Денсаулық сақтау саласына білікті басшы керек
Денсаулық сақтау саласына білікті басшы керек
521
оқылды

Алматыдағы «ҚДСЖМ» Қазақстандық медициналық университетінде елімізге белгілі дәрігер, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ардагері, «Белсенді ұзақ өмір» қоғамдық қорының президенті – Гүлшара Ғазизқызы Урмурзина  «Көшбасшылық» тақырыбында актілік дәріс оқыды. 

Саналы ғұмырын денсаулық сақтау  саласына арнаған белгілі дәрігер-педиатр медицина қызметкерлері үшін білімді жетілдіру мәселесіне баса назар аударуға шақырды.  40 жылдан астам уақыт түрлі деңгейде басшылық қызметін атқарған Гүлшара Ғазизқызы  алғашқы   «Хоспис» мемлекеттік қайырымдылық мекемесін, Алматыдағы соматикалық балалар санаторийін,  мейірбике күтімі ауруханасын құрған  кездегі қызықты оқиғаларын айтып, жас әріптестерімен тәжірибесімен бөлісті.

«Басшы болу, әсіресе денсаулық сақтау саласында қызмет ету мамандыққа деген адалдықты талап етеді. Барлығы теориядағыдай оңай емес, кей кездері қалыпты емес шешім қабылдап,  бірінші орынға әрдайым  науқастың мүддесін кою үшін жұмыс істеу міндетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары отандық денсаулық сақтау саласында қызмет ету ешкімге де оңай болмады, қызметіне шын адал жандар ғана қадам басты. Содан да болар, ардагерлер бүгінге дейін тынбай еңбек етіп келеді.  Бүгінде дәрігер боламын, қоғамдық денсаулық сақтау саласында қызмет етіп,  менеджер атанамын деген әрбір жанға айтар кеңесім – қызметіне адал болып, үздіксіз білімін жетілдіру  мәселесіне баса назар аудару керек. Себебі  денсаулық сақтау саласына білікті басшы керек!» – деді  Гүлшара Ғазизқызы.

Актілік дәріс  Урмурзина Гүлшара Ғазизқызының 80 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып, шараға Алматы қаласы әкімдігінің, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілдері, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының басшысы, әріптестері мен замандастары, шәкірттері: Әбілдаев Т.Ш., Ахметов В.И., Султангазиева С.Е., Ержанов К.Д., Куракбаев К.К., Мадеева Ж.А., сондай-ақ Университеттің магистранттары мен докторанттары қатысты. Денсаулық Урмурзина Гульшара Газизқызы 1966 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтын бітірген. Педиатрия бойынша клиникалық ординатураны аяқтағаннан кейін Алматы Мемлекеттік Дәрігерлер Білімін Жетілдіру Институтында ординатор дәрігер, № 2 қалалық балалар клиникалық ауруханасының бөлім меңгерушісі, № 3 қалалық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары болып жұмыс істеді. 1978 жылдан бастап Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасы  бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарады. 1985 жылы № 1 қалалық балалар клиникалық ауруханасының бас дәрігері болып тағайындалды. ҚазКСР Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамын  басқарды. 1987 жылдан бастап ҚазКСР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болып жұмыс істеді. 1991 жылы Алматы қ. Денсаулық сақтау басқармасының бастығы лауазымына тағайындалды. 1995 жылы Алматы қ. Міндетті медициналық сақтандыру қорын басқарды. 1999 жылы Қазақстанда алғаш рет «Хоспис» мемлекеттік қайырымдылық мекемесін құрды және бірнеше жылдар бойы басқарды. Денсаулық Денсаулықты қорғау және нығайту ісіне өлшеусіз үлес қосқаны үшін наградалардың, медальдар мен алғыс хаттардың иегері. Қазіргі уақытта «Белсенді ұзақ өмір» қоғамдық қорын басқарады. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «ҚР Денсаулық сақтау үздігі» (1992 ж.) және «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» (2011 ж.) ведомстволық төс белгілерімен марапатталған.