Astana Qazaqstan Team: жаңа құрам, жаңа атау
Astana Qazaqstan Team: жаңа құрам, жаңа атау
415
оқылды
Күні кеше елордадағы «Сарыарқа» велотрегінде Astana Qazaqstan Team кәсіби велокомандасы 2022 жылғы маусымға арналған құрамын таныстырды. Онда 16 жыл бойы әлемдік спортта Қазақстанның  төлқұжатына айналған команда алдағы маусымда жаңа құраммен,  жаңа (Astana Qazaqstan Team) атауымен жарыс жолына шығатыны айқындалды. 17-маусымға дайындығын пысықтап жатқан отандық команда жейдесінде әлемнің 7 елінен, атап айтқанда Қазақстан, Италия, Колумбия, Испания, АҚШ, Беларусь және Оңтүстік Африка елінің өкілдері саналатын 29 шабандоз өнер көрсетеді. Әлемдік пелотонда өз орны бар команданың көшбасшылары жанкүйерлерге жақсы таныс, жаңадан қосыл­ғандар да өздерін басқа жобаларда жоғары деңгейде көрсеткендер. Өткен маусымда үш рет жеңіс тұғырына көтерілген және «Тур де Франс» көпкүндігінің жалпы есебінде 7-орын­ға ие болған Алексей Луценко (Қазақстан), «Джиро д'Италия» мен «Испания Вуэльтаның» қола жүлдегері Мигель Анхель Лопес (Колумбия), гранд-турдың үш дүркін жеңімпазы («Астана» командасының құрамында екі рет «Джиро д'Италия» мен бір рет «Тур де Франс») Винченцо Нибали (Италия), классикалық велобәйге шебері, өткен маусымда екі рет жеңіске жеткен және тартысқа толы «Париж-Рубэ» жарысында 4-орынға ие болған Джанни Москон (Италия) команда көшбасшыларының қатарында. Ал 23 жасқа дейінгі шабандоздар арасында Қазақстан чемпионы Нұрберген Нұрлыхасым мен «Гран Премио делла Либерация» бір күндік жарысының жеңімпазы, италиялық Микеле Гадзоли жаңа маусымда команда құрамына енген жас спортшылар ретінде таныстырылды. Елордалық коман­даның бапкерлер тізімінде бас спорт директоры, отандық маман Александр Шефер, спорт директорлары Марио Манзони мен Орландо Маини (екеуі де италиялық) бар. Трансферлік кезеңдегі қиындықтарға қарамастан, команда келер жылға ертерек қамданды, үздік легионерлерімен қош айтысқанымен, бұрынғы көшбасшыларын кері қайтара алды. Соның арқасында қазақстандық клуб жылдағы жетістіктерін жаңартуға, жаңа белестерді бағындыруға ұмтылатын үздік командалардың санатында қала бермек. Бұл туралы Astana Qazaqstan Team бас менеджері Александр Винокуров айтты.
– Бірнеше мықты көшбасшылармен қош айтысқанымызбен, деңгейі жоғары шабандоздарды қатарға қостық. Команда жаңарды, бірақ біз жанкүйер біліп үйренген «Астана» командасы болып қала береміз. Бізді әлем таниды. Винченцо Нибали, Мигель Анхель Лопес пен Андрей Зейц сынды шабандоз­дардың оралуы командаға қосымша спорттық тұрақтылық сыйлайды. Джанни Москон, Джо Домбровски, Давид Де Ла Крус, Валерио Конти және басқа да спортшылардың келуі мақсатымызды айқындай түсті. Ал Алексей Луценко сияқты көшбасшыларымыз коман­даның беткеұстар спортшылары санатында. Шабандоздармен қатар бапкерлер құрамын да күшейттік. Отандық маман Александр Шефердің әлі де берері мол, – деді Винокуров. Ол сонымен қатар 2020 жылы Astana Qazaqstan Team велошабандоздарының елордалық клубтың намысын абыроймен қорғайтынына зор сенім білдірді.
Ал Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов команда сапын толықтырған қазақстандық велошабандоздар­дың легионерлерден еш кем түспейтінін айтты. Әсіресе, жас спортшы Нұрберген Нұрлы­хасым мен қазақ спортына еңбегі сіңген Андрей Зейцтің шеберлігіне тәнті екенін айта келе, оларды клуб сапынан көргеніне қуанышты екенін жеткізді. 2022 жылы өтетін «Тур де Франс» турнирінде капитандық міндетті атқаратын қазақстан­дық велошабандоз Алексей Луценко жаңа маусымда Astana Qazaqstan Team сапында үлкен жетістіктерге жетуге талпынатынын атап өтті.
– Келер жылға үлкен үмітпен қараймын. Команданың маған артқан жауапкершілігін де сеземін. Келісімшарт тағы үш жылға созылды. Бастысы, басшылық маған сенім артып отыр. Спортшы ретінде өзімді дәлелдеуге тырысамын. Жаңа маусым тек қана «Тур де Франстан» тұрмайды. Бұдан бөлек классика­лық жарыстар да бар. Ең бастысы, бізді алда көптеген маңызды жарыстар күтіп тұр, – дейді команда көшбасшыларының бірі Луценко.
Алдағы маусымда Astana Qazaqstan Team алдына қойылған мақсат – Қазақстанды бүкіл әлемге таныту, елдегі велоспорттың дамуына атсалысу, жастарға жол ашу екені сөзсіз. Қазір командада 29 шабандоз бар, оның 10-ы – қазақстандық спортшы. Болашақта, екі-үш жылдың көлемінде олардың қатарын 50-60 пайызға көбейту көзделді. Спортшылардың, велоспорт саласында жүрген мамандардың біліктілігін арттыруда команда тәжірибесін пайдалану да маңызды міндеттердің бірі саналып отыр. Одан бөлек қазір клуб сапында бас­шылық пен бапкерлер құрамында қазақ­стан­дық мамандардың үлесі артты. Талантты әрі тәжірибесі толысқан жергілікті спортшылар да команда қатарына шақыртылуда. Үш бірдей жастар командасы құрылды. Елордалық команда жаңа маусымда алдына үлкен мақсат қойып отыр. Команда көшбасшыларының, сондай-ақ команданың басқа мүшелері қатысатын жарыс күнтізбесі 4-19 желтоқсанда Испанияда өтетін  оқу-жаттығу жиынында анықталады. Ал біз өз кезегімізде Astana Qazaqstan Team кәсіби велокомандасына 17-маусымда толағай табыстар мен жарқын жеңістер тілейміз!