Қазақтың үлесі 70%: халық санақтарындағы қазақтың үлесі қалай өзгерді?
Қазақтың үлесі 70%: халық санақтарындағы қазақтың үлесі қалай өзгерді?
Фото: Informburo.kz
759
оқылды

Премьер-Министр Асқар Мамин биыл 1 қыркүйек-30 қазанда жүргізілген Ұлттық халық санағының қорытындысын мәлімдеді. Оның дерегінше Қазақстандағы қазақтардың үлесі 70,18%-ға жетті. Aikyn.kz 1897 жылдан бері өткізілген халық санағындағы елдегі қазақтардың үлесінің өзгеріс динамикасын көрсетті.

Санақ нәтижесі бойынша қазір елдегі халық саны – 19,1 млн. Оның 70,18%-ы немесе 13,4 миллионы – қазақ.
1897 жылғы Ресей империясының қазақ даласында өткізген санағынан бастап қазірге дейін 11 санақ өткізілген. Тек 1937 жылы өткен халық санағының деректері құпия сақталған. Себебі 1932-1933 жылдардағы жаппай ашаршылықтан халық шығыны едәуір байқалып, санақ нәтижесі жоққа шығарылған. Салдарынан нәтиже құпия сақталып, Орталық статистика басқармасының жетекшілері "халық жауы" танылып, атылған. 1926 жылғы КСРО Бүкілодақтық халық санағына сәйкес қазақтардың саны 3 968 289 адам болған. 1939 жылғы санақта 3 100 949 қазақ тіркелген. "Алаш" қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның зерттеуінше, 1924 жылы қазақтардың саны 6,47 млн болған, 1937 жылы 2,1 миллионға азайған. Сонда болжам бойынша, 1932-1933 жылдардағы ашаршылықта 4,68 млн қазақ қырылған. 1897 жылдан бергі деректер бойынша Қазақстандағы қазақтардың үлесі ең көп болған жыл – 1897 жыл, ең аз қазақ тіркелген жыл – 1959 жыл.
1897 жылы өткен санақ нәтижесі бойынша ең көп қазақ Семей (90,6%) , Торғай (88,3%) облыстарында тіркелген. Одан кейінгі орындарда Орал (71,3%), Ақмола (62,6%), Сырдария (60,4%) және Жетісу (52,1%) облыстары болған. Ал ҚР Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2021 жылдың басында ең көп қазақ тіркелген өңір – Қызылорда облысы (96,42%). Кейінгі орындарда Атырау облысы (92,86%), Маңғыстау облысы (91,40%), Ақтөбе облысы (83,77%) және Нұр-Сұлтан қаласы (80,39%). Ал ең аз қазақ тіркелген өңірлер қатарында СҚО (35,50%), Қостанай (41,50%), Ақмола (52,29%) және Қарағанды облысы (52,91) және ШҚО (61,54) бар.