Түгелбай ТӘШЕНОВ: Куәгерлердің арқасында атылмай қалдым
Түгелбай ТӘШЕНОВ:  Куәгерлердің арқасында атылмай қалдым
1,599
оқылды
Желтоқсан оқиғасы жайлы дерек іздеген жанның алдынан шыға келетін баршамызға таныс бір сурет бар. Сот үкімін қасқайып тұрып тың­дап тұрған төрт жігіт. Олар – Қайрат Рысқұлбеков,  Жамбыл Тайжұмаев, Қайыргелді Күзембаев және бүгін біз сұхбаттасқалы отырған Түгелбай Тә­ше­нов. Биыл Желтоқсан оқиғасына – 35 жыл. Тарих үшін аз да, көп те уақыт емес. Қарақалпақстанның Қоңырат қаласында дүниеге келген кейіпкеріміз бұл күндерде  Алматы облысы Қарасай ауданындағы Шамалған бекетінде бұйығы ғана күн кешіп жатыр. Биыл ол мерейлі 60  жасқа толды. Оны елеп-ескерген тағы ешкім жоқ. – Түгелбай аға, алғашқы сауалымды мынадан бастасам деп отырмын. Сіз алаңда осындай оқиға болып жатқаны туралы алғаш қайдан, кімнен естідіңіз?   – Мен ол кезде Алматы құрылыс техникумының кешкі бөлімінде 3-курста оқушы едім. Қосымша СМУ деген мекемеде құрылысшы болып жұмыс істейтінмін. 16 желтоқсан күні түнгі кезекте жұмыста болдым.  Сол жерде Қазақстан Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевты алып тастап, орнына ешкім білмейтін, республиканың ішкі-сыртқы жағдайынан мүлдем бейхабар Колбин деген адамның сайланғанын естідік. Сол жердің өзінде біраз қазақ жігіттері Мәскеудің бұл шешіміне деген наразылығымызды айтысып қалдық. Бірақ ол жерде алаңға шығу туралы ешқандай әңгіме болған жоқ. Таңертең жұмыстан қайтып келсем,   жатақхананың алдында 100-ге тарта қыз- жігіттер жиналып алаңға бет алғалы тұр екен. Сұрастырсам, сол кешегі Мәскеудің шешіміне наразылық ретінде алаңға шықпақ екен. Іште түндегі әңгіме бар. Мен де бірден қосылып кете бардым. Барлығымыз алаңға Шәмші Қал­даяқовтың қазіргі Әнұранымыз – «Менің Қа­зақ­станым» әнін хормен шырқап бар­дық. Алғашында жастар тек бейбіт түрде наразылық білдіріп тұрды. Артынан қару­лы күштер мен милиция келіп, жастарды күшпен тарқата бастады. Міне, сол кезде жастар да қарсылық танытып, екі жақты қақтығыс басталып кетті. – Кезінде Кеңестік Одақ көлемінде үлкен сенсация тудырған әйгілі сурет бар. Ол жерде Халық Қаһарманы Қайрат Рыс­құл­беков пен тағы екі желтоқсаншы батыр бар, төртеуіңіз бірге сот залында қасқайып тұрсыздар. Жалпы, сізге қандай айып тақ­ты?  – Жоғарыда  айттым ғой,  түрлі күштік құрылымдар мен жастар арасында қақ­тығыс болды деп. Сол кезде тәртіптік жа­сақ­тың мүшесі болып жүрген Сергей Савицкий деген біреу басынан қатты соққы алып, бір күннен соң ауруханада қайтыс болады. Соның өліміне Қайрат екеумізді кінәлады.  Олардың айтуы бойынша, Қайрат  екеуміз оны  өлімші етіп сабап, есінен тандырып тастағанбыз. Алты айға жуық уақытқа созылған тергеу мен сот ісі ең соңында  екеумізді де бірдей кінәлі деп тауып, ату жазасына кесетін болды. Артынан, соңғы сот отырысында сол күні алаң­да болған, бірге жұмыс істейтін екі  жігіт  куә ретінде шақырылды. Солар мен туралы өздерімен бірге болғанын, Савицкий  соқ­қыға жығылған уақытта басқа жақта болға­нымызды айтып, куәгерлік берді. Айып­тау­шылардың айтуы бойынша, қайтыс болған адам Сәтпаев пен Желтоқсан көшесінің қиылысында соққыға жығылған. Менің және екі куәгерімнің айтуы бойынша, ол кезде біз Фурманов пен Сәтпаев көшелерінің қиы­лысын­да болғанбыз. Содан кейін барып менен ол айып алынып тасталып, іс бұзыл­ды. Бірақ алаңға барғаным үшін 15 жылға бас бостан­дығымнан айыруға үкім шығар­ды. Кейіннен Қайраттың да ол іске қатысы жоқ екені дәлелденіп, оның жазасы, 20 жылға сотталумен алмастырылды. Оған бір қазақ қызына араша түсіп, милиционерді ұрғаны үшін деп айып тағылды ғой деймін. Артынан сот үкім оқығанда екеумізге де бірдей алаңға шыққан жастарды ұйым­дастырған деген жаза тағайындалғанын естідім. – Оның алдында Қайрат Рысқұлбековті жеке танушы ма едіңіз? – Жоқ, танымаушы едім. Алаңдағы топ арасынан да оны былай жеке байқамаған екенмін. Ол жерде өте көп қазақ жастары болды. Дәл қасыңда, не жақын тұрған адам болмаса, ешкімді тану мүмкін емес. Қайрат батырды, қалған екі-үш жігітті де сот пен тергеуге барып жүргенде ғана бірінші рет бетпе-бет көрдім. желтоқсан – Сізге басқа қандай айып тағылды? – Мені алғашқы тергеу кезінде Савицкийдің өліміне қатысы бар деген айыптарын дәлелдей алмаған. Куәгер деп әкелген адамы мені мүлде танымайтын болып шықты. Сөйтіп, өздері масқара болды. Артынан, «психикасында ауытқуы бар» деп психдиспансерге апарып тастады. Сол кезде жатақханадағы бөлмеме тінту жүргізіпті. Тінту кезінде өзімнің ұлттық салт-дәстүрге қатысты бір жазып жүрген жобам болатын. Соны тауып алыпты. Табылған қалың дәптерде үлкен әріптер­мен «Қазақ» «Қазақ» деген сөздер бар болатын. Осыдан кейін мені Каблуков көше­сіндегі жоғарыда айтқан психдиспансерден шығарып алып, «нағыз ұлтшыл» деп  танып, Мемлекеттік қауіпсіздік коми­тетінің абақ­тысына әкеліп  қамады. Осы кезде ма­ған  алаңға шыққан жастарды ұйымдас­тырушылардың бірі деген айып тақты. Содан кейін оған қоса  Савицкийдің өлімі­не қатысың бар деген әңгімені қайта бастады. Аяғы жоғарыда айтқанымдай сотқа дейін жетті.  – Қамауда неше жыл отырдыңыз? Қа­лай ақталып шықтыңыз? – Бас-аяғы бес жыл отырып, 1992 жылы ақталып шықтым. Ақталу cебебім осы жылы Жоғарғы сот Қайратты толықтай ақтады. Содан кейін Қайратпен бірдей кінә тағылған мен де ақталып шықтым. – Желтоқсан қаһарманы ретінде мемлекеттен немесе жергілікті биліктен қандай да бір көмек алдыңыз ба? – Ондай ешнәрсе алған жоқпын. Тіпті, соны міндетсініп, ешкімнің алдына барған да емеспін. Анда-санда желтоқсаншылар бір ұйым  сияқты бірнәрсе құратын болса, мені тауып алады әйтеуір. Бірақ олар да бірнәрсе алып берген емес. Тек қоғамдық ұйым ретінде сол ұйымның  түрлі төсбел­гілер мен марапаттаумен ғана шектеледі. – Сіздің өмір тағдырыңызды іздестіріп отырып, «Абақтыдан шыққаннан кейін белгілі ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлей­менов­тің аз-маз шапағатын көрген» деген дерек кездестіріп қалдым? – Ол былай болды. Мен Шымкент қаласындағы түзеу мекемесінен ақталып босап шыққан соң Алматыға келдім. Бұл жақта ешқандай ағайын-туыс жоқ. Ата-анам мен бауырларым Қарақалпақстанда қалған. Сонымен, не де болса деп сол кезде зейнеткерлік демалыстағы Дінмұхамед Қонаевтың үйіне іздеп бардым. Ондағы ойым, «әрі қарай қалай өмір сүріп кетсем болады?» деп ақыл сұрау еді. Ол кісі сондай жылы қабылдады. Менің көзімше сол кездегі Жазушылар одағының төрағасы, ақын Олжас Сүлейменовке телефон соғып, маған қандай да бір көмек көрсетуін өтінді. Артынан Олжас Сүлейменов қабылдап, осы қаладан екі бөлмелі пәтер сыйлады. – Қазір сол үйде тұрасыз ба? – Жоқ, кейін басыма бір қиындықтар түсіп, қарызданып қалдым да, ол үйді сатып жібердім. Қазір қаланың іргесіндегі Қарасай ауданына қарасты Шамалған елді мекенінде үлкен қызымның үйінде тұра­мын. Тұрақты жұмысым жоқ.  Екі қолға бір күрек деп, кездескен жұмысты істей беремін. Осы күнге дейін аудандық не ауылдық әкімдіктің адамдары келіп, жағдайымды да сұраған емес. Шамалы уақыт бұрын Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса келіп, «Қазақ Республикасына – 100 жыл» деген мерекелік медальмен марапаттап кетті. Басқалар сол,  жылда бір рет Желтоқсан оқиғасының күні жақындағанда есіне алып, кездесу, бірдеңелерге шақырады. Одан кейін ешкімге Тәшенов керегі жоқ. – Жоғарыда бір сөзіңізде ұлттық бол­мысқа қатысты жазып жүрген жобам бар еді. Соны тінту кезінде тауып алыпты деп қал­дыңыз. Ол не жоба еді? – Оны негізі жоба дегеннен гөрі тұжы­рымдама десек, дұрыс болады ғой деймін. Онда негізінен «Қазақ ұлтының ауызбіршілігі мен ынтымағын қалай нығайтамыз?» деген жеті тармақтан тұратын нақты дәлел-дәйектермен жүйеленген ойларым бар еді. Оны кейін абақты да жатқанда қайта жазып шықтым. Одан кейінгі жылдарда  да ізденістерімді тоқтатпай, осыдан он шақты жыл бұрын толық аяқтадым. Дәл қазір дайын тұр. Жерасты байлығын қалай игереміз, ұлттық құндылықтарымызды қалай сақтап қалуға болады, жалпы елдің жағ­дайын бұдан да жақсы деңгейге қалай кө­те­руге болатыны айтылған бірнеше тар­мақ­тардан тұратын ұлттық жоба еді. Осы­дан бірнеше жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың атына қолдау білдіруін сұрап, хат жазғанмын. Артынан түрлі министрліктерден жауап хаттар келді. Ең аяғы сол ортадағы шенділердің немқұрайды қарауы нәтижесінен сиыр­құйымшақтанып кетті. Бірақ әлі де қолдау болса, сол жобамды жүзеге асырсам деймін. Ол Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті үшін пайдасы зор жоба болар еді.  –  Жобаңыздың іске асуына тілектеспіз. Сұхбат бергеніңізге рақмет!