Зейнетақы жинағын пайдаланудың жеткілікті шегі неліктен өзгерді? - БЖЗҚ түсініктеме берді
Зейнетақы жинағын пайдаланудың жеткілікті шегі неліктен өзгерді? - БЖЗҚ түсініктеме берді
Фото: Ratel.kz
351
оқылды

БЖЗҚ АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдаланудың жеткілікті шегі неліктен өзгергенін түсіндірді.

Жанат Құрмановтың айтуынша, зейнетақы жинағын пайдаланудың жеткілікті шегі ең төменгі жалақы мөлшеріне тікелей байланысты.
«2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңында Қазақстандағы ең төменгі жалақы мөлшері 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 42 500 теңгеден 60 мыңға дейін өсетіні жазылған. Демек 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі зейнетақы, ең төменгі базалық зейнетақы төлемдері және басқа да әлеуметтік көрсеткіш мөлшері артады. "ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы" заңда зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткілікті шегі - республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын ең төмен зейнетақы мөлшерінен төмен емес ай сайынғы зейнетақымен қамсыздандыру үшін қажетті, міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының ең төмен мөлшері" деп айқындалған", - делінген БЖЗҚ АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрмановтың жауабында.
Ең төменгі жеткілікті шегі жыл сайын ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 2 қазандағы №1042 (2021 жылғы 6 қаңтардағы өзгерістермен және толықтырулармен) қаулысымен бекітілген әдістемеге сәйкес қайта есептеледі. Бекітілген әдістемеге сәйкес ең төменгі жеткілікті шегінің  мөлшері әрбір жас үшін анықталады және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуін (индекстелуін) ескереді. Есептеуде "Республикалық бюджет туралы" заңға сәйкес жыл сайын индекстелетін ең төменгі жалақы, ең төменгі зейнетақы, ең төменгі күнкөріс деңгейі сияқты әлеуметтік көрсеткіштер пайдаланылады. Осыған байланысты ең төменгі жеткілікті шегінің мөлшерін есептеу жыл сайын көрсетілген көрсеткіштердің өсуін ескере отырып жүргізіледі. Жанат Құрмановтың айтуынша, осы көрсеткіштердің өзгеруіне байланысты Үкіметтің қолданыстағы қаулысына сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жеткілікті шегі қайта есептелді. Зейнетақы жинағы ең төменгі жеткілкті шегіне жетсе, азаматтар жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделуге, сондай-ақ жеке басқарушы компанияларға инвестициялық басқаруға жұмсай алады. Айта кетейік, 2 желтоқсанда Мемлекет басшысы «2022 – 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына қол қойған еді.