Қызылордада 400-ге жуық түлектің дипломы жарамсыз болып қалды
Қызылордада 400-ге жуық түлектің дипломы жарамсыз болып қалды
Фото: syrboyi.kz
401
оқылды

Қызылордадағы Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтын бітірген 400-ге жуық түлектің дипломы жарамсыз болып қалды. Ғылым және білім министрлігі оқу орнын «талаптарға сай емес» деп лицензиясынан айырған. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.

Соның салдарынан институт түлектерін жұмысқа алмайтын көрінеді. Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтының түлегі Нұргүл Жапарованың айтуынша, осы мәселені шеше алмай жүргеніне жарты жылға  жуықтаған. «Ректорға бардық. Бірақ жауап бермейді дұрыстап. Дипломдарымызды тездетіп жарамды етіп берулеріңізді сұраймыз. Жұмысқа тұра алмай жүрміз», – дейді. Ғылым және білім министрлігі оқу орнын техникалық базасы жарамсыз деп лицензиясынан айырған. Онымен қоса оқытушылардың білімі де талапқа  сай келмеген көрінеді. Ал институт басшылығы, бұл бойынша министрлікті сотта жеңіп, лицензиямызды қайтарып алдық дейді. Айтуларынша, сәйкестендіру коды жазылмағандықтан, институт табыстаған диплом жарамсыз деп танылған. Бұл мәселені шешуге министрлік асықпай отыр дейді институт басшысы.

Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтының ректоры Ерлан Шынбергенов: «Барлық жасалып отырған іс-әрекеттер, білім алушылардың да дипломының жарамдылығы сотпен дәлелденіп тұр. Енді Білім және ғылым министрлігі жеке сәйкестендіру кодын беріп, дипломдарды сәйкестендіруі тиіс. Сот шешімі шығып тұр. Енді біз комитетті күтіп отырмыз», – дейді.

Ал министрлік институт басшысының сөзін жоққа шығарып отыр. Айтуларынша, лицензия мәселесі сотта әлі қаралып жатыр.

БҒМ Сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова: «Егер дипломдарыңыз жарамды болсын десеңіз, басқа жоғары оқу орнына барып, сол жерге өтініш білдіруге болады. Сол жерге студенттер қатарына қосылып, сол жерден оқуды аяқтап, дипломдарыңызды жарамды қылуға болады», – дейді.

Оның айтуынша, қазір оқу орнында 600-ден аса студент білім алуда. Оларға қатысты проблема жоқ. Ал бұған дейін 400-дей түлекке берілген Ақмешіт институтының дипломы жарамсыз болып қала береді.