Лорд Дж.Уортон: Қазақстан мен Nur Otan бірге үлкен асуларды ала алады
Лорд Дж.Уортон: Қазақстан мен Nur Otan бірге үлкен асуларды ала алады
©The Telegraph
314
оқылды

Ұлт ретінде Қазақстан, көшбасшы партия ретінде Nur Otan күш біріктіру арқылы талай биіктерді бағындырып, ірі жетістіктерге жете алады. Бұл туралы Nur Otan партиясының Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты халықаралық форумда Ұлыбританияның Консервативтік партиясының өкілі, Лордтар палатасының мүшесі Джеймс Уортон мәлімдеді.

Шетелдік биік мәртебелі мейман республика мен жетекші саяси күштің болашақ перспективаларына қатысты пікірін білдірді. Оның байламынша, Қазақстандағы барлық саяси күштер мен партиялар қалыптасқан, тұғырлы, салмақты ұстанымға ие. Бұл – Елбасы жүргізген реформалардың жемісі, елдің тәуелсіздік жылдарындағы жетістігі. Уортон мырзаны әсіресе, билеуші саяси партияның алға қойып отырған мақсат-мұраттары тәнті еткен екен. «Олардың бәрі өршіл мақсаттар және оған қол жеткізуге Nur Otan-ның әлеуеті де, қабілеті де жететініне сенім мол. Қазақстанның да болашағы жарқын. Бұл менің Қазақстанға тұңғыш сапарым және мен үшін бұл – үлкен құрмет. Сапарым барысында көрген-білгенім маған көл-көсір әсер етті. Азат жылдары еңсе тіктеген Қазақстан аймақ көшбасшысы атанып, өңірде ғана емес, халықаралық аренада барған сайын үлкен рөл атқаруда. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің көшбасшылығы арқасында көп іс тындырылғаны, ірі жетістіктерге қол жеткізілгені сөзсіз», – деді лорд Джеймс Уортон. Оның айтуынша, Елбасы келер ұрпақтар үшін жақсы болашақтың іргесін қалады. «Біз Nur Otan партиясы қол жеткізген прогресті көріп отырмыз. Қазақстанның бірқатар стратегиялық құжаттарымен таныстым. Мысалы, Елбасы дайындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары мемлекеттің болашақ даму көкжиегін кеңейтті. Біз бүгін Елбасының «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығы жайындағы сөзіне ден қойдық. Бауыржан Байбектің де 7 тұғырға қатысты пікірін білдік. Бұл – Қазақстанның бүгінін бекем ететін, болашағын нығайтатын ұстындар. Меніңше, әлемдегі кез келген мемлекет дәл осындай болашақты қалар еді. Мемлекеттік институттарға құрметпен қарау, нақты жоспарлар, сарабдал өзгерістер мен жаңғырулар, ұлттық эволюция жолы – осының бәрі Қазақстанның болашақ ұрпақтары үшін де қызмет ететін болады», – деді Ұлыбритания лорды. Ол тоталитарлық одақтан тәуелсіздік алған елде демократиялық және ұлттық құндылықтарға берік көшбасшы партияның құрылып, осы жылдар ішінде ілкімді прогресс жолымен өркендей алғанына қайран қалып, сүйсінгенін жеткізді. «Басқа да шетелдік спикерлер осындай тоқтамға келгеніне сенімдімін. Қазақ елі қонақжай, жайдары халық. Қазақстандықтардың тамаша әдептілігін, құндылықтарға беріктігін біліп, қатты қуандым. Бұл құндылықтар сіздердің болашақ жоспарларыңыздан айқын байқалады. Біз де Ұлыбританияда праймериз, ішкіпартиялық іріктеу өткізіп, сынап көрудеміз. Біз де Қазақстандағыдай реформалар жүргізудеміз. Демократия – ақырғы нүкте емес, үздіксіз жүретін үдеріс. Сіздердің демократия жолындағы осы саяхаттан сабақ алғандарыңыз қуантады. Бұл жаңа процестерде біз – сіздердің достарыңызбыз! Сіздерді осы саяхатта қолдағымыз келеді», – деді Лордтар палатасының мүшесі Джеймс Уортон. Ол Қазақстандағы гендерлік саясатты, әйелдердің саясаттағы рөлін эволюциялық түрде арттырудағы жетістіктерін атап өтті. «Бұл да мақтан тұтуға тұратын ілгерілеушілік. Қазақ қоғамында дәстүрлі түрде әйелдер маңызды рөл атқарғанын білемін. Сонымен бірге қауіпсіздікті сақтау, терроризм қатеріне бірлесе қарсы тұру, жаһанданудың сын-тегеуріндеріне қарсы іс-қимыл секілді салаларда елдеріміз ынтымақтаса алады. Қазіргі жағдайда төл құндылықтарымызды және өз халқымызды қорғауға тиіспіз. Қазақстан өте бай тарихтың мұрагері. Оның болашағы да сондай ұлы әрі жарқын болатынына сенеміз. Сіздер жаһандық әлемде өте маңызды рөл атқарып, лайықты орын иеленетін боласыздар. Елдеріміз арасындағы қарым-қатынас та тамаша, тығыз болады», – деп түйді Лорд Джеймс Уортон.
Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 29-30 қарашасында Нұр-Сұлтанда Nur Otan партиясының Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты халықаралық форумы өтті. Іс-шараға 600-ден астам шетелдік және отандық сарапшылар, саяси партиялардың, халықаралық ұйымдардың және 15 елдің, оның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Түркия, Әзербайжан және Орталық Азия дипломатиялық корпусының өкілдері сайлау жүйелерін дамытудың өзекті мәселелерін, заманауи электоралдық трендтерді, дәстүрлі және балама идеологиялардың келешегін талқылау үшін панельдік сессияларға қатысты.