Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміз көлік байланысын дамытуды бірінші кезекке қойғаны белгілі. Сондықтан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тозығы жеткен жолдарды қалпына келтіруде қыруар жұмыс тындырды деуге болады. Бұған қала мен қаланы жалғап жатқан тақтайдай түзу жолдар, жанға жайлылық әкелетін автобандар дәлел. Отыз жыл ішінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 3 мың шақырымы салынып, 27 мың шақырымы жөндеуден өткен. Қазір бірталай ауқымды бағдарлама іске асырылды, көлік қызметтерін көрсететін қолайлы бәсекелестік орта қалыптасты, құқықтық негіздің іргесі қаланды.
Мемлекетіміз аумағы бойынша әлемдегі тоғызыншы орында тұр. Оның үстіне, байтақ жерді мекендейтін халық саны да көп емес. Қалалар мен елді мекендердің арасы да алшақ. Міне, осы факторлар мен жаһанданудың үдемелі процестері автожол саласын дамудың басым бағытына, өзекті мәселесіне айналды.
Автожолдарды кеңейту төңірегінде қабылданған алғашқы бағдарламалардың бірі автожол саласын дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы болды. Құжатқа сай 15 мың шақырым жол қайта қалпына келтірілді. Ертіс және Жайық өзендері үстіне жаңа көпірлер салынды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бағыс – Атамекен және Қызыләскер – Асықата автожолдарының инфрақұрылымы жасалып, оның бойында ірі жаңа нысандар пайда болды. Ел үшін маңызды рөл атқаратын Астана – Алматы автомагистралі да қайта жаңартылды. Тіпті, 2009 жылы елімізде алғашқы «Астана – Бурабай» автобаны ашылды. Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытай арасында ынтымақтастық байланысы нығая түсті. Себебі, 2004 жылғы келісімі бойынша құрылған Шекара бойындағы ынтымақтастықтың «Қорғас» халықаралық орталығы Шығыс Азияға ашылғаны қақпа іспетті болды.
Екінші бір дүние – теңіз порттарына шығу жолдарын ашу. Соның арқасында Ақтау халықаралық теңіз портын қайта қалпына келтіру жолға қойылды. Бұл дегеніміз – Қазақстанның Каспий теңізі арқылы халықаралық көлік маршруттарына қосылуына мүмкіндік береді деген сөз. Осылайша, Қазақстан үшін Каспий арқылы Қара теңіз – Жерорта теңізіне және Балтық бассейндеріндегі Парсы шығанағы мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы порттарға төте жол ашылды. Әрі транзит жүк ағыны үшін қолайлы жағдай туып отыр.
2000 жылдардың ортасында Қазақстан Каспий және Қара теңіз аралығында кеме жүзетін «Еуразия» каналы құрылысының жобасын ұсынды. Ал 2006 жылы ұлттық көлік жүйесін еуразиялық көлік дәліздеріне кіргізуді басты бағыт етіп белгілеп, осы бойынша ауқымды жоспар 2015 жылға дейінгі Көлік стратегиясында енгізілді. Кейінірек «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданды да, елдегі жол сапасын жақсарту, инфрақұрылымдық саланы индустриалды дамумен бір мезетте өркендету және осы бағыттар арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу қолға алынды. Мұның нәтижесі де жоқ емес.
Жібек жолы жобасы да қарқынды дамып, Шығыс пен Батыс арасындағы транзиттік көпірге айналды, бұл Қазақстан экономикасының дамуына тың серпін береді.
Елбасы бұл орайда: «Біздің тарихымызда қазіргі кездегідей шетсіз-шексіз даламызды қамтыған жолдар салынған емес. Бүгінгі күні Шымкенттен Алматыға жылдам келуге болады. Шымкенттен Ақтөбеге, одан әрі Ресейге Астана мен Бурабайдың арасындағы жолмен жүргендей, көзді ашып-жұмғанша жетіп барамыз. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Қазақстан аймақтарына автожолдар жан-жаққа қым-қиғаш тарам болып салынып жатыр. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жететін игі іс» деген еді. Расында да, «Нұрлы жол» бағдарламасының сәтті жобалардың біріне айналғанын көз көрді.
Сонымен қатар «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 24 мың шақырым жолды, яғни республикалық жолдың бәрін қайта жаңарту және жол бойындағы қызмет көрсетуді қамтамасыз ету міндеті тұр. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның мәліметінше, 12 мың шақырым жолдың 3,6 мың шақырымы – ауыспалы учаскелер. Ал жалпы алғанда 2022-2023 жылдары Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды, Жезқазған – Петропавл, Қарағанды – Аягөз, Семей – Өскемен, Атырау – Орал секілді 8,4 мың км жаңа жол пайдалануға берілуге тиіс.
Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке: «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында көлік логистикасы жүйесінің тиімділігін арттыруды және елдің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуды тапсырды. Бүгінде 400 мыңнан астам адам жұмыс істейтін көлік саласы ел экономикасының серпінді даму драйверіне айналды. Қазақстан көлік саласын және көлік дәліздерінің транзиттік әлеуетін дамыту үшін зор күш-жігер жұмсауда» деген еді.
«Алыс жүрсек те жолмен» жүретін елдің көші түзу болсын! Қазақта «ауыр жол атанды сынайды» деген тәмсіл бар. Бастысы, ауыр жолда сынамайық. Елдің экономикалық және саяси өмірінің маңызды саласына айналған көлік қатынасы автожолдарға тікелей байланған. Ендеше, бұл салада атқарылып жатқан ауқымды істердің бәрі ел игілігі үшін істеліп жатқанын сөзсіз.