Америкалық саясаттанушы: Қазақстан әртүрлі саяси жүйені үйлесімді үйлестіре білген ел
Америкалық саясаттанушы: Қазақстан әртүрлі саяси жүйені үйлесімді үйлестіре білген ел
512
оқылды

Қазақстанның саясаты өз бойында еуропалық және америкалық жүйелерді үйлесімді түрде біріктіре білген, сонысымен шетелдік сарапшыларды сүйсіндіріп отыр. Біршама қауіпті өңірде орналасқан республика «тұрақтылық аралына» айнала алды.

«Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты халықаралық форумда IPAC зерттеу орталығының директоры, АҚШ-тың Орталық Флорида университетінің профессоры Хоуман Садри осылай мәлімдеді, деп жазады Aikyn.kz. Садри бұған дейін көптеген мемлекетте, соның ішінде Орталық Азия республикаларында болғанын әңгімеледі. Басқа елдермен салыстыра келе, Қазақстанға таңғалып, шын сүйсінгенін айтады.
«Тұтастай алғанда, Қазақстан – аса күрделі өңірдегі тұрақтылық аралына айналған ел екенін көріп отырмын. Қазақстан – өте қызықты, тартымды ел. Оның бойынан еуропалық жүйенің де, америкалық модельдің де компоненттерін табуға болады. Еуропада АҚШ-тағыдан әлдеқайда ықпалды партиялар бар. Сол сияқты біз «Nur Otan» туралы барған сайын көбірек білудеміз. Бұл көшбасшы партияның жетістіктеріне сүйсіндім. «Nur Otan» праймериз өткізді, партия көшбасшылары елде үлкен беделге ие, сөздері шын мәнінде салмақты әрі өтімді. Саясаттанушы ретінде бұл менде үлкен қызығушылық тудырады. Қазақстанның қалай дамып жатқанын бақылауға және зерттеуге ықыластымын. Өйткені бұл 100% еуропалық не америкалық жүйе емес, өз даралығы бар, сонымен бірге әртүрлі жүйелердің сипаттамаларын біріктірген бірегей ел», – деді Хоуман Садри.
Америкалық саясаттанушының тұжырымдауынша, Қазақстанның көшбасшы партиясы азаматтарды бір ту астында біріктіреді, өзіне жүктелген іс пен міндеттерді лайықты орындайды, сайлаушылардың мұқтаждықтары мен сұраныстарына уақытылы ден қояды. Сөзін қорытындылай келе ол елімізде билік транзитінің бейбіт өткеніне назар аудартты. Ал өзге елдерде бұл революцияларға соқтыруда. «Биліктің ауысуы – саяси жүйенің, саяси мәдениеттің кемелдігіне сынақ және Қазақстан бұл сынақтан сүрінбей өтті», – деп түйді Садри мырза. Естеріңізге сала кетейік, 2021 жылдың 29-30 қарашасында Нұр-Сұлтанда «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты халықаралық форум өтті. Іс-шараға шетелдік және отандық сарапшылар, саяси партиялардың, халықаралық ұйымдардың өкілдері, Парламент депутаттары, сондай-ақ беделді саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлер қатысты. Жалпы алғанда, 15 елден, соның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Түркия, Әзербайжан және Орталық Азия елдерінен 600-ден астам қатысушы келді. Форумды ұйымдастырушы – Nur Otan партиясының жанындағы Қоғамдық саясат институты.