Ғылым «қартайып» барады
Ғылым «қартайып» барады
326
оқылды
Елімізде ғылым саласы әбден қартайды. Бүгінде елімізде 21,8 мың ғалым кадр бар болса, олардың 15%-ы – зейнеткерлік жасқа жеткендер. Ең жас ғылыми қызметкерлердің жасы 30-дан асқан. Одан да басқа ғылым саласының проблемасы көп. Соның тағы бірі – ғылыми ұйымдардың негізгі қорлары физикалық та, моральдық жағынан да (40%) қатты тозғаны. Одан бөлек, айлықтың аздығы, ғылыми жұмыстарға мега-гранттардың бөлінбейтіні, құқықтық мәртебе берілмегені сияқты жағдайлар тағы бар. Ендеше бұл жағдайды түзеу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Жасы ұлғайған, жалақысы мардымсыз...

Еліміздің ғылым саласының «қартаюындағы» бір проблема – жастардың мұнда көп келмейтіні. Өйткені ғылыми қауымдастықтың кәсіби өсуіне және онда жастарды орнықтыруға нақты тетіктер қа­растырылмаған. Постдокторан­туралық оқуға гранттар бөлін­бейді, «Болашақ» бағдарламасы­нан тыс ғылыми стажировкалар жоқ. Одан да өзге әлем елдерінде қол­данылатын стимулдық шара­лар жасалмаған. Тіпті, еліміздегі ғалымдарға әлеуметтік маңызы бар қызметті атқарып жүргеніне қарамастан құқықтық мәртебе берілмеген. Сонымен қатар заң­на­мада ғалымдарды әлеуметтік қол­дау тетіктері де жоқ. Осы фак­тор­лардың салдарынан «қартай­ған» ғылыми атағы бар қызметкер­лердің орташа жасы 57 жас болып отыр. Бұл көрсеткіш бас ғылыми қызметкерлерде – 65, жетекші және аға ғылыми қызметкерлер­де – 54, кішілерінде – 30 жас. Негізгі қорлардың физикалық та, моральдық жағынан да қатты тозғанына келер болсақ, мұндағы қалыптасқан қаржыландыру құрылымы оған шығын шығаруға мүмкіндік бермейді. Ірі ғылыми-зерттеулер жүргізуге және за­манауи жабдықтар, аспаптар мен құралдар алуға мега-гранттар қарас­тырылмаған. Бұл пробле­ма­лардың барлығын біз тілдескен ғалымдар да мұң етіп шағатын. Солардың бірі – Сиверс алмасын зерттеуге қатысты. «Қызыл кітапқа енген, жойы­лып бара жатқан алма тұқымдарын зерттеуде бізге кешенді бағдарлама қажет. Өйткені бүгінде мемлекет тарапынан көмек мардымсыз. Тіпті, іссапар шығындарына да ақша бермейді. Негізінен, ғылыми жұмыстар шетелдік гранттардың және солардың технологиялары­ның көмегімен жүргізіліп отыр. Оның өзінде олар ауқымды жұ­мыстарға жетпейді, былайша айт­қанда, жыртыққа жамау. Оның үстіне, шетелдік гранттар үш жыл­ға ғана берілетіндіктен, көп еш­теңе­ге үлгермейсің, ғылыми тізбек үзіліп қала береді. Одан бө­лек, ғылыми-зерттеу институт­тарында молекулярлық деңгейде тексеретін дені дұрыс жабдықтары да жоқ. Шетелдік әріптестерімізге жалы­нып жүреміз. Сіздерден зерттеп ал­сақ бола ма, бірге ғы­лыми ма­қала шығарамыз сосын деп! Қан­ша­ма ұсынысымыз бар, ешқайсы­сы­на құлақ асып жатқан мемлекет жоқ», – дейді «Қазақ орман шаруа­шылығы» ҒЗИ Ал­маты филиалы­ның жетекші ғылыми қызметкері, профессор Бағила Майсупова. Ал жастар мұнда неге келмейді дегенге келер болсақ – жала­қы­лары бәсекеге қабілетті емес әрі тұрақты берілмейді. Мәселен, 2020 жылы Ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыстармен (ҒЗТКЖ) айналы­сатын персоналдық орташа айлық еңбек ақысы 152 мың теңге болыпты. Бұл экономикадағы ОАЕА-дан 71%-ын ғана құрайды. Ғылыми жобалар мен бағ­дар­ламаларды қаржыландырудың тек конкурстық сипатта өтетіні, ба­залық қаржыландырудың құ­рамында ғалымдардың еңбек ақысының жоқтығы, фундамен­талды зерттеулерді конкурстан тыс, үздіксіз қаржыландыру көз­дерінің жоқтығы, гранттық және бағдарламалық-нысаналы қар­жыландырудың қысқамерзім­ділігі, яки әрі кетсе 36 ай екені және тағы да басқа себептер елі­мізде бар ғылыми мектептерді дамытуға және жаңаларын құруға теріс әсер етіп отыр. Халықаралық әріптестікті дамытуға арналған конкурстан тыс қаржы тетіктері жоқ. Мәселен, 2021 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойын­ша, ғылым саласында 58 халық­аралық келісімге қол жеткізілген екен. Олардың 44-і екі тарапты сипатта, 14-і көптарапты сипатта жасалған.

Тұжырымдамадан күтер үміт көп...

Ұзақ жылдар бойы қордаланып қалған бұл проблемаларды ше­шуге мемлекет кешенді жоспар­мен кіріскен екен. Соның жарқын мысалы – былтыр қыркүйек айында Президенттің Жарлы­ғы­мен «Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Ғылымды да­мыту тұжырымдамасының» қа­был­данғаны. Төрт тараудан тұ­ратын құжатта бұл саладағы қа­зіргі жағдай талданып, халықара­лық тәжірибеге шолу жасалып, оны дамытудың негізгі принцип­тері мен жалпы жолдары айқын­далған. Мәселен, 1990 жылдан бері ғылыми қызметкерлер саны 50 мыңнан 22 мыңға, яғни екі есеге азайып кеткен. Ал авторлық сыйақыны небәрі 30-ақ адам алады екен. Кен пайдаланушы­лар­дың ҒЗТКЖ-ға бөлетін қара­жатының мақсаты мен көлемі айқын емес. Ғылыми-зерттеу­лердің нәтижесі мен коммерция­лануы төмен. Сондай-ақ патенттік белсенділік бәсең. Елімізде мұн­дай қорғау құжаттарының басым бөлігі ғылыми өнертабыстарға емес, тауарлық белгілерге бе­рілген. ғылым «2025 жылға дейін Тұжырым­дама бойынша мақсаттарға жету үшін ең негізгі жалғыз индикатор анықталып отыр. Ол Дүниежүзілік экономикалық форумның Жа­һандық бәсекеге қабілеттілік ин­дексінде «Инновациялық по­тенциал» позициясын рейтингтегі 70-орынға көтеру. Ол үшін үш басым бағыт нақтыланды. Олар – бірінші, «Басты назарда – ғалым» (Ғалымдардың ғылыми әлеуетін дамыту), екінші «Мықты институттар – күшті ғылым» (Ғылыми экожүйе институт­та­ры­ның жоғары сапасын қамта­масыз ету) және үшінші «Ғылым – елге» (Ғылымның ұлттық деңгейдегі әлеуметтік-экономикалық да­мудың қолданбалы мәселелерін шешуге қатысуы) бағыттары. Бірінші кезекте базалық қаржы­ландыру тетіктері жетілдіріліп, жалпы ғылымды қаржыландыру көлемі ұлғайтылады. Арнайы әлеуметтік пакетті қамтамасыз ету бойынша шаралар пысықталып жатыр, оның ішінде «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шең­берінде жеке тұрғын үйі жоқ ға­лымдарға тұрғын үй сертификат­тарын беру, сондай-ақ емдеу-сауықтыру және өзге де әлеуметтік бағдарламалар көзделетін болады. Халықаралық ғалымдарды тартуға және шетелдік жоғары оқу орын­дары мен ҒЗИ базасында зерт­теулер жүргізуге арналған грант түрлерінің көлемін арттыру және кеңейту қарастырылып отыр. Әлемнің жетекші ғылыми орта­лықтарында тағылымдамадан өту үшін ғалымдарға 500 грант және «Жас ғалым» жобасы бойынша жас ғалымдарға 1 000 грант бөлін­бек. Осылайша, бұл жұмыстардың нәтижесінде қазақстандық ғы­лымның жаһандық бәсекеге қа­білеттілігін арттыру, елдің әлеу­меттік-экономикалық дамуын­дағы үлесін ұлғайту, ұлттық дең­гейдегі қолданбалы проблемалар­ды шешу сияқты тағы да басқа мақсатты көрсеткіштерге қол жет­­кізу көзделіп отыр. Зерттеуші­лер санын 5,2%-ға, оның ішінде жас ғалымдардың үлесін 50%-ға арттыру, ғылыми немесе акаде­миялық дәрежесі бар зерттеу­шілердің үлесін 40%-ға ұлғайту мақсаты тұр екен», – дейді БҒМ вице-министрі Қуаныш Ерғалиев. «Nur Otan» партиясы бағдар­ламасының Жол картасын іске асыру мақсатында барлық мем­лекеттік ғылыми орталықтардың жұмысының тиімділігі мен нәти­желілігіне толық аудит жүргізіле­тін болады. Жүргізілген аудит нә­тижелері бойынша саралау жүйе­­сіне сәйкес ғылыми ұйым­дарды қаржыландыру нор­ма­лары (KPI және корпоративтік басқару) айқындалмақ. Бұл ғылыми инс­титуттарды материалдық-техни­калық жарақтандырудың күрделі шығындарын қаржыландыру мәселелерін нақтылауға мүмкіндік береді. Ғылыми ұйымдар мен жо­ғары оқу орындары зертханалары­ның кемінде 20% жабдығын жаңарту қамтамасыз етіледі. Бұл ретте ғылыми және ғылыми-тех­никалық қызмет субъектілерін ак­кредиттеуге қойылатын талап­тар күшейтілетін болады. Ғы­лыми-зерттеулерді гранттық қар­жыландыру бойынша бірыңғай Ұлттық оператор құру мәселесі пысықталып жатыр. Ғылыми қызмет пен ғылымды әкімші­лендірудің барлық процесіне Project-management қағидаттары енгізілетін болады. Ғылымды қаржыландыру көлемін 2025 жылға қарай ЖІӨ-нің 1%-ына дейін жеткізу бо­йынша шаралар қабылданады. «Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ өңірлік филиалдарының базасында ғалымдарды қолдау бойынша «Ғылым үйі» аталатын 8 өңірлік орталығы ашылады. Ғылым саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру уәкілетті органның ғалым­дармен тұрақты өзара іс-қимылы кезінде жүзеге асырылатын бо­лады. Ғылыми-зерттеулерді іске асыруда инклюзивті тәсіл қол­данылатын болады, атап айтқанда әйелдерге арналған квоталар, инклюзивті сипаттағы жобаларға арналған квоталар көзделуде.