Беларусь саясаттанушысы: Біз Қазақстандағы саяси өзгерістерге қызыға, әрі қызғана қараймыз!
Беларусь саясаттанушысы: Біз Қазақстандағы саяси өзгерістерге қызыға, әрі қызғана қараймыз!
590
оқылды
Беларусьтің Стратегиялық және сыртқы саяси зерттеулер орталығының директоры Арсений Сивицкийдің байламынша, Қазақстан өз қоғамның орасан зор әлеуметтік энергиясын ізгі істерге бағыттай алды және осыған қажетті институттық инфрақұрылым түзді, – деп жазады Aikyn.kz.
«Қазақстанда барлық қажетті институционалдық инфрақұрылым құрылды, ол қоғамның ғаламат әлеуметтік қуат-жігерін конструктивтік арнаға, ізгі істерге бағыттауға мүмкіндік береді. Осының арқасында Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі өзге елдерге қарағанда, саяси тұрақтылығын сақтап қала алды. Билік әртүрлі қоғамдық-саяси процеске қоғамның әралуан қабаттарының өкілдерін барынша көп тартуға ұмтылады. Халық шешім қабылдау үдерістеріне белсенді қатысуда. Бұған бірінші кезекте партиялық заңнаманың ырықтандырылуы жол ашты. Бүгінде қазақстандық партиялар жаңа заманға сай және халықтың сұранысына орай жаңғыруы, жаңа талаптарға бейімделуі керегін жақсы түсінеді», – деген пікір білдірді беларусьтік зерттеуші.
Оның байламынша, Қазақстанда қоғам пікірін білуге арналған қаптаған диалог алаңдары құрылған. Оның арасында Елбасының тікелей тапсырмасымен «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында әрбір әкімдік пен орталық меморган жанынан құрылған Қоғамдық кеңестер де бар.
«Менің ойымша, осының бәрі айталық, Беларусь 2020 жылы кездескен радикалды сценарийлерге Қазақстанның душар болмай, тұрақтылығын сақтап, ары қарай орнықты дамуына септеседі. Сонымен бірге саяси өмірдің цифрландырылуы қоғам тарапынан сантүрлі желілік бастамалардың тоқтаусыз туындауына, желідегі белсенділердің билікті өз қолына алудан дәмелене бастауына да соқтыратынын естен шығармаған жөн. Олар дәстүрлі саяси институттармен тайталасқа түсе бастайды. Сондықтан осы саяси кешенді ортаны талдау және онымен оң жұмыс істеу үшін жаңа тәсілдемелер қажет», – деді Арсений Сивицкий.
Олардың қатарында Беларусь орталығының директоры саналуан интерактивті цифрлық платформалар мен құралдарды дамытуды, үлкен деректерді өңдеуді, сол арқылы макро және микродеңгейде, тіпті ең ұсақ топтардың сөзіне құлақ түріп, қоғамның сұранысына, заманауи сын-қатерлерге уақытылы ден қоюды атады. Сол себепті, оның байламынша, Президент Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы өте өзекті әрі керекті. Енді ол интерактивті болғаны абзал.
«Жалпы, мен Қазақстандағы саяси процестерді бұрыннан зерттеп келемін. Шынымды айтайын, біз қазақ елінде болып жатқан билік транзитіне, партиялардың дамуына, қолға алынған саяси реформаларға қызыға әрі қызғана қараймыз. Егер кезінде Беларусь билігі Қазақстандық жолды таңдағанда, дағдарысты жағдайдан құтылып кететін еді. Қазақстанның үлгісі – тұрақтылықты сақтағысы келетін мемлекеттерге ұлағат», – деді Арсений Сивицкий.