Атырау жолдарының сапасы жақсармады
Атырау жолдарының сапасы жақсармады
783
оқылды
Елімізде жол азабын көріп жүрген өңірлер баршылық. Дегенмен ғасырдан астам уақыт жерасты байлығымен танылған мұнайлы Аты­раудың соңғы екі онжылдықтағы өзекті проблемасының бірі – Атырау-Астрахан жолының төселуінің жыл­дарға созылып, халықтың шыдамы­ның шегіне жеткені болып отыр. Бұл аздай, тиісті құрылымдар жол сапасынан ақаулар тауып берсе де, жөн­делмей жатқанын мәлім етті.

Биыл жыл басынан бері Атырау жолдарынан 272 ақау анықталды

Республикалық тасжолдардан 207 ақау, жергілікті маңыздағы жолдардан 65 ақау белгілі болған. «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық фили­алының мамандары қаңтар мен қараша аралығында республикалық жолдардың сапасын тексеруге 711 (қысқы күтім 18) рет, ал жергілікті жолдарға 164 рет тексеріс ұйымдастырды. Республикалық жолдардан анықталған 207 ақаудың 64-і ғана жойылған, ал 143-і және жергілікті жолдардағы 65 ақаудың дені орындалмаған. «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының директоры Бекбол Мұқашовтың мәліме­тінше, жыл басынан бері жол құрылысына қолданылған материалдардан 1 166 сынама алынған.
– Жолға төселген материалдар арнайы зертханада сынақтан өткізілді. Зерттеу нәтижесі республикалық жолдардан алынған 15 жол-құрылыс материалының еліміздің мемлекеттік стандарттарына сәйкес келмейтінін көрсетті. Ал жергілікті жолдардан алынған 103 материал стан­дартқа сәйкес келмейді. Анықталған ақау­лар бойынша Атырау облыстық Мемлекеттік сәулет және құрылыс басқармасына 7 ұсыным-хат жолданды. 2 техникалық қадағалаушының аттестаты 6 айға тоқта­тылып, 2,5 млн теңгеден астам айыппұл салынды, – деді Б.Мұқашов.
Сайып келгенде жол төсеушілердің стандартқа сай материалдар қолданбай, жолдың сапасыздығына жол беруінен адам өміріне қауіп төніп отырғаны анық. Кемшіліктерді жоюға ықыласы жоқ жауапты адамдарды жауапкершілікке тарту мәселесі жолға қойылмауы да бұл мәселені күр­делендіріп тұр.

Таксистердің айы оңынан туып тұр

Бізге аңызбен жеткен «Бір жол бар жақын, жақын да болса алыс» деген сөз еліміздің қазіргі тас-талқаны шығып, шұң­қыры көбейіп әрі тереңдеп жатқан «Атырау-Астрахан»жолына арналып айтыл­ғандай. Жолдарына қарап айтылғандай. Осы тасжол тәңірге сыйынып жолға шыққан жолаушыны діңкелеткені өз алдына, азаматтарды ажалмен беттестіріп отырғаны туралы жергілікті тұрғындардың жайнайқайы естілгелі бірнеше жыл болды. Ресеймен шекаралас жатқан Құрманғазы, бергі жақтағы Исатай ауданына аман жету мұң болған проблеманы шешу үшін халық жергілікті атқарушы билікке, теміржол басшыларына талап қойып, Атырау қаласы мен Құрманғазы ауданы арасына пойыз шығару мәселесін көтерді. Мәселе шегеріле берді. Елге мәлім, бұл проблеманы бір жылдары Атырауға іссапармен келген Елбасы да назардан тыс қалдырмай, «Атырау-Астрахан» тасжол құрылысын жедел аяқтауды жергілікті атқарушы билікке тапсырған болатын. Содан соң ғана «Атырау-Астрахан» тасжолының құрылысы 2019 жылдың мамырында басталды. 60 шақырым жерді қайта қалпына келтіру жұмыстары рес­публикалық бюджеттен қаржылан­дырыл­ды. Жол төсеу жұмысы 2 жылға жоспар­ланған болатын. Жол салу жұмы­сына пандемия өз кесірін тигізді. Жылдар бойы Атырау мен аудандар арасында қатынайтын халықтың шыбын жанын шүберекке түйіп, орталық пен аудандарға қа­тынауы сол күйінше қалды. Тұрғындар жолақысын қымбаттатқан таксимен қатынап, жүргізу­шілердің балаларды мінгізбейтініне де көндіге бастаған еді. Бағаны өздері қойып әккіленген такси жүргізушілері бір адамға 2 500 теңге болған жолақыны 3 мыңға жеткізді. жол «Бұрын Астраханға дейін пойыз жүретін, содан кейін өзбекстандық пойыз болды, ол жерде әр адамнан 500 теңгеден алатын. Бірақ пандемия басталып, пойыздар жүрмей қалды. Адамдар не істейді енді?» деп қиналған халық жергілікті биліктен Атырау мен Құрманғазы ауданына қарасты Дина Нұрпейісова бекетіне дейін қатынайтын пойыз шығаруды биыл қайта талап ете бастады. Себебі күйі кеткен тасжолда жол апаты көбейіп, сәбилер жарақат алып, о дүниеге кетіп жатты.

Пойыз бар, бірақ кестесі ыңғайсыз

Дегенмен адамзаттың амандығынын гөрі экономиканы ойлап үйренгендіктен, бұл мәселе бірден шешіле қоймады. Әйтсе де, халықтың жанайқайы айтылып, жазылып, жергілікті билік сәуір айында берген уәде тамыз айында орындалды. Бірақ тағы да облыспен аудандарға қатынайтын халық санына сай және халыққа ыңғайлы уақыт ескерілмеген. Тамыз айында Атырау теміржол стансасынан Құрманғазы ауданындағы Дина Нұрпейісова бекетіне дейін қатынайтын жолаушылар пойызы құрамында екі плацкарт, бір жалпы вагон жолға шықты. Бірақ жергілікті пойызға халық сұра­нысы жоғары болып шықты. Тұрғындардың өтінішіне сәйкес, пойызға 52 орынға арналған тағы бір қосымша плацкарт вагоны тіркелді.
Бұл жаңалықты жеткізген облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Ерлан Сәрсенғалиев:«Қазір жолаушылар пойызында екі плацкарт пен 266 орындық екі жалпы вагон бар. Жолаушылар қатары көбейіп, қажеттілік туындаса, бесінші вагонды қосу мүмкіндігі бар», – деді.
Сайып келгенде, пойыздың шығуы және оның халықты толық қамти алмауы такси бағасының өсуіне әкеліп соқтырды. Жұма-сенбі күні ауылға баратындар үшін такси тапшылығы пайда болып, жүргізу­шілер бір адамнан 8 мың теңге алатын болды. Жаз-күз бойы Атырау мен Астрахан жо­лына жол төсеушілердің шабан жұмы­сын азаматтар әлеуметтік желіге жүктеп, ауыр көліктердің жүрісінен көтерілген шаңның кесірінен пайда болған жол-көлік оқиғалары туралы жазып, көрсетіп жатты. Тіпті, «Экспедиция +362» қозғалысына қатысушылар Атыраудан Астраханға қарай бет алған сапар кезінде жолдың жай-күйін видеоға түсіруді ұйғарып, келеңсіз жағдайға тап болғаны бар.

Жол құрылысы 2023 жылы аяқталады

Атырау облысы әкімдігінен алынған ресми мәліметке көз жүгіртсек, облыстағы жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарының ұзындығы 3 047 шақырымды құрайды. Соның ішінде республикалық маңыздағы жол – 1 120 шақырым. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-Астрахан РФ шекарасы» автомобиль жолы қайта жаңғыртылып жатыр. Қазір «Ақтөбе-Атырау» бағытының 128 шақырым жол құрылыс жұмыстары аяқталды. Ал «Атырау-Астрахан» бағыты 277 ша­қырым жолдың 40 шақырым жол құрылысы аяқталған. Тағы 20 шақырым жол құрылыс жұмыстары аяқталуға таяды. Қалған 217 шақырым жолдың негізгі қабатын төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазан айында Премьер-Министр Ас­қар Мамин Атырауға келгенде «Ақтөбе-Атырау-Астрахан» тасжолын жаңғырту жұмыстарының барысын тікұшақпен бақылап шыққаны белгілі. Жылдар бойы жазу мен айтудан кенде емес күрделі проблема болғандықтан ба, «Атырау-Астрахан» бағытындағы жол құрылысы 2023 жылы толық аяқталып, пайдалануға бері­леді деп айтуға халықтан ұялатын жағдайға жеттік. «Ел экономикасы үшін маңызды тасжол тақтайдай болады. Көпірлер мен ай­налма жолдар салынып, қызмет көр­сету жақсарады» деген жалаң сөзден гөрі ха­лыққа «Маңызды шаруаңыз болмаса, жол­ға шықпаңыз» деп ескерту арқылы олар­ды аман сақтағанымыз жөн секілді.

Атырау облысы