Риэлтор: бұл қызмет заңмен реттелген бе?
Риэлтор: бұл қызмет заңмен реттелген бе?
640
оқылды
Биыл жаз аяғынан бастап еліміздің көп аймағында, әсі­ресе елорда мен Алматыда пәтер жалдау ақысы аспандап кетті. Сол кезде үй иеле­рін жұртшылық сөккені рас. Бірақ бір түйткілді ұмытқандаймыз. Салада сансыз риэлтор бар, ақысын төлейсіз, олар баспана тауып беруі қа­­жет. Осы арқылы олар кә­сі­бін жүргізіп отыр. Дегенмен қазір риэлторларға қо­ғам­ның сенімі аз. Бағаны қым­бат­­татқан осылар болуы мүм­­кін деген күмән бар. Сенбеске амал жоқ, себебі Қа­зақ­станда риэлтор қызметі заңмен бекітілмеген. Содан соң саланы бассыздық жайлап жатыр.

Қымбатшылық қолдан болмасын

Тамызда Алматыда пәтер жал­дау бағасы күрт қымбаттады. Ізін ала Нұр-Сұлтанда баға шарық­тады. Мамандардың пікірінше, сол кезде жалға берілетін тұрғын үй құны екі айда 30 пайызға өсіпті. Талдап көрсек, Нұр-Сұлтанда маусым айында бір бөлмелі пә­терді орта есеппен 100-105 мың теңгеге жалдап тұруға болатын, қазанда 155 мың теңгеге жетті. Krisha.kz ұсынған дерекке сенсек, осы күні 1 бөлмелі пәтердің ор­таша жалдау құны 153 мың теңге болып тұр. Енді баспана алмақ тү­гілі жалдаудың өзі мұңға айнал­ды. Қыркүйекте елордада пәтер жалдаудың орташа ақысы 239 мың теңгеге тірелді. Бір бөлмелі пәтер үшін 170-180 мың теңге сұрағандар кездесті. Екі бөлмелі пәтерге қа­тыс­ты жағдай да тура осы сарында. Қазір елордада 2 бөлмелі пәтердің жалдау ақысы орта есеппен 210 мың теңгенің төңірегінде. Үйдің бағасы орналасқан жеріне бай­ланысты болатыны белгілі, ең қымбат үйлер Есіл ауданында (509 428 теңге), ең арзаны – Сарыарқа (117 509 теңге) ауданында. Мұның барлығы коммуналдық қызмет ақысын есептемегендегі баға. Ол үшін үстіне шамамен 20 мың теңге қосыңыз. Риэлтордың қызметі тағы бар. Оларға бөлек тоқ­та­ламыз. Сонда жұрттың жалақысы пәтер жалдауға жетпейтіндей болады. Еліміздегі орташа жалақы мөлшерін ресми органдар 245 мың теңге деп көрсетіп жүр. Бір бөлмелі пәтеріңіз 153 мың теңге болса, оған қосымша коммунал­дық төлемдерге 20 мың шығын­дайсыз. Жалақының 70 пайыздан астамы үй жалдауға кетеді. Азық-түлікті айтпадық. Ал «елдің бәрі 245 мың теңге жалақы ала ма?» деген бөлек сауал. Риэлтор Азамат Ескендіров үй бағасының өсуіне жалпы елдегі қымбатшылықтың әсері болғанын жасырмайды.
– Жазда қымбаттады, одан кейін пәтер жалдау ақысы түскен жоқ. Үй бағасының күрт өсуіне нарықта сұраныстың артқаны, қалаға ағылған адамдардың көп­тігі әсер етті. Нарықтағы әдепкі құбылыс: үйге сұраныс артқан сайын баға да еселенеді. Елдегі өмір сүру деңгейі жоғарылағаны туралы ақпарат та (шындығында керісінше) белгілі бір дәрежеде ықпал етті. Пәтер иелері «мына пәтерді жалға беруші осындай баға деп көрсеткен екен, мен де өсіремін» деп бағаны негізсіз кө­теріп отыр деп ойламаймын. Жүр­гізілген жөндеу жұмыстарына, жи­һаздардың бағасына үйді жалға беру бағасы сәйкес келеді. Шы­ғынды ақтауы керек. Сонымен бір­ге құрылыс материалдарының бағасы көтерілген, – дейді ол.
Алайда азаматтар қымбат пәтердің барлығы бағасына сай емес екенін жиі айтады. Әсіресе, бір бөлмелі пәтерлерге белгіленген бағалар асыра сілтеудің кебі тәрізді. Рас, биыл аяқ астынан оқу форматы дәстүрлі түрге ауысты. Ауылында жатқан студенттің бәрі қала жағалады. Бұл әдет бұрыннан бар еді. Алайда осы жолғысының жөні тіпті бөлек. Оны сарапшылар да мойындаған. Енді кімді кінә­лаймыз?

Жүгенсізге заң керек

Жылжымайтын мүлік нары­ғында риэлтор мәселесі толықтай шешімін таппаған. Пәтер шола қалсаңыз, риэлторлардан көз сүрінеді. Алаяқтары қаншама? Пәтерақы өсті екен деп олардың да қызмет ақысы өсіп кетті. Қа­зақ­станда риэлтор қызметі 90-жыл­дары жұрт делдалдықты мең­гере бастаған тұста келген. Қазір 430-ға жуық жылжымайтын мүлік агенттігі бар. Риэлтор қыз­метінің құны нарықта кемі 30-40 мың теңге сұрап тұр. Бір қызығы, осылай кәсіп еткендерге арналған заң жоқ. Содан кейін салада бас­сыздық неге көбеймесін? Заңгер Айсана Сман бұл мәселенің Пар­ламент қабырғасында да сөз болуы қажет екенін жеткізіп отыр.
– Халықаралық тәжірибе бойынша, жылжымайтын мүлікті сату, жалға беру риэлтор арқылы жүзеге асады. Себебі ол – маман, оның сертификаты, лицензиясы болады, соған сай оның жауапкер­шілігі бар. Келісімшартта жазыл­ған талаптардың бәрін орындауға міндетті. Құқықтың қызметі қо­ғамдық қарым-қатынастарды реттеу. Нарық жағдайына байла­нысты мүлікке қатысты түрлі қызмет кәсіпкерлікке айналды. Сатсаңыз да, жалға берсеңіз де кәсіби қызметкерге жүгінесіз. Оның бәрі заң арқылы құқықпен реттелуі тиіс. Елде тап осы риэл­торларға қатысты норма жоқ. Ол кәсіптік жұмыс, мемлекетке са­лық төлеп, қызметін заңдастыруы қажет. Әйтпесе, алаяқ па, қайдан білесіз? Риэлторға жүгінем деп сан соғып қалғандар көп. Мәселе бойынша Парламентте үн қатса жөн. Тұрғын үй нарығына байла­нысты заңнамалар бар, бірақ риэлторларға байланысты норма таппайсыз. Риэлтор ақысын алып, бір жақтың мүддесін қорғайды. Сол үшін жалға алушы жүгінсе, өзі үй тауып, құжаттарын реттеп, процесті заң тұрғысынан дұрыс атқарғаны абзал. Ал бізде олай емес, ақысын алады, жарнамада тұрған үйдің сілтемесін сізге жі­беріп, қарап отырады. Көбіне жұмыссыздар риэлторлықпен айналысып кететінін байқа­­дық, – деді заңгер.
Расында, риэлтор қызметі кәсіпкерлікке жатады. Сондықтан онымен айналысқан жан міндетті түрде жеке кәсіпкер немесе ЖШС ретінде мемлекеттік тіркеуден өткені жөн. Яғни, қатынастар аза­маттық-құқықтық заңнамалық актілерге, Ата Заң, Азаматтық, Салық кодексі және Заңды тұлға­ларды тіркеу туралы заңға сәйкес реттеледі. Риэлторлардың қызметі туралы заң қабылданса, жылжы­май­тын мүлік агенттігі мен тұ­тынушыларды қорғай алатын еді. Нарықтан ел бюджетіне түсетін салықтың көлемі артады. Сонда ғана жылжымайтын мүлікке қа­тысты барлық операция агенттік арқылы жүргізіледі де, нотариус деңгейіндегі құқыққа ие болған риэлторлар келісімшарт үшін барлық жауапкершілікті өзі алған болар еді. риэлтор Соңғы кездері пәтер жалдау ақысына қосып, депозит сұрай­тындар шықты. Яғни, сізге пәтерді жалға беруге келіседі, оның үстіне пәтер жалдау ақысының кемі 2-3 айлық есебін алдын ала төлеп қоюыңызды талап етеді. Бұл – дамыған елдерде бар нәрсе. Бірақ процесс заңмен реттелген. Ал бізде пәтер талаптарға сай болмаса да, депозит сұрайтындар бас көтерді. Мұны үй иелері ойлап тапқан ба, әлде риэлторлардың шығарғаны ма, бізге беймәлім. Ал риэлтор Азамат Ескендіров болса, кінәні тек бір жақтан іздеуге болмайтынын айтады.
– Риэлторлардың жұмыс тәр­тібі өзгергені рас, яғни төленетін ақшаның белгілі бір бөлігін алдын ала беру керек. Себебі қазір ке­лісіп алып, артынан жоқ болып кететін адамдар көбейді. Мұндай жағдайда істеген жұмысың зая кетеді. Ал алдын ала ақша төленсе, клиент те, риэлтор да сенімді бо­лады. Рас, риэлторлар арасында да алдап кететіндер көп. Депозит деген дүниені риэлторлар емес, үй иелері шығарған, – дейді азамат.
Заңсыз риэлторлардың негізгі құрбандары – жастар мен тә­жірибесіз адамдар екен. Көбіне шартты жөндеп оқымайды. Біз риэлторлар жайлы заңды неге қа­жет еттік? Себебі қазір жалға алу­шы риэлторларға, риэлтор жалға алушыға, соңында үй ие­лері бұ­ларға сенбейді. Ал қызмет заңмен реттелген жағдайда біраз мәсе­ленің алдын алар едік. Қыз­метін бұлдағандар бассыздыққа бармас еді. Одан бөлек, пәтерақы бағасы енді арзандамайтын тә­різді. Екі жыл бұрынғы көрсет­кішпен са­лыс­­тырғанда елімізде жаңа үйлер­дің құрылысы 33 пайызға артқаны айғақ. Енді жалға алудың өзінен жалпақ мәселе шығарып алдық.