Тәуелсіздік – тағылымды ұлттарға тарту
Тәуелсіздік – тағылымды ұлттарға тарту
463
оқылды

Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын оқып отырып, ең алдымен қазақ тілінің ұлылығына, сөздік қорының байлығына, қуаты мен қарымына сүйсінесің. Тұңғыш Президентіміз мақаласының өне-бойы өнегелі, ұлағатты, қанатты сөздерге толы. «Ынтымағы жарасқан елдің табысы тасып, абыройы асады. Берекесі қашқан елдің қуаты кеміп, құты қашады» дейді Н.Назарбаев.

«Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды» деп толғайды Елбасы. «Мен бойымдағы қуат, қызметімдегі тәжірибе, ойымдағы нәр – бәрі-бәрін халқыма қызмет етуге жұмсап келемін» дейді ол. «Еңбек ет, отбасыңды асыра, еліңе қызмет қыл: өзің де табысты боласың, Отаныңның да қуаты артады» деп жастарға үндеу жасады Нұрсұлтан Назарбаев. «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды» деп халқына өсиет етеді Елбасы. Естір құлақ, түсінер сана үшін нағыз аталы сөздер. Осы бір мақалада Қазақ елінің азаттық жолындағы күресі, Тәуелсіздіктің отыз жылындағы жеңістері мен жетістіктері, Мәңгілік Ел құру жолындағы болашақ міндет-мұраттарымыз көрініс тапқан. Мемлекеттілігін жаңадан құрған Қазақ елінің бағы барын мойындауымыз керек. Оның Тұңғыш Президенті – халқымыздың рухани құндылықтарын бойына сіңірген, ұлтымыздың ізгі қасиеттері дарыған Ұлы даланың төл ұланы. Ол «үлкеннен ақыл тос, кішіден ізет күт, адасқанға – жол, кемтарға – қол, сүрінгенге – сүйеу, деміккенге демеу бол» дейтін қазақы тәрбиемен өсті, іс-әрекетінде соны басшылыққа алды. Тауқыметті соншама көп тартқан тағдыры аянышты халқына қалқан, жан дүниесі дархан болып қалыптасты. Егер басқаша, біліксіз көшбасшы болғанда, бүгін қазақ еңсесін тіктей алмай, тіпті азаттығына қайта зар болып отыруы мүмкін еді. Мені тағы бір жайт сүйсіндіреді. Әлемдегі түрлі мемлекетте билікті басқаға бермеу үшін оған кенедей жабысып, көршілеріне де, өз халқына да қисапсыз қысастық жасап, лаң салған билеушілер бар. Ал Нұрсұлтан Әбішұлы қазаққа тән даналық, көрегендік пен қанағатшылдық танытты. «Осыдан екі жарым жыл бұрын елімізде президенттік билік ауысты. Маған: «Ата заңымызда Сізге ешқандай шектеу жоқ. Соңғы сайлауда халықтың 98%-ға жуығының қолдауына ие болдыңыз. Қызметіңізді атқара беріңіз» деушілер аз болған жоқ. Бірақ әр нәрсе өз ретімен болуы керек», – дейді Н.Назарбаев. Бүгін Елбасымыз кезекті рет елдіктің басты қағидатын тұжырымдап берді: «Президент ауысады, бірақ Тәуелсіздік мәңгілік болуы керек!». Қазақстанның әрбір азаматы алдағы уақытта оның тұғырын бекемдеп, мерейін тасытып, абыройын асыруға қызмет етуге тиіс. Мәңгілік Ел идеясының түпкі мақсаты да осында.

Бақытбек Смағұл, «Nur Otan» фракциясының мүшесі, Мәжіліс депутаты