Қазақстанда тұрғын үй қашан арзандайды? - сарапшылар жауап берді
Қазақстанда тұрғын үй қашан арзандайды? - сарапшылар жауап берді
Фото: Nytimes.com
383
оқылды

Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы баға қашан тұрақтайды? Елдегі тұрғын үй құны неге арзандамайды? Бұл сұрақтарға жылжымайтын мүлік нарығының сарапшылары жауап берді.

Биыл қарашаның ортасында Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсірепов қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы 10%-ға дейін арзандайтынын айтқан еді. Біз Ермек Мүсіреповтен бұл болжамның қазір қаншалықты өзекті екенін сұрадық. [caption id="attachment_175165" align="alignright" width="170"]Ермек Мүсірепов Ермек Мүсірепов[/caption]
"Иә, жыл соңына дейін қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы 10%-ға дейін арзандайды деп болжадық. Бірақ зейнетақы жинағынан алынатын жеткілікті шектің өзгеруі нарықты қайта дүрліктірді. БЖЗҚ-ның мәлімдемесінен кейін сұраныс екі есе өсті. Қазір ел зейнетақы жинағындағы артық ақшаны қолданып қалуды ойлап, дүрлігіп жатыр. Сәйкесінше баға да өсті. Жаңа үйлердің құны аса қымбаттамайды, себебі қымбаттаудың шегіне жетті. Әсіресе, эконом кластың IV санатындағы үйлердің бағасы енді өссе, тұрғындардың шамасы жетпей қалады, сосын ешкім сатып алмайды. Ал қайталама нарықтағы баға 15%-ға көтерілуі мүмкін, әсіресе бағасы салыстырмалы түрде арзан бір бөлмелі және екі бөлмелі пәтерлер құны қымбаттауы мүмкін", – дейді Ермек Мүсірепов.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының шешімімен зейнетақы жинағының жеткілікті шегін көтеру мерзімі 1 сәуірге дейін ұзартылды. Сарапшы Ермек Мүсіреповтің айтуынша, мерзімнің сәуірге дейін ұзартылуы тұрғын үй нарығындағы дүрлікпенің де ұзаққа созылуына әсер етті.
"Нарықтағы дүрлікпе сәуірден кейін тұрақтайды. Себебі желтоқсаннан сәуірге дейін адамдар зейнетақы жинағындағы қаржысын барынша пайдаланып қалуға тырысады, сол үшін бәрі үй іздейді, сатып алады, жоспарлайды. Ал мұндай кезде үй сатушылар да қарап қалмайды, тұтынушы сұранысына қарайды", – дейді Қазақстанның жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы Ермек Мүсірепов.
Ал жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы Аасим Огайдың айтуынша, Қазақстанда тұрғын үй тапшы, оны тұрғызатын құрылыс компаниялары да аз.  [caption id="attachment_175162" align="alignleft" width="195"]Аасим Огай Аасим Огай[/caption]
"Тапшылық бар жерде баға да өсе береді. Жылжымайтын мүліктің бағасына негізгі екі фактор әсер етеді, олар: құрылыс материалдарының бағасы және тұрғын үй тапшылығы. Ал Қазақстанда құрылыс материалдары үнемі қымбаттайды. Ел тұрғындарының саны өсіп жатыр, бірақ тұрғын үй жетпейді. Сәйкесінше оның бағасы да өседі", – дейді Аасим Огай.
Сарапшыдан тұрғын үйдің құны қандай жағдайда арзандайтынын да сұрадық.
"Құрылыс компаниялары көбейіп, олар көбірек үй сала бастаса, жаңа үйдің де, қайталама нарықтағы үйдің де бағасы сәл болса да, түсуі мүмкін. Сонымен бірге халық саны азайған жағдайда да баға түсуі мүмкін", – деп жауап берді сарапшы.
Оның пікірінше, зейнетақы жинағына байланысты нарықтағы баға өсті, сұраныс азайған кезде баға тұрақтауы мүмкін. Бірақ бұл тұрғын үй құны арзандайды дегенді білдірмейді.  
"Қазақстанда тұрғын үйге сұраныс тек ішкі нарықта бар. Себебі біз туристік ел емеспіз, шетелдіктерге жылжымайтын мүлік сатпаймыз. Мысалы, Еуропа елдерінде дағдарыс болса, пандемия басталғанда жылжымайтын мүлік бағасы түседі. Себебі ондағы құрылыс компанияларының инвесторлары – шетелдіктер. Инвесторлар қаржы салмаса, ол елге қызығушылығы төмендесе, тұрғын үйдің құны да арзандайды. Ал біздегі тұрғын үй нарығында шетелдіктер жоқ. Сол үшін баға тек ішкі нарықтағы жағдайға байланысты өзгереді, ал сұраныс жоғары болса одан сайын өсе түседі. Әсіресе, Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы тұрғын үйлерге сұраныс жоғары. Себебі бәрі сол жақтан үй алғысы келеді", – дейді жылжымайтын мүлік бойынша сарапшы Аасим Огай.
Еске сала кетейік, Ұлттық статистика бюросының дерегінше, биыл қазанда жаңа үйлердің 1 шаршы метрі 352 654 теңгеге бағаланды. Баға жыл басынан бері 13,8%-ға өскен. Қайталама нарықтағы тұрғын үйдің құны жыл басынан қазан айына дейін 1 шаршы метрі 19,6%-ға қымбаттады немесе 279 216 теңгеге дейін өсті. Баға бір жылда  23,7%-ға өскен. Қазанда тұрғын үйлері қымбаттаған өңірлер қатарында Маңғыстау (4,5 есе), Атырау (4 есе), Қарағанды мен Қызылорда (2,1 есе) және Ақтөбе (2 есе) облыстары бар.