Отандық спорт былықтан тазара ма?
Отандық спорт былықтан тазара ма?
544
оқылды
Токио Олимпиадасынан кейін ел спортындағы біраз жайттың беті ашылып, спорт­шы­лардың басынан өткерген келеңсіз жағдайлар қалың бұқараға белгілі бола бастады. Бір ғана Линдердің қазасы ауыр атлетикадағы ақау-іркілістерінің барын айқындап берді. Спортқа миллиардтап ақша жұмса­ғаны­мызбен, спорттық са­йыс­тардағы нәтижеміз көңіл көншітпей, саңлақтарымыз сенім үдесінен шыға алмады. Бір қызығы, Қазақстанда 45 спорт түріне бюджеттік қаражат­тар және квазимемлекеттік сек­тор­дың демеу қаржысы миллиардтап құйылып жатыр. Алайда Тә­уелсіздіктің 30 жылдығында осы 45 спорт түрінің тек 19 жазғы олимпиадалық түрі бойынша спортшылар түрлі әлем чемпионаттарында 202 медаль әкелді. Бірақ сол 53 әлем чемпионы кейін 53 Олимпиада чемпионына не жүлдегеріне айнала алмады. Оған 2018, 2019 жылдары әлем чемпионаттарында қоржынға медаль салатын спорт түрлерінің саны 8-ге дейін қысқарғанын қосыңыз. Мұндай күйге түсуімізге бірінші кезекте спорт саласындағы «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер себеп болды. Мемлекет осы салаға қажетті қаражатты аударуда. Өкінішке қарай, оның қайтарымы аз. Үш жыл ішіндегі спорт нысандарының жалпы саны республика бойынша біршама өскен. Бұл көрсеткіш спорттың дамуына қуатты серпін беруі тиіс еді. Алайда олай болмай шықты. Өйткені аталған нысандарының көпшілігі – есеп үшін жасай салған дүниелер екені анықталды. Нәтижесінде, Мәдениет және спорт министрлігі «Саладағы қарқынды құрылысқа қарамастан, Қазақстан халықты спорт объектілерімен қамту көрсеткіштері бойынша спорттық тұрғыдан дамыған көптеген мемлекеттен артта қалды» деген қорытынды шығарды. «Бірінші проблема – сала мамандарының консерватизмі, басқарушылық шешім қабылдауда қатып қалған стереотиптерден ауытқымаушылығы. Екіншіден, спорт резервін даярлау міндеттерін шешу кезінде ведомствоаралық және деңгей­аралық бытыраңқылық жайлаған, олардың іс-қимылы өзара үйлес­пей­ді, келісілмей жасалады. Үшін­шіден, жас спортшыларды даярлау кезінде олардың жас, физиологиялық және психо­логия­лық ерекшеліктері толық­қанды есепке алынбайды. Бұл жас дарынды шамадан тыс үдемелі жаттықтыруға және оның кәсіби «жанып кетуіне» әкеп соқтыр­ады», – деп ашық жазылған Мәдениет және спорт ми­нистрлігінің талдауында. Төртінші мәселеде спорт мектептерінде допингке қарсы білім берудің өте төмен деңгейде екені айтылған. Спортшылар нақты қандай препараттарды тұтынуға болмайтынан біліңкіремейді. Бесінші мәселеде, спорт резервін даярлау жүйесінде Біріңғай медициналық қызмет тұралап қалғаны баяндалған. Алтыншы проблемамыз елімізде ғылыми-әдістемелік, медициналық, қалпына келтіру және меди­цина­лық-биологиялық қамтамасыз ету ісі артта қалған. Жетінші мәселеде мүгедектігі бар жандарға спортпен шұғылдануға, соның ішінде паралимпиада жеңімпаз­дарын даярлауға тиісті жағдай жасалмағаны көтерілген. Міне, осындай кемшіліктер ел спорты­ның кежегесін кейін тартып тұр. Бүгінде қазақстандық спорт­тың деңгейі африкалық елдерден де төмен. Оны жазғы Олимпиада анықтап берді. Спорттық инфра­құрылымдар да жеткіліксіз, көп­шілігінің тозығы жеткен. Олимпиада ойындарында 3 спорт түрі­нен финалға шыққан спортшы Милад Карими елге келген соң Қазақстанда спорт алаңдары жетіспейтінін айтып шағымданған болатын. Ол мұндай жағдайда жас спортшылардың спортқа деген қызығушылығы жоғалатынын айтты. Спортшының көтеріп отырған мәселесінің шындыққа жанасатынына 1984 жылы бой көтерген Павлодар облысындағы спорт мектебінің төбесі опырылып түскені анық дәлел болды. – Соңғы кезде отандық спортшылар жанайқайын ашық айтуда. Жалақының аздығы, бапкердің басынуы, жағдайдың жоқтығы жандарына батады. Ауыр атлеттер бас көтеріп жатыр. Олимпиада қарсаңындағы әділетсіздіктен соң жүйеден шаршаған грек-рим кү­ресінің балуандары да көпшілікке назын айтты. Өкінішке қарай, біздің спортшылар азғантай ақ­ша­ны көлденең көк аттылармен бөлісуге мәжбүр. Одан қалса, бап­кер­лердің қалай қыр көрсе­тетіні белгілі болып қалды. Аль­берттің қазасы біраз нәрсені аң­ғартып кеткендей. Тәртіпке ба­ғынған адам құл болмайды. Бірақ спортқа өмірін беріп, спорттан несібесін іздеп жүрген жандардың жолын байламайық. Онсыз да үлкен спорттан соң өзін таппай, адасып қалатын қаншама жан бар.  Спорт саласына жауаптылар әрбір құраманы тексеріп, өзін Құдай санайтын бапкерлердің жазасын берсе екен. Әсіресе, ауыр атлетикадағы былықтың бетін ашатын кез жетті. Мен біреуді қорлауға, ар-намысына тиюге, балағат сөзбен жер қылуға мүлде қарсы адаммын. Тәртіп болсын, бірақ әдептен аспайық, – дейді спорт журналисі Ақырыс Сейіт­қазы. Бапкердің таяғының астында қалудан басқа, спортшылар моральдық қысымға ұшырап жат­қан­дарын да ашық жеткізді. Оған мысал – Ангелина Лукас пен Назым Қызайбайдың арасындағы жанжал. Қыздар бір-бірін буллинг құрбаны етсе, Түркістанда жас спортшы намазға жығылғаны үшін оқудан шығарылған. Ал Ақмолада мамандандырылған мектеп-интернат тәрбие­лену­ші­лері өзара әлімжеттікпен айна­лыс­қан. Бүгінде Мәдениет және спорт министрлігі бірінші кезектегі маңызды қадамды жазғы Олимпиада ойындарына спортшыларды дайындаған бапкерлер қатарын тексеруден бастады. Ар­тынша «Спорт трансформациясы» жобасын іске қосып, бұқа­ра­лық спорт, спорттық инфра­құрылым, спорттық резерв, кадрларды дайындау, спорттық медицина сияқты негізгі даму бағы­ттары бойынша жұмыстар қолға алынды. Мәдениет және мәде­ниет министрлігінің мәліметінше, қазір 2022 жылға заң жобасына ұсыныстар тізімі даярланып жатыр. Сондай-ақ министрлік спорт резервін даярлау мәселелерінің бәрін орталықтан мемлекеттік бақылауға алмақ. Әйтпесе, әкім­дердің басқаруына берудің соңы неге соқтырып отырғаны көпке аян. Сонымен қатар талап бұзға­ны үшін әкімшілік жаза енгізу ұсынылып отыр. Қалай болғанда да, саладағы жаңа саясат пен реформа министрліктің диктатын күшейтетін түрі бар. Ведомство енді әр өңірдегі спорт объектілері қызметкерлерінің біліктілігін тексеруді жоспарлауда, олардың қаржыландыру көздері мен көлемін, қаржылық мұқтаждығын бағамдайды. Мемнысандардың қандай ақылы қызметтер көрсе­те­тінін анықтайды. Қосымша білім беру мекемелеріне, мүге­дектерге қызмет көрсетуіне баса мән береді. Әрбір нысанның техникалық параметрлеріне, нормативтік және өткізу қабілетіне ревизия жүргізеді. Осының бәрі спорт объектісін пайдалану тиімділігін мембақылаудың негізгі критерийлеріне айналады. Реформа аясында спорт түрлері бойынша бюджеттік қаражаттың үлестірілуіне министрлік бақылау орнатады. Әр спорт түріне қанша ақша бөлінуі тиіс екенін де сол айқындамақ. Сондай-ақ бала­ларға арналған жергілікті спорт секциялары арасында мемлекеттік спорт тапсырысының орналастырылуын бақылауға алады. Егер осы жоғарыда айтылған жұмыстар рет-ретімен жүзеге асы­рылса, ел спортындағы ол­қылықтар оңалып, нәтижеге жетер күн де алыс емес.