Ұлыбритания мен Канада Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына ресми өкілдерін жібермейтін болды.
Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Қытайдағы адам құқықтарының бұзылуына байланысты іс-шараға ешбір министр немесе басқа шенеунік қатыспайтынын айтты. Канада да сол күні Ұлыбританияның ізін ала Қытайдағы қысқы Олимпиада ойындарына дипломатиялық бойкот жариялады.
«Канада Қытайдағы адам құқықтарының бұзылуы туралы хабарларға қатты алаңдаулы. Біз Бейжіңдегі қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дипломатиялық өкілдер жібермейміз», – деп жазды премьер-министр Джастин Трюдо Twitter парақшасында.
Канада Бейжің Олимпиадасына бойкот жариялаған төртінші ел болды. Бұған дейін АҚШ, Аустралия және Жаңа Зеландия да дипломаттарын ойындарға жібермеу туралы шешім қабылдаған болатын. Ендігі кезекте Жапония да дипломатиялық бойкот жариялау мүмкін екені айтылып жатыр. Ал Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) президенті Томас Бах саяси бойкоттардың көбеюіне қарамастан, спортшылардың Олимпиадаға қатысатынын айтты.
Еске салайық, 2022 жылғы Бейжіңдегі қысқы Олимпиада 4-20 ақпан аралығында, ал қысқы Паралимпиада 4-13 наурыз аралығында өтеді.