Ақ бас сиырдың атағын аспандатқан азамат
Ақ бас сиырдың атағын аспандатқан азамат
409
оқылды

Кәсіпкер Қуаныш Сүлейменовті өзінің туып-өскен мекені Жарма ауданы ғана емес, облыс жұртшылығы жақсы біледі десек, артық айтпаған болармыз. 

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының 2017 жылғы жеңімпаздарының бірі, облыстық мәслихат депутаты, «QAZAQ AQBAS» республикалық палатасы директорлар кеңесінің төрағасы, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісінің иегері бүгін­де қазақтың ақ бас сиырын өсі­ру­мен шұғылданатын Жарма ауданындағы «Шалабай» ЖШС-нің бас директоры қызметін атқарады. Екі жүзге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған ша­руа қожалығында қазір 3 мың­ға тар­та асыл тұқымды тү­лік өсі­рі­луде. Жұмысшыларға да бар­лық жағдай жасалған. Мұн­да­ғы жұмысшылар күн­діз мал жайса, кешке бильярд ой­найды. Бұл туралы сәл кейінірек. Әрине, біздің кейіпкеріміз мұн­­дай жетістікке бірден қол жет­­кіз­бегені анық. 2017 жылы «Қа­зақ­­станның 100 жаңа есімі» жо­басының жеңімпаздарымен бірге Ел­басымен кездескен кәсіпкердің ауыл шаруашылығы саласына ұстаздықтан келгенін біреу білсе, біреу білмеуі де мүмкін. Қуаныш Сүлейменов неге мұғалімдікті тас­тап, кәсіпкерлікке, кәсіпкерлік бол­ғанда ата кәсіп мал шаруа­шы­­­лығына біржола бет бұрды? Мұ­­ның да өз себебі бар екен. «Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында, яғни, тоқ­­саныншы жылдар ортасында кеңшар құлап, ауылдағы ша­руа­­шылықтар тарап кеткен еді. Жұ­­мысымды 2000 жылдардың басында тарих пәнінің мұғалімінен бастадым. Ауылдан бәрі көшіп кетіп жатты. Шалабай ауылындағы 2 мың адамнан 4 жылдың ішінде 1100 тұрғын ғана қалды. Мектептегі 300-ден астам оқушы 130-140-қа дейін түсті. Кіндік кескен мекеніміз көз алдымызда қирап, күннен-күнге ажары кете бастады. Қа­зақ­тың атақты ақ бас сиырының ота­ны са­налған, кезінде 8 жарым мың­­ға дейін Қамбар ата түлігін өсір­­ген Шалабайда бірде-бір асыл тұқымды мүйізді қалмады. Осы жайт жаныма қатты батты. Сөй­тіп жүргенде бір күні «Қазақ­стан инвестициялық қоры» АҚ президенті Зейнолла Кәкім­жа­нов­тың «Экспресс-К» газе­тінде жа­рияланған сұхбатын оқыдым», – деп бастады әңгі­ме­сін бұрынғы мұғалім, бүгінгі кәсіпкер. Расында, бұл сұхбат кейіп­ке­ріміздің ғана емес, кезінде атағы дүркіреген Шалабай ауылының да өміріне өзгеріс әкелерін ол кезде ешкім де болжамаған болар. Содан не керек, құрып кеткен ақ бас сиырды қайта қа­лпына келтіру үшін инвестор таппай аһ ұрып жүрген Қуаныш Сүлейменов атал­ған газет арқылы Қазақстан инвестициялық қорының басшысына хат жазады. Бір жарым жылдан кейін көмекшісі хабар­ласып, З.Кәкімжановпен кез­де­сіп, сол кісінің қолдауының ар­қа­сында «Шалабай» мал тұ­қымын асылдандыру зауытын қалпына келтіруге кірісіп ке­теді. «Ол кезде ауылда мектеп директоры едім. Қазақстан инвестициялық қорының басшысы қазақтың ақ бас сиырын қайта қалпына келтіремін, туған ауылыңның туын биік көтеремін, еңсесін тіктеймін десең, мек­тептегі жұмысыңды таста, бірың­ғай осы іспен шұғылдан», – деген соң мектептен кетуге тура кел­ді. Ұйғарымымды мектептегі  әріптестеріме айттым. Ол кезде ара­мызда бір зоотехник, бір мал дәрі­гері жоқ. Жігіттер қолдады. «Барайық, көрейік» деді. «Туған жеріміз, өскен мекеніміз. Ата-ба­баларымыз осында жатыр. Ауыл­дың тарағаны біздің де жаны­мызға батып жүр», – деді. Сөйтіп, кірі­сіп кеттік. Жұмыс нәтиже бе­ріп, 2006 жылдың қазанында Ұлан ауданындағы «Багратион» ша­руа қо­жалығынан 155 бас қа­зақ­тың ақ бас сиырын сатып ал­дық. Осы­л­ай­ша «Шалабай» мал тұ­қы­мын асылдандыру зау­ыты­ның қайта өркендеу дәуі­рі басталды», – дейді Қуаныш Сүлейменов. Елмен бірге қиындық кешіп, елмен бірге сол қиындықты еңсерген кәсіпкер бүгінде Шалабай халқы­ның жағдайы жақсарғанын, 1100 тұрғынның саны 1600-ге жуық­тағанын, қазір ауылда сатылатын үй емге табылмайтынын айтады. «Жұмысшылар күндіз мал жайса, кешке бильярд ойнай­ды» дедік қой жоғарыда. Ол рас. Мұнда малшыларға арнайы жатақ­хана салынған. Жатақхана деген аты болмаса, кешеннің ішін­де монша да, сауна да, бильярд та бар. Жантайып жатып кино көремін десеңіз де еркіңіз. Шалабайлық малшылардың «Жұ­мыста емес, шипажайда жүр­міз» дейтін әзілінің бекерге айтыл­мағанын осыдан-ақ аңғаруға болатындай. Қ.Сүлейменовтің сөзіне сенсек, бұл демалыс үйлері Аргентина мен Жапониядағы үйлердің үлгісінде салынған. Күз бен қыста жұмысшылар тұратын жатақхана 2015-2016 жылдары жаз уағында лагерьге айналдырылып, Жарма ауданындағы әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары тегін тынығып қайтыпты. Туған ауылынан кіндік үзбеген азамат өзі оқып, білім алған, ұстаздық қызмет атқарған мектебін де назар­дан тыс қалдырған емес. «2013 жылы ауылдағы мектепке бар­дым. Байқасам, 5-ке оқитын балалардың саны азайып, 20-ға түсіпті. Со­­сын мектеп директорына «Үздік оқитын оқушыларды жыл со­ңын­да, яғни соңғы қоңырауда ақ­шалай сыйлықпен марапаттап отыр­­сақ қайтеді. Оны жыл басында өздеріне ескертіп айтып оты­райық» деген ұсыныс айттым. Міне, 5 жыл ішінде үздіктер саны 20-дан 67-ге дейін жетті. Үлкен қа­ла­ларда мүмкіндік көп қой. Үйір­ме де көп. Ауыл балаларының оқу­­ға деген ынтасын арттыру мақ­са­тында осы істі қолға алдым», – дейді кәсіпкер. Осылайша Қуаныш Сүлейменов Жар­ма ауданындағы үш мектеп­тің (Ша­лабай, Бірлік, Әди Шәріпов ауылы) үздік оқитын оқушылары­на жыл сайын 15 мың теңгеден сый­ақы беріп келеді. Осының нәтижесінде аталған ауылдарда оқу­шылардың білім деңгейі бір­шама көтеріліп, Шалабай ҰБТ-дан ауданда көшбасшы елді мекендердің қатарынан көрі­ніп­ті. Кәсіпкер туған ауылынан кө­мегін аяған емес. Атымтай жомарт азамат Шалабайда 6 жарым миллион теңгеге хоккей корты мен жаттығу залын ашып, тойхана мен қатымхана салып беріпті. Мәдениет үйін салу үшін жобалық-сметалық құжат жасауға 12 миллион теңге бөліпті. Қазақ­тың ақ бас сиырының тұқымын қайта жаңғыртып, ауы­лын ажарландырған азаматтың тағы бір жоспары – Қамбар ата түлі­гінің санын 10 мыңға жеткізу. Бұл – алдағы 5-6 жыл мұғдарына межеленген шаруа. Дәл қазіргі уақытта ақ бас сиырдың өнімдерін жеке бренд ретіне саудаға шығару үшін сауда нүктелерін ашумен шұғылданып жатқан көрінеді. Туған жерден табан тайдырмай өсіп-өнген мекенін өркендетуге үлес қосып жүрген азамат Тәуелсіздіктің 30 жылында еліміздегі көптеген ауылдардың қайта жанданып, түлеп-түрленгеніне қуанады. «Туған жерді түлету – елін-жерін сүйетін патриот азаматтардың қо­лын­да. Туған жерге қыз­мет ету – перзенттік парызымыз», – дейді Қуаныш Сүлейменов.

Азамат ҚАСЫМ, Шығыс Қазақстан облысы