«Борыштан» жалтару – бөріктіге сын
«Борыштан» жалтару – бөріктіге сын
555
оқылды
Әскер – ер-азамат үшін өмір мектебі. Алайда әр тәуліктің әр сағаты күні бұрын жос­парланатын нарық заманында көпшілік бұл пікірді аса қуаттай қоймайды. Сон­дықтан да болса керек, тепсе темір үзетін жігіттердің дені жердің шетінде, желдің өтінде Отан­ға адал қызмет етудің орнына әскерге бармаудың түрлі жолын қарастырып жа­тады. Олардың бұл қадамын көбіне ата-аналары да құптап, балаларын әскерге жібер­меуге барын салады. Әрине, оның себебі де түсінікті.

Әскери қызмет кімге міндетті емес?

Жалпы, жыл сайын елімізде Қа­рулы Күштердің қатарын 35 мыңдай жас сарбаз толықтырады. Олардың жартысы көктемгі, ал қалғаны күзгі шақыртуда сапқа тұ­рады екен. Алайда бізде қолына шақырту түскеннен қорғаныс іс­тері жөніндегі бөлімге асыға­тын­дардан гөрі таныс-тамырды жа­ға­лап, әскерге бармауға барын сала­ды. Неге десеңіз, бейбіт күннің өзін­де он екі мүшесі сау күйінде сапқа тұрғандардың табытпен оралу дерегі азаймай тұр. Казарма кереуетінен аурухана төсегіне танылғандар туралы да мысал көп. Осыдан кейін әскерге шақырту кел­геннен төбе шашы тік тұра­тын­дар мен олардың ата-анасының жағ­дайын түсіне беріңіз. Әрі әр нәрсеге есеппен қаратуды үйрет­кен біздің қоғамда әскери борыш­ты өтеуді бір жылды текке өткізу деп қабылдайтындардың саны артпаса, кеміген жоқ. Мәселен, бүгінге дейін тек «Элек­тронды үкімет» порталы арқы­лы ғана 11 мың азамат әскерге ша­қырудан босату немесе шақы­руды уақытша кейінге қалдыру бойынша өтінім беріпті. Қорғаныс министрлігі олардың 10 мыңға жуы­ғының әскерге шақыру мер­зімін кейінге қалдырды. Ал қалған 1,5 мыңы шақырудан мүлдем бо­сатылған. – Заңда азаматтарды әскерге шақырту қандай жағдайда кейінге қалдырылатыны немесе мүлдем босатылатыны жазылған. Мәсе­лен, биыл көктемгі шақырту нау­қанында 85 мың азамат медици­налық тексеруден өтті. Нәти­же­сінде, олардың 10 пайызы денсау­лық жағдайына байланысты әс­кер­ге шақыртудан мүлдем боса­тыл­ды. Тағы 10 пайызын емдеу үшін шақыртуды уақытша кейінге қалдыруға тура келді. Шақырудан негізінен жоғары немесе арнаулы оқу орындарының күндізгі бөлімінде оқитындар уа­қытша босатылады. Сонымен қа­тар заң жүзінде діни қызметкерлер де әскери борышын өтемейді. Бұл қатарға әуекөліктері экипаж­да­ры­ның мүшелерін де жатқызуға бо­лады, – дейді Қарулы Күштер Бас штабының Ұйымдастыру жұ­мыл­дыру жұмыстар департаментінің бастығы Сәкен Жүсіпов. Қарулы Күштер Бас штабының өкілі айтқан заңға сай, әскерден шақыртудан босатылатындар мен уақытша кейінге қалдырылатындар түрлі санатқа жіктеледі. Атап айт­қанда, әскери оқу орындарының түлектері, ғылыми атағы барлар, жақын туыстары әскери қызметті өткеру кезінде қайтыс болған не­месе бірінші, екінші топтағы мү­ге­дек болып қалғандарға да әскери қызмет міндетті емес. Отбасын құ­­рып, бала сүйгендер де Отан ал­дын­дағы қастерлі борышын өтеу­ден босатылады. Мүгедектігі бар әрі кісі көмегімен жүріп-тұратын туыстарын қамқорлығына ал­ған­дар, отбасындағы жалғыз асы­рау­шылар да әскерге шақыртылмайды. Бұдан бөлек, педагогика, меди­ци­на салаларының өкілдері, Пар­ла­мент пен жергілікті мәслихат де­путаттары да әскерге шақыртуды уақытша кейінге қалдыруға құ­қылы. Сондай-ақ 2013 жылдан бастап түрлі себеппен Отан алдындағы қастерлі борышын өтей алма­ған­дарға әскери қызметтен өтудің ба­ламалы түрі ұсынылды. Бұл те­тікті 24-27 жас аралығындағы әс­кери міндетті азаматтарды ақылы негізде пайдаланады. Ел арасында «40 күндік әскер» аталатын әскери қызметтің баламалы түрін өткеру үшін азаматтар өз қалтасынан 263 мың 318 теңге ақы төлеуі керек.

Айыппұл 8 миллион теңгеге жетеді

Сәйкесінше, жоғарыда аталған санаттың ешбіріне жатпайтын 18 бен 27 жас аралығындағы жігіттер әскери борышын міндетті түрде өтеуі керек. Әйтсе де, бізде әскерге шақырту алса да, оған немқұрайды қарайтындар көп. Олар заңның Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыздардың басынан сипа­майтынын ескермейтін сияқты ма? Әлде хабарсыз. Мәселен, Әкімшілік құқықбұ­зушылық туралы кодекске сай әс­керге шақырту қағазы қолына тиген азамат межелі мерзімде қор­ғаныс істері жөніндегі бөлімге бар­маса, 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Мұн­дай айыппұл тұрғылықты жері бойынша әскери есепте тұрмайтын әскери міндеттілерді жұмысқа, оқуға қабылдағанын хабарламаған заңды тұлғаларға да салынуы мүм­кін. Әскери міндетті қызметк­ер­лерінің әскери есеп заңдылығын сақтамағанын біле тұра тиісті орындарға хабар бермеген жұмыс берушілер 29 170 теңге көлеміндегі айыппұлды арқалайды. Ал әскери борышын өтеуден қасқана қашқандар Қылмыстық кодекс негізінде жазаланады. Атал­ған кодексте әскерге барудан бас тартқандарға 1 000 айлық есептік көрсеткіш (2 917 000 теңге) көлемінде айыппұл салынатыны немесе бір жылға бас бостан­ды­ғынан айырылатыны айтылған. Әскерге бармау үшін қасақана денсаулығына зиян келтіргендер мен денсаулығында кінәрат бар екенін көрсететін жалған құжат жасағандардың қылмыстық жа­уапкершілігі тіптен қатаң. Оларға 3 000 айлық есептік көрсеткіш (8 751 000 теңге) көлемінде айып­пұл салынады. Немесе 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қорғаныс министрлігіндегілер елімізде әскери борышын өтеуден қашатындардың қарасы қалың емес екенін айтады. Сөйте тұра, ведомство өкілдерінен есепті ке­зеңде жоғары да аталған заң та­лаптарын бұзғаны үшін жаза­лан­ғандар туралы жедел ақпаратты алу мүмкін болмады. Әйтсе де, соңғы бір жыл ішінде көпшіліктің қызу талқысына түскен бірер жағдай жас­тардың әскерге баруға анау ай­тарлықтай құлықты емесін көр­се­тіп берді. Мәселен, осыдан 1 жыл бұрын Ақтау қаласындағы қор­ғаныс істері жөніндегі бөлімнен әскерге шақырылғандардың бірі қашып кетті. Әскерге аттану­шы­ларды жинақтау пунктінен авто­бусқа отырғызу кезінде ұрымтал сәтті пайдаланып, сытылып шық­қан жас жігітті көп ұзамай полиция қызметкерлері қолға түсірді. Осы жылдың мамыр айында Павлодар қаласында да екі жас жігіт жи­нақ­тау пунктінің 3-қабатынан секіріп, қашып кетуге әрекет жасады. Ке­йінірек олардың бірінің тобығы­ның сынғаны анықталды. Құқық қорғау органдары қашқындардың үстінен әскерден жалтару бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабар­лады. Осылайша, 1 жыл өмірін қол­ға қару алып, қастерлі боры­шын өтеуге арнаудан жалтарғысы келгендер дәл сол уақытын темір тордың арғы жағында өткізуі бек мүмкін. Демек, дені сау, заң жү­зінде әскерге аттануына ешқандай кедергі жоқ бола тұра азаматтық парызына атүсті қараған әрбір жігіттің дәл осылай жазалануы ғажап емес.

Клубтан казармаға...

Бүгінде Қорғаныс министрлігі әскерден жалтарушыларды анық­тауға бар күшін салып-ақ жатыр. Жергілікті Қорғаныс департа­мент­терінің қызметкерлері әскери мін­деттілерді үй-үйді аралап іздеп тұ­рады. Ара-тұра ірі сауда орта­лық­тары мен базарларды да әс­керилер мен полиция қызмет­кер­лері сүзіп шығады. Бірер жыл бұрын Жамбыл облысында әскери борышын өтемегендерді базардан ұстап әкетіп, соңы ата-аналардың шуына ұласқаны есте. Бұл орайда солтүстікқазақстандық қорғаныс жөніндегі бөлімінің қызметкерлері мен тәртіп сақшыларының тап­қырлығы көпшіліктің таңданысын туғызды. Олар кезекті рейд кезінде әскери қызметтен қашып, түнгі клубта сайран салып жүргендерді тәубесіне келтіріпті. Алайда клубта жүріп, қолына әскерге шақырту ал­ған теріскей жастарының қан­шасы казармаға аттанғаны белгісіз. Әскерден жалтарушылардың жолын кесуде Қорғаныс министр­лігінің бастамасымен онлайн плат­форма да іске қосылды. Бұл плат­формаға елдегі түрлі ведомствоның мәліметтері жинақталған. Сол арқылы заңды тұлғаларға әскери міндеттілер, әскери қызметтен қа­шып жүргендер жайында мәлі­мет­тер ұсынылады.

Отанды қорғау да отбасынан басталады

Әрине, мәселенің салдарымен күрескеннен бұрын алдын алудың тиімділігі жоғары болады. Сол се­кілді әскерден жалтарушылардың ізін кесіп, жауапкершілікке тарту­дан бұрын болашақ сарбазға Отан алдындағы қастерлі борышты өтеу­дің маңыздылығын ес біл­геннен сезіндіру нәтижелі болмақ. Отставкадағы полковник Ербол Смағұлов ұлын елді қорғауға бала күнінен баулу ата-ананың міндеті деген пікірде. – Мен әскери борышымды 2 жыл сонау Чехословакияда өте­дім. Ал қазір бар болғаны 1 жыл. Оның үстіне, жағдай да басқаша. Бір жыл бұрын кезекті оқу жаттығу жиыны кезінде Нұр-Сұлтан қала­сы маңындағы әскери бөлімнің асханасынан тамақтанудың сәті түсті. Шыны керек, сарбаздардың кейбірі үйінде әскердегідей та­мақтанбайды. Оған қоса, соңғы 10 жылдықта әскердегі әлімжеттікті азайту ба­ғы­тында көптеген нәтижелі жұмыс жүргізілді. Қазір әр солдаттың қо­лында телефон. Демалыс күндері үйіне хабарласып, қал-жағдай­ларын біліп тұрады. Сөйте тұра, жастардың әскер­ден жалтаруы ұл баланың тым ерке болып өсуінен деп ойлаймын. Әр ата-ана ұлына Отан алдындағы қастерлі борышы екенін ұғындыра алса, мұндай мәселе туындамас еді, – дейді Е.Смағұлов. Әскери өмірдің ыстық-суы­ғына қатар төзген отставкадағы полковниктің бұл уәжімен келіс­песке болмайды. Дегенмен ата-аналардың қазақстандық әскерге көзқарасын жоғарыда мысал еттік. Дәл осындай жағдайда олардың ұлдарын әскери борышын өтеуге баулып өсіреді дегенге сену қиын. Ата-анасы Отан алдындағы қас­терлі борышын атқару азаматтыққа сын екенін насихат­та­ға­нымен, нарықтың қатаң заңы жас­тардың көзқарасының қалып­тасуында өз әмірін жүргізеді. Яғни, олардың мектепті бітіргені жоғары білім алуға, ал диплом алғаны қол­дан келген кәсіппен айналысуға ты­рысып бағады. Бұл орайда өткен жылы әскери борышын өтеуге ат­танғандардың 95 пайызында орта және арнаулы орта білім ғана бол­ғанын мысал етсек жеткілікті. Ал былтыр Қарулы Күштердің қата­рын толықтырғандардың небәрі 4 пайызын жоғары білімділер құ­райды. Осыдан-ақ жастардың әскери қызметті өткеруден бұрын табыс тауып, өзін-өзі қамтамасыз етуге көңіл бөлетінін аңғару қиын емес. Қалай десек те, бұл да олар­дың өз таңдауы. Елімізде соңғы жылдары мем­лекет тарапынан әскердің әлеуетін арттыруға бағытталған бірталай жұмыс жүргізілгені мәлім. Ми­нистр­лік өкілдері де әскерге ша­қырушылардың қорқынышты түсіне айналған казармадағы әлім­жеттік мәселесі бірте-бірте шеші­ліп жатқанын қайталап айтудан жалықпайды. Сонда да болса, әс­керге баруға ниеттілердің көбей­генін байқамадық. Әрі миллион­даған айыппұл салу, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі де әскерден жалтару мәселесінің түпкілікті шешімі бо­ла алмай тұр. Басқаны былай қой­ғанда, тара­зының бір басын­да тәуелсіз­ді­гі­міздің тұрақтылығы, елдің ты­ныш­тығы мен бейбіт­шілігі тұр­ған­да әскерден жалта­рудың алдын алуға мықтап көңіл бөлуі қажет.