Іс қағаздарды алғаш рет мемлекеттік тілге көшірген
Іс қағаздарды алғаш рет мемлекеттік тілге көшірген
©ruh.kz
336
оқылды

Шымкент қаласының тұрғыны жазушы, журналист, публицист, қоғам қайратакері Мархабат Байғұт тек оңтүстік өңірінің ғана емес, республика мақтанышы. Көркем сөз бен көсем сөздің шебері, қаламы жүйрік талантты сөз зергері өзінің жеке шығармашылығымен ғана айналысқан жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елдік құндылықтарды сақтап қалуға едәуір үлес қосты. Біз ол кісіден  осынау жылдардағы естелікпен бөлісуін сұрағанбыз.

– 1991 жылы 16 желтоқсанда Тәуелсіздікті «Жібек Жолы» журналының кезекті санын әзірлеп отырып қарсы алдық. 1990 жылы қалыптасқан қиын жағдайға байланысты жазушылардың облысаралық бөлімшесі тараған соң өңірде оның бөлімшесін сақтап қалмақ ниетпен ақысыз жұмыс істеп жүргенбіз. «Жібек жолы» журналын шығару да осы кезде қолға алынған еді. – Аға естуімізше Тәуелсіздік алғаннан кейін өңірдегі алғаш ашылған ішкі саясат бөлімін сіз басқардыңыз. Жаңадан құрылған бөлімді жасақтау, құрылымды жүйелеу қиынға түспеді ме? – Иә, Тәуелсіздіктің екінші жылында 1992 жылдың ақпан айында әкімдік басқару жүйесі, сөйтіп облыс әкімдігі құрылды. Шымкент облысына Марс Үркімбаев алғаш әкім болып тағайындалды. Сол кісі  көп ұзамай ішкі саясат бөлімі ашылатынын, мені меңгерушілікке ұсынып отырғанын жеткізді.  Күтпеген ұсынысқа тосырқай қарап ойланайын дегенімде бір күн ғана мұрсат берді. Осылайша аппаратта ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болып шыға келдім. Идеологиялық жұмыстың бәрі осы бөлімге жүктеледі. Осы кезде ішкі саясат бөлімі республикада екінші болып ашылыпты. «Қанша адам сұрасаңыз да береміз. Бір айда барлық жұмыстың бағдарламаларын, бағдарын  жасап, стратегиялық жоспар құрып, мамандарды жасақта» деп тапсырма берді Марс Фазылұлы. Кураторлықты тікелей өзі алып, қадағалады. Іске кірісіп кеттік. Бір айдан кейін тұсау кесерін жасадық. Әкімнің өзі отырды. Бұл  тәуелсіз газеттер, тәуелсіз қоғамдық ұйымдар, партиялар құрылып, аштық жарияланып, пикет жасап митингіге шығап жататын өте қиын уақыт еді. Көпшілігі осы жиынға қатысып, түрлі қитұрқы сұрақтар қойып жатты. Солардың арасында біреуі тұрып: «Сіз жаңа бөлімнің басына келіпсіз. Идеологияны әкімдік жүйе ұмытқалы көп болды. Ал енді идеологиялық жұмысты қалай, қай бағытта жүргізбекшісіз?» деді маған. Мен алғаш мүдіріп тұрдым да: «республиканың гимні бар, тәуелсіздік егемен ел болған соң гимнің мәтінін өзгерттік те әні сақталып қалды. Біз идеологиялық жұмысты тура солай жүргіземіз» деп едім үндемей қалды. Әсіресе облыс әкімі риза болып,  қол шапалақтап  жіберді. Сөйтіп жиынның соңында бөлімдегі 12 адамды шақырып алып, тағы да 3 адам қосып берді. Болжау және талдау секторын  құрамыз деді. Осылайша бөлімнің жұмысы жанданды. Тіпті Президент әкімшілігі мен Қазақстан Республикасы министрлер кабинеті де  жұмысымызды жоғары бағалады. 1993 жылы Ордабасыда 2 күн бойы  3 елдің Президенті қатысқан ұлы жиын болды. 20 мемлекеттің делегациялары келді. 150 мың адам қатысты.  Соны ұйымдастыруда біздің бөлім әжептеуір үлес қосты. – Іс қағаздарды мемлекеттік тілге көшіруде де өлшеусіз еңбегіңізді білеміз... – 1993 жылы тілдер басқармасы  құрылып, мені соның басшысы етіп жіберді. Осы кезде Іс қағаздарды мемлекеттік тілге көшіру кестесін республикада бірінші біз жасадық. Іс қағаздарды мемлекеттік тілге көшіру кестесін республикалық тіл комиеті бар өңірге үлгі етіп ұсынды. Оның төрағасы мықты журналист Сұлтан Оразалин болатын. Ол өте белсенді жұмыс істеп, бізді қолдап отырды. Ол кездегі облыс әкімі Зауытбек Тұрысбеков біз ұсынған кестеге батылдықпен қол қойды. Ал, аты дүркіреп тұрған «Караван» газеті осы үшін әкімді де, тіл басқармасын, яғни бізді де мықтап сынады. Оған біз тайсалған жоқпыз. Себебі Сұлтан Оразалинге хабарласқанда ол «өсекті өлтіру үшін оны тыңдамау керек, сен оны оқыма. Жұмысыңды істей бер» деп шабыт берген болатын. Ономостикадағы жұмысымызды да айтып өтуге болады. Республика бойынша алдыңғы орыннан көрініп, бұрынғы отаршылдық тоталитаристік қоғамдық тұстағы атаулардың бәрін өзгерттік кой. Коммунизм, октябрь, колхоз, совхоз сынды атаулардың бәрін республикада бірінші болып тазарттық. Сырттағылар  қазақы  облыс болған соң бізге оңай деп ойлайды. Керісінше біздің де қарсыластарымыз көп болды. Атауларды өзгертуде көп қиындықтарға кезіктік.  Одан кейін ол атауларды өзгерте бастағанда өзіміздің қазақтар ата бабаларының аттарын, ауылдарға атасының, көшелерге көкесінің атын қою сәнге айналды.  Облыс әкімінің орынбасары ономистика комиссиясының төрағасы Дархан Мыңбай мен орынбасары болып екеуміз келісіп, комиссия мүшелерін көндіріп, аталарының атын қоюға мороторий жарияладық. Соны 4,5 жарым жыл ұстап тұрдық. Содан кейін бір беделді мәжіліс депутаты оңтүстік ауылдардың  біріне ата бабасының  атын қойып жіберді де, кейін көбейіп кетті ғой. Сондай тірліктермен айналыстық. Жалпы өңір атауларына  оңтүстіктің түлектерін, тарихи  тұлғаларын ғана емес, Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытов бастаған алаш ардақтыларының есімін көшелерге, мектептерге қоюға атсалыстық. Бастамалар көтердік.  Басқа облыстарға да оңтүстікте туып өскендерді есімін койдыруға әсер етуге тырыстық. Тіл басқармасының ақпарат және  қоғамдық келісім басқармасын басқардық. Таза ақпарат басқармасы құрылды.  Ол тікелей ақпарат министрлігіне бағынатын. Ол жерде де басшылық жасадым.  Барлығында да мүмкіндігінше Тәуелсіздікке қызмет етуге тырыстым. Мен 10 әкіммен жұмыс істедім.  Бәрінің сөзін жаздым, баяндамаларын дайындадым. Облыс әкімінің орынбасарларының, меңгерушліренің де сөздерін  жазумен айналыстым. Әрине,  өзімнің шығармашылығыма, көркем дүниелер жазуыма үлкен зиян келді. Бірақ маған сеніп тапсырғаннан соң елдің тізгінін  ұстаған азаматтар ғой деп солардың аузынан шығатын сөздерді жазғаныма өкінбеймін. Баяндамалар, сөздер, үндеулер, ашық хаттар та жаздым. Сөздерге, баяндамаларға әдейі Алаш қайраткерлері деген тіркесті қосып отырдым. Солардың дәйек сөздерін, цитаталарын енгіздім. Арасында сызып тастағандар да, ерекше ықыласпен тереңдеп оқитын әкімдер де болды. Ежелеп оқи алмайтындар да кезікті. 2008 жылдың 25 мамырында  63-ке толдым. Түске дейін тіл басқармасының басшысы болып отырдым, түстен кейін қызметімді бірден тапсырдым.  Түсқайта бірнеше жылдан бері қолқа салып жүрген жұмысқа келісім бердім. «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының  арнаулы тілшісі болып бекітілдім. Иә, ол кездері зейнетке шықса да лауазымынан айырылғысы келмейтіндер көп еді. Біраз қатарластарым ренжіп, «бұл жаман үлгі болатын болды» деп іш тартып та қалды.  Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тұсынды 2009 жылдан  бастап 9 жылға жуық «Ырыс алды ынтымақ» деген қоғамдық форумды жүргіздім. Оның алдында «Ұлысымның ұйытқысы Оңтүстік» деген акцияның модераторы болған едім.  Сол сияқты қазір де «Түркістан төрінде» жобасының модераторымын. Әкімшіліктен кетіп қалсақ та жазып беріңізші, түзетіп беріңізші деп келетіндер әлі бар. Әлі де тәуелсіздігімізді баянды ету үшін қолымнан келгенін аямаймын. Осылай Тәуелсіздіктің 30 жылына өзіміздің көркем сөзімізбен қолымыздан келгенше үлес қостық қой деп ойлаймын. – Әкімшілік жүйеде жұмыс істей жүріп шығармашылығыңыздан алыстап қалған жоқсыз ба? Кітаптарыңыз жарық көрді ме? – Шүкір кітабым жаман шыққан жоқ. Кейде жыл сайын, кейде жыл аралатып шығып тұрды. Тәуелсіздік тұсында қаламақы берілмейтін болды. Соған қарамастан баспалардың сұранысы бойынша кітабымды шығаруға жіберіп тұрдым. Сосын менің әңгіме, повестерімнің көпшілігі негізінен осы өтпелі кезеңнің қиындықтары, тәуелсіздің тұсындағы ауыртпашылықтар,  адамдардың мінездері туралы болды. Сондықан баспалар да ықыласпен шығарады. Таңдамалының 3, одан соң 7 томдығым шықты. Жеке жеке әңгімелер, публицистикалық жинақтарым жарық көрді. Әрине, әкімшілік жұмыс болмағанда бұдан екі есе жазуға мүмкіндігім болар еді. Бірақ оған өкінбеймін. Елбасымен шамамен 9 рет кездесіп, 6-7  рет алдында сөйледім. Елбасы туралы біраз жазғаным да бар. «Тұңғыш», «Сәби күлкісі сақталған кісі» деп жаздым. «Түркілер төрі  Түркістан» деген кітабым жарық көрді. Ол «Жібек жолы бойындағы 100 қала» дейтін халықаралық  жоба аясында шықты. Жобаға Қазақстаннан  3 қала енді. Соның бірі Түркістан туралыны мен жаздым.  Қазір қытай тіліне аударылып әлемдік  кітап көрмесінде тұр деп осыдан 3 ай бұрын хабарлаған. «Түркі әлеміне қызмет» деген сыйлық берді. Одан соң озық 30 жазушының құрамына кірген болатынмын. Жалпы Тәуелсіздік берген жемістер де, жетістіктер де көп. – Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы.