Елдіктің қуаты – Елбасы феномені
Елдіктің қуаты –  Елбасы феномені
436
оқылды
Тәуекелге бел буып, ұлы қадамдар жасау жауапкершілігін өз мойнына алатын тарихи тұлғалар ұлт болашағын айқындайды. Өткен ғасырдың 90-жылдары Қазақстанның тізгінін ұстаған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қоғам мен мемлекетті жаңғыртып, жаңа биіктерге көтерген ірі бастамаларын қолға алмағанда, іргелі реформалар жүргізбегенде, Қазақстан қазіргі жетістіктеріне жетпеуі мүмкін еді. Бір ғажабы, халықаралық саясаттануда «Назарбаев феномені» деген ұғым ХХ ғасырдың соңында пайда болған. Елбасы Осыдан үш онжылдық бұрын қазақ елі қандай еді? Жұрты жа­ры­лыстан көз ашпаған, жері ядролық сынақтардан уланған ел еді. Ке­ңестен мұраға қалған, қуаты жө­нінен әлемде төртінші саналатын ядролық арсенал құт емес, кесапат еді: жаһандық державалар, бүкіл Батыс әлемі Қазақстанға сенім­сіздікпен, қабақ түйе қарады. Оны жоймағанда инвесторлар да қауіп қылып жоламайтын еді. Дамуы жөнінен Кеңес Ода­ғы­ның 15 республикасы ішінде соңғы жақтағы 12-орында келе жатқан Қазақстанның экономикасы ша­руа­шылық байланыстардың үзілуі салдарынан КСРО-мен бірге күй­рей жаздады. Қызыл империяның шикізат базасына айналған, өзге өнеркәсібі кенже қалған, оның үстіне мұхиттарға ұласар көк те­ңізге шыға алмай, құрлықта қы­сыл­ған Қазақстан Елбасының кез келген алпауытты бітімге иліктіре алатын қасиет-қарымы болма­ған­да, мұнайы мен газын да жаһандық нарыққа шығаратын жол таппай, пұшайман күйге түсуі мүмкін еді. Оны аз десеңіз, бір мегаполис­тің тұрғынына тең, 14 миллиондай ғана халқы қалған республиканы Назарбаевтай білікті саясаткер, тәжірибелі лидер басқармағанда, ұлан-байтақ Ұлы дала екі жақтан қысқан қос алпауытқа жем болып кететін бе еді?! Әйтпесе, өткен ға­сырда Моңғолияның біраз аумағы, сондай-ақ Тибет, Макао, Тайвань, Тайбэй, Гонконг секілді елдер Қы­тайдың қоластына көшті. Пост­ке­ңестік кеңістіктегі көптеген рес­пуб­­лика да азаматтық соғысқа ду­шар болып, біраз аумағынан айы­рылды. Ендеше осынау күрделі ор­тада оты­рып Қазақстан терри­то­риясының бүтін қалуы да «На­зарбаев фено­менімен» ұштасып жатыр. Сонау 1991 жылғы 3 желтоқ­санда сол кездегі аса танымал ре­­­сейлік «Известия» басылымында А.Ан­дреевтің «Феномен Назар­баева не разгадан» деген сарапта­масы шықты. Сарапшы Елбасы­ның «тә­уелсіз санасына, азатшыл мінез-құлқына, саяси және эко­номикалық проблемаларды ше­шуге прагма­тикалық тұрғыдан келе білетініне, халықшылдығына» сүйсінеді. Қа­зіргі тілмен айтқанда, арзан хайп­қа елікпейтініне назар аудартады. «Н.Назарбаев біздің елде тым сәнге айналған тәсілді пайдалану­­ға – төл тұлғасының мән-маңызын жасанды қомпайтуға тырыспайды. Саяси немесе экономикалық та­қы­рыптарда қызба, жалаң мәлім­де­мелер жасамайды, оның баян­дама­лары мен байламдары сараб­дал әрі байсалды. Оның шиеленіс-кон­фрон­тациядан бойын аулақ ұстай­ты­ны байқалады. Бірақ егер әлде­кім Қазақстанның мүддесіне ке­ре­ғар тірлік жасаса, Н.Назарбаев оған қарсы екіұшты емес, нақты, батыл жауап береді», – деп жазады автор. Бұл – жаһанда тоғызыншы территория саналатын аумақты иеленген Қазақ елінің жаңа көш­басшысының кім екенін ресейлік қана емес, батыстық саясаткерлер мен саясаттанушылардың салмақ­тап, бағалай бастаған кезі болатын. Ал бүгінде халықаралық сая­сатта Елбасына қатысты нақты баға негізінен қалыптасып, бекіді. Қазақстанның Тұңғыш Президенті өз елінің қамымен ғана шектелмей, аймақтың, Еуразия құрлығының болашағын ойлаған әлемдік қай­раткер, талай қанды қақтығыстың алдын алған, талай өршіген шие­леністің тоқтауына ықпал еткен халықаралық бітімгер, респуб­ли­камызда ғана емес, халықара­лық аренадағы біраз реформаға, із­гі жаңғыруларға бастамашы болған жетекші саясаткер ретінде танымал. Елбасы саясатының игілігін ең алдымен қазақстандықтар көрді. Н.Назарбаев Семей полигонын жауып, «ажал сепкен тажалдың» өңе­шіне құм құйды. «Ақырзаман қаруы» аталған ядролық жаппай қы­рып-жою қаруларынан бас тар­тып, Қазақстан мен халық­ара­лық қоғамдастық арасында үрейге, қор­қытып-үркітуге емес, сенім және құрметке, өзара тиімділікке құрыл­ған өнімді қарым-қатынас орнатты. Жоспарлы экономиканың қа­лыптарынан қанатын кеңге жая алмаған ұлттық экономиканы на­рықтық жолға түсіріп, елде бұрын-соңды болмаған жаңа индус­трия­ларды дамытты. Кеңестік қасаң қағидаттарға сүйенген, замана талаптарына жа­уап бермеген мемлекеттік билік жү­­йесін, тұтастай саяси жүйені жаңа жағдайға бейімдеп, транс­форма­циялау, институцио­нализа­циялау арқылы мемлекеттілікті нығайтты. Бірізді саяси даму бағдарын жүргізіп, елдегі демократиялық үдерістердің өрістеуіне жол ашты. Тұтас халықтар депорта­ция­ланып, қайта қоныстандырылған, этноанклавтарға толған Қазақ­станды азаматтық соғыс пен қан­төгіске киліктірмей, елді этнос­аралық және дінаралық келісім мен татулыққа ұйытты. Барлық ұлысты, бүкіл конфессиялық топ­тарды мемлекет пен болашақ үшін өз мойнына жауапкершілік алуға иліктірді, бір ту астына біріктірді. Бүгінде Елбасының Қазақ­стан­дағы және халықаралық дең­гей­дегі позитивті рөліне ешкім де дау айтпайды. Қазір қазақстандық мемлекет те, қоғам да түбегейлі өзгерді, осыдан 30 жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда айыр­ма­шылығы айқын. Олай болса, «Назарбаев фе­но­­­ме­ні», яғни жаңа, азат Қазақ­стан­ның негізін қалап, дамытқан, жа­һан­дық деңгейдегі процестер мен прогрестерге ықпал еткен, адамзат­тың даму беталысын оң жақ­қа өз­герткен (ядролық қару­сыздану қоз­­­­ғалысының көшбас­шысы ата­нуы­ның өзі неге тұрады!), яғни ал­дымен ұлттық, артынша халық­ара­лық деңгейдегі Лидерге айналған Нұрсұлтан Назарбаевтың басқа жаһандық дәрежедегі саясаткер­лерде кездесе бермейтін феноме­нал­ды, бірегей, қайталан­бас өмір жолы, адамзатқа сіңірген еңбектері, тұлғалық қасиеті бо­ла­шақ зерттеу­ші­лердің жұмыстарына арқау болары даусыз. Шетелдік сарапшылар, ға­лымдар ұлы құндылық-идеялар мен биік ұлттық мұраттардың сабақтастығын сақтаған, бейбіт пен бақуатты болашаққа бастаған «билік транзитінің қазақстандық үлгісін» зерделеуде. Ал біраз ел «Қазақстандық даму жолын» өнеге етіп, өздеріне керегін көшіруде. Қазақстанның Тұңғыш Прези­дентінің көшбасшылығымен қазақ халқы тарих үшін қас-қағым сәтте қуатты һәм заманауи мем­лекет қалыптастыра алды. Алдағы он­жылдықтарда да халқымыз бабадан өсиет боп қалған, қасиет боп қонған береке-бірлігін сақтаса, бас еркіндігін, баянды елдігін қыз­ғыштай қорғаса, Ел­басы белгілеген қағидаттарға сай ұлттық жаңғырса, елді өркен­де­тудің жауапкершілік жүгін жұмы­ла көтерсе, онда Ота­нымыз Қа­зақ­стан ілгері озып, әлем­дегі же­текші 30 елдің қата­рына қосы­ла­тынына сенім мол.

Айхан ШӘРІП