыстарына қарамастан клубқа билік тарапынан ешқандай қол­дау көрсетілмей, бүгінде олар жарыстарға өз қаражаттарына баруға мәжбүр. – Клубты ашпай тұрып, жергілікті әкімдіктен де, жоғары жақта­ғы биліктен де көмек сұрадым. Алай­да ережесіз жекпе-жек Олим­пиада­лық спорт түріне кірмейтіндіктен көмек бере алмайтынын айтты. Қазір менде бір отбасынан 2-3 бала келіп жаттығып жүр. Ал ата-ана жарысқа бір баласына ғана ақша тауып беріп жібере алады. Екіншісі­нің бабы келіп тұрса да, қаржы қол байлау болып жарысқа бара алмай қалады. Бапкер болғаннан кейін балалардың жарыстан қалмауы үшін барымды саламын. Бірақ бәріне бірдей менде жеткізе алмай жатырмын, – дейді Азат Шынғазы. Қаржыдан қысылғандарына қарамастан ата-аналардың қолдауы­мен клуб спортшылары жақында Қырғыз Республикасы мемлекетінде өткен әлем чемпионатына қаты­сып, Нұрғиса Анарбек екі аталым бойынша бірінші орынды, ал Нұрғазы Шынғазы үшінші орынды жеңіп алған. Альриза Есжанова, Балауса Рысқұлбек, Виктория Ходарина, Нұрғиса Анарбек, Еркебұлан Исламғали, Азат Шанғазы мен Дастан Амалбеков болса, келер айда Ресей мемлекетінде өтетін әлем біріншілігінің жолдамасын еншілеген. Алайда ел мен өңір намысты қолдан бермеген жерлестеріміз ол байрақты бәсекеге бара алмайын деп тұр. Себебі тағы қолдау мен қаржы жоқ. – Клубта болашағынан үміт күттіретін жастар көп. Пандемия уақытында жаттығу залымыз жабық болғанымен қазір тіршілік қайта қайнап тұр. Күні кеше ғана Қырғыз елінде өткен айтулы аламанда тағы атой салдық. Қазір Ресей мемлекетінде өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатқанымызбен жа­рыс­қа бару үшін қомақты қаржы керек болып тұр. Демеушілерді өзі­міз де іздеп көрдік. Жуалы аудандық спорт бөліміне қажетті құжаттарды өткізіп, қолдау көрсетулерін өтіндік. Алайда ешқандай жауап жоқ. Күн өтіп жатыр. Ал жарыс келер айдың 11-ші жұлдызына белгіленген, – дейді облыстық UWW грэпплинг федерациясының директоры Анжела Исмаилова. Міне, осылайша жасындай жар­қылдаған жуалылық жастар қаржы мен қолдаудың жоғынан сөнгелі тұр. Клуб басшылығы жоғары жаққа қанша хат жолдап, табалдырықтарын тоздырса да, ешбірі көмек қолын созбағаны таңғалдырады. Күні кеше Жуалы ауданының әкімі Олжас Қаржауов келер жылы демеушілер есебінен көмек беруге уәде етіпті. Әкім уәдесінде тұрды дегеннің өзін­де бұл келер жылы бітетін шаруа. Ал желтоқсан айында Ресей елінде өте­тін әлем чемпионатына жастар қалай барады? Шындығына келгенде дәл осындай талантты жастарға талайлар жете алмай жүр. Ал біз болсақ қолдағы бар­ды бағаламай отырмыз. Қай спорт түрі болмасын, жампоздарымыз ең бірінші ел намысы үшін шаршы алаңға шығады ғой. Ал «елім» деп тұрған ерлеріміздің неге белін бумай, бетін қағудамыз? Түптеп келгенде, дәл осы клубтың жұмысына көп қаржы кетпейтіні анық. Спортшылар ғимарат немесе материалдық базаны нығайтып беруді емес, тек жол шығынын өтеп беруді сұрап отыр. Ел намысын қорғап жүрген спортшыларға ең болмаса осындай қолдау білдіре алмасақ, спорт саласына жылда бөлінетін миллиардтаған қаржыдан не пайда?

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы