Азаттық – ұлт аңсары
Азаттық – ұлт аңсары
386
оқылды
30 жыл... Енді санаулы күндерден соң ұлан-ғайыр сахарада ұлы мемлекеттер құрған бабалар ұрпағының араға ғасырлар салып қайтадан азаттықпен қауышқанына 30 жыл толады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында «Осыдан 30 жыл бұрын біз саналы түрде, өз дүниетанымымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық», – деп тәуелсіздіктің ұлт таңдауы болғанын атап өткен еді. Елбасы атап өткендей, Ұлы далада сақ, ғұн, түрік заманында-ақ ұлыстар құрылған. Бабалар ежелден азат болуды болмыс деп таным, еркін ел болу идеясын дүниетанымына айналдырса керек. Ал қазақ халқы Алтайдан өрбіген күллі түркінің қара шаңырағын ұстап қалды. Атақонысын сақтап қалды. Мемлекет­шілдікті өмірлік қағида етті. Әрі мемлекетшілдік дәстүрді қандай қиын-қыстау дәуірлерде де жойған жоқ, елдік рухты санадан өшірген емес. Тіпті, күші басым жұрт Ұлы даланы отар еткен жылдарда да азат болуға деген аңсарын қазақ халқы ешқашан әлсіреткен емес. Елбасы мақаласында да осы болмысы сипатталған еді. Мақаланың тағылымды болатыны – содан. Әрине, тәуелсіздік жайлы сөз еткенде, арғы дәуірлердегі жетістіктер де, азаттық алғаннан бергі табыстар да жиі еске түсетіні анық. Қазақстан – 30 жыл ішінде Ұлы далада құрылған ұлық ұлыстардан қалған еркіндік рухын жаңғырта білген мемлекет. Елбасының өзі айтқандай, Қазақстан тәуелсіздігін жариялайтын кезде Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты мен халық та тәуелсіздіктің ата-бабала­рымыздың азаттық жолындағы жан алы­сып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы екенін түсінді. Әрі оның ХХ ғасыр шарттарында халықаралық құжаттармен бекітілуі тиіс екенін де се­зінді. Тәуелсіздіктің тағдырдың мәңгі­лікке берген сыйы болары да түйсінді. Содан да шығар, өткен ғасырдың 90-жыл­дарындағы әлеуметтік-экономи­калық дағдарыс кезінде қалың ел Пре­зиденттің жанынан табыла білді, қиын­шылыққа төзді, сабыр етті. Бүгінде сол төзім мен сабырдың игілігін күллі халық көріп отыр. Ал бұл істе Елбасының рөлі зор болатын. Бірақ мақалада Нұрсұлтан Әбішұлы «мен істедім» демеді. «Мың істегенін» тұспалдады. «Біз ашуды ақыл­ға, асығыстықты сабырға жеңдіріп, үнемі әліптің артын бағып, аңысын аңдумен болдық. Маған батылырақ қимылдау үшін бүкілхалықтық мандат керек еді. Осылайша, 1991 жылғы 1 желтоқсанда ел тарихындағы тұңғыш Президенттік сайлау өткізіліп, онда халықтың 98%-дан астамы қолдау білдірді. Бұл маған қанат бітіріп, еркін қимылдауыма жол ашты», – деуінің сыры – осында. Көптің қолдауы арқылы ғана қамал алуға болатынын меңзеді. Сондықтан Бауыржан Момыш­ұлының сөзімен айтқанда, «мың істеді дегенше, ер істеді десеңші, ер істеді де­генше, ел істеді десеңші...» дегенге сая­тын ұстанымынан жаңылған жоқ. Біздің пайымдауымызша, жалқының еңбегін жалпының тағдырымен байланыс­тыратын осынау қызметті Елбасы атап өтуді жөн санамаған сияқты. Ұлтына қызмет еткен ұл екенін сезінгендіктен де шығар. Алайда тәуелсіздік шежіресі Н.Назарбаевтың ерен еңбегімен, қа­жырымен қатар өрілетінін жасырудың қажеті жоқ. Жалпы, Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласының мазмұны терең, мағынасы ерек екенін көзі қарақты жұрт сезіп отыр. Азаттықтың айтулы мерейтойы қарсаңында жариялануының өзі егемен ел болу жолындағы күрделі сәттерді басынан өткермеген жаңа буын­ды тәуелсіздік алар сәттегі күрделі сәт­терден, саяси күрестен, геосаяси ахуал мен тұтас жағдайдан хабардар ету мақ­сатын көздейтін сияқты. Бұл – ұрпақ санасын жаңғыртып отыру үшін қажет тәсіл. Тәуелсіздік алғаннан бері 9,5 мил­л­ионнан астам сәби дүниеге келіп, олар­дың үштен біріне жуығы азамат болып, еңбекке араласа бастағанын ескерсек, жаңа ұрпаққа азаттықтың құнын сездіру әрқашан өзекті болып қала береді. Тарих оқулықтарындағы мәліметтердің орны ерекше саналғанымен, тәуелсіздікті жариялау процесіне қатысқан, тіпті оның бастауында тұрған тұлғаның естелігі өзгеше болады. Олар сол дәуірдің куә­герлері. Ал куәгердің пайымдары өзгеше болады. Оның үстіне, Елбасы 30 жыл бұрынғы оқиғаларды да, одан бұрынғы дәуірлерді де бір ғана мақаласына сыйдырып жіберген. Сондықтан «Тәуел­сіздік тағылымын» Мұстафа Кемал Ата­түріктің «Нутук» («Сөздер») атты жинағы тәрізді құнды құжат ретінде бағалауға болады. Мұны мақаланың бірінші ерекшелігі деп қарастырған жөн тәрізді. Екіншіден, Елбасы мақаласының желтоқсанда, қыстың алғашқы айының 6 жұлдызында жариялануында да ерекше мән бар. Мақала алдымен өткен ғасыр­дың 90-жылдарындағы оқиғалардан толық хабардар бола қоймаған жас буын­ның «Біз неге тәуелсіздікті ерте жария­ламадық?» дейтін сауалына нақты оқиғалармен жауап беріп тұр. Сонымен бірге 30 жыл бұрынғы оқиғаларды жиі-жиі еске алып, келмеске кеткен КСРО-ны аңсайтын көрші-қолаңның кейбір саясаткерлері мен әсіре белсенділеріне жауап болғанға ұқсайды. Әрі қоғамға ерекше месседж жолдағандай көрінеді. Ұлт үшін тәуелсіз­діктен құнды дүние жоқ екенін, ежелгі дәуірлерден бері ел болып, еркін өмір сүрген халықтың азаттық үшін миллион­даған құрбандық берсе де аңса­рына адал болғанын білдіретін месседж. Жаһандану қарқынды жүргенімен, аралас-құра­ластық көбейгенімен, ұлттың өзіндік бол­мыс-кескіні болатынын, қазақ хал­қы­ның аңсары, дүниетанымы бостан­дықты ту етуге құрылғанын біл­діреді. Үшіншіден, мақалада қазақ қоғамы үшін ұстынға айналар құндылықтың не екені де сипатталған. Бұл құндылық Тә­уелсіздіктің де баяндылығын қамтамасыз етуі тиіс. Н.Назарбаев «...Менің еңбек тақырыбына жиі оралатынымның бір сыры да балалығын соғыс ұрлаған сол ауыр күндерден қалған естелікте болса керек. Адамды қандай қиындықтан да аман алып шығатын құдірет еңбек екенін мен сәби кезімнен-ақ сезіндім. Кейінгі жас­тарға үнемі «Еңбек ет, отбасыңды асыра, еліңе қызмет қыл: өзің де табысты болып, Отаныңның да қуаты артады» дейтінім сондықтан», – деп тәуелсіздікті баянды етер құндылықты айтады. Бәлкім, біреу «еңбек» деп қолға күрек пен қайла ұс­тауды айтатын шығар. Алайда бүлдіршін­нің сабағын жақсы оқып, шет тілдерін меңгергені де, ғалымның ойланғаны да, ұстаздың бала оқытып, дәрігердің адам емдегені де, жаңа заманды ақпараттық технологиясыз елестете алмайтын жас буынның стартаптары да, шекара күзе­тіндегі сарбаздың күнделікті жаттығуы да, қысқасы адамзат баласының мақсатты түрде орындайтын, түбінде белгілі бір нәтижесі бар әрекетінің бәрі еңбек. 90-жылдардың басында КСРО-ның іргесі шайқала бастаған сәттегі саясат­керлердің амал-айлаларының да, Елба­сының ойланғаны мен түрлі қадамға баруының да астарында еңбек, ой еңбегі жатыр. Дипломаттар мен заңгерлердің шекара келіссөздері кезінде даярлаған құжаттары да зор еңбектің нәтижесінде дүниеге келді. Тартылған теміржол желілері, төселген автокөлік жолдары, қайта жанданған өнеркәсіп, астанамызды Сарыарқа төсіне көшіру де ерен еңбектің нәтижесі. Елбасы мақаласында: «XX ғасыр ба­сында алаш қайраткері Ахмет Байтұр­сынұлы «Әлхамдүллә, 6 миллион халық­пыз» деген екен. Патшалық Ресейдегі 1913 жылғы ресми санақ бойынша, Дала өлкесінде, Түркістан өлкесіндегі қазақ­тарды қоспағанда, 5 миллион 597 мың халық тұрған. Демек, Ахаңның айтып отырғаны – күмән келтірмейтін ақиқат. Ал арада жарты ғасырдай уақыт өткенде КСРО-да 1959 жылы өткізілген санақта Қазақстандағы қазақтардың саны 2 миллион 787 мыңға дейін кеміп, респуб­лика халқының небәрі 30 пайызын ғана құраған. Мен 1989 жылы республикамыздың бірінші басшысы болып сайландым. Дәл сол жылы өткізілген КСРО-ның ең соңғы халық санағының деректері бо­йынша, Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы небәрі 40,1% ғана еді», –дейді. Демек, Қазақстан халқының саны 19 млн-нан асып, халықтың этникалық құ­ра­мында қазақ ұлтының үлесі 70 пайыз­дан артқан болса, оның да астарында еңбек жатыр. Ата-ананың еңбегі, мем­лекеттің қажыры бар, бұл істе. Елбасының өзі күрделі демографиялық ахуал қа­лыптасқан 90-жылдары атасы басқа жұрт елден кетіп жатқанда атажұртқа шеттегі қандасты шақырып, ерлікке пара-пар еңбек еткені бар. Қиыр жайлап, шет қонған қазақтың атажұртқа ағылуын қамтамасыз ету де зор қажырды қайрат еткені белгілі. «Тәуелсіз еліміздің басты байлы­ғы – адам. Мемлекетіміздің тірегі де, алтын діңгегі де – Қазақстан халқы. Мен бойымдағы қуат, қызметімдегі тәжірибе, ойымдағы нәр – бәрі-бәрін халқыма қызмет етуге жұмсап келемін. Сол үшін тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері тағдыр талайымен дүниенің төрт бұрышына тарыдай ша­шылған миллионнан астам қандастары­мызды атамекенге алдырдым. Бұл айтар ауызға ғана оңай. Жер бетінде халқының саны миллионға жетпейтін қаншама мем­лекет бар. Біз осыншама қандаста­ры­мызды шетелдерден алдырып қана қоймай, басына – баспана, өзіне – жұ­мыс, ұрпағына білім бердік. Бұл іс әлі де жалғасын таба береді. Осының бәрі тәуел­сіздіктің арқасында ғана мүмкін бол­ғанын ұмытпауымыз керек», – деп жазды Нұрсұлтан Назарбаев. Сөйтіп, Тәуелсіздіктің адал еңбек, маңдай термен ғана баянды болатынын тұспалдайды. Жөн сөз.