Санаққа сенеміз бе?
Санаққа сенеміз бе?
327
оқылды
Халық санағының мәліметтері мәлім болды. Алайда Ұлттық науқанның онлайн мен офлайн кезеңіне де қатыспағандар санақтың қорытындысына күмәнмен қарайды. Оның үстіне, арғы жылдармен салыстырғанда адам басына шаққандағы шығын азайтылғанымен, санаққа бөлінген сома артқан. Бұдан бөлек, көпшіліктің қытығына тиген түсініксіз сұрақтың қандай тиімділігі болғанын жұрт түсінбей дал. Биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілген Ұлт­тық халық санақтың алғашқы нә­тижелері бойынша, қазақстандық­тардың жалпы саны 19 169 550 адам­­ға жетті. Сөйтіп, елдегі қазақ­тардың үлесі 70,18 пайызға жеткені сү­йін­шіленгенімен, санақтың нәтижесіне күмән тудырғандар да бар.

Халық санағы не үшін қажет?

Ұлттық санақ халықтың нақты саны, жасы мен жыныстық құра­мын, урбанизация дәрежесін, тек­серілген, негізделген басқарушылық шешімдер қабылдау үшін аса қажет. Яғни, елдің жынысы мен жасы, не­ке жағдайы, ұлттық құрамы, аза­мат­тығы, ұстанатын діні, білім деңгейі, тілдерді меңгеруі, отбасылардың саны мен көлемі, тұрғын үй жағ­дай­лары секілді халықтың демография­лық және әлеуметтік-экономикалық дамуы 10 жыл ішінде қандай өзге­ріске түскенін көрсетеді. Халықтың тұрмыстық жағдайындағы өз­ге­ріс­терді үй шаруашылықтарының жағ­дайларын, некелік-отбасылық қа­ты­настарды жақсарту, мүмкіндігі шек­теулі адамдардың өмірін, ха­лықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша мемлекеттік бағдарла­маларды әзірлеу үшін қосымша сұрақтардың да қойылуы маңызды. Алдыңғы санақпен салыстыр­ғанда интервьюерлердің саны үш есе қысқарғанымен, биылғы нау­қанның шығыны да көп. Наурызда Ұлттық санаққа 8,2 млрд теңге қа­растырыл­ғаны мәлімделген. Ке­йін­нен саяси науқан бюджеті 9 млрд 100 млн тең­геге ұлғайтылды. Өйт­ке­ні халық са­ны өскендіктен, жүк­теме де артады. Екіншіден, «Халық санағы-2021» ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы оның себебін онлайн сауалнамаға байланысты болған өзгерістермен де түсіндіреді. Өйт­кені санақ басталмас бұрын алды­мен аумақтық статистика бөлім­ше­лерінің қызметкерлері оқытылып­ты. Одан кейін қыркүйек айында уақытша санақ персоналын іріктеп-оқыту ұйымдастырылған.

Қаржы қайда жұмсалды?

19 миллион қазақстандықты тү­гендеуге бөлінген 9,1 млрд теңге­нің 1 млрд 85 млн 600 мыңы 27 412 планшет сатып алуға, 4 млрд 702 млн штаттан тыс қызметкерлер мен санақ персоналының еңбек­ақы­сына, қалғаны бағдарламалық қамтамасыз етумен коммуни­кация­лық жабдықтармен қамтуға жұм­салды. «Теңгеге шаққанда артық жұм­салып жатқаны рас. Бірақ адам басына шаққандағы шығын бо­йынша 2009 жылы бір адам басына 2,9 доллар, ал биылғы санақта 1,1 доллар шықты. 12 жылдың ішінде тең­генің қандай өзгеріске ұшыра­ғанын білесіздер. Керісінше, адам ба­сына шаққанда санаққа жұмсал­ған қаржы арзан болды. Осы­ған қа­рамастан неге арзан шықты? Өйт­кені интервьюерлер қағаздың ор­нына планшетті пайдаланды. Ха­лықтың 42 пайыздан астамы онлайн өтті. Біз бөлінген қаржыны ма­ман­дарды оқытуға, технологияларды сатып алу мен бағдарламалық қам­тамасыз етуге жұмсадық. Бірақ бұл интервьюлерге босқа ақша төленген дегенді білдірмейді. Себебі олар он­лайн өткен адамдардың да мәлі­мет­терін жүйеден қарап, отбасында басқа да санақтан өтпегендер бо­йынша сұрау жүргізді», – дейді Ол­жас Сайлаубекұлы. Ал шалғай ауыл­дардағы адамдардың да санақ­тан өтуі үшін ковидке қарсы екпесі бар 18 жастан асқан, планшеттің тілін білетін кез келген адамды ақы­лы негізде интервьюер болуға ша­қы­рылған. Оларға санақ жүргізу үшін аудандық статистика бөлім­деріне қатынас құралдары да берілген.

Сансыз сауал сапаға әсер етеді

Елімізде ұлттық санақ әр 10 жыл сайын өткізіледі. Екі жыл бұрын өтуі тиіс санақ дайындау мен өт­кізуге байланысты бірқатар ұйым­дастырушылық мәселе ескеріліп, 2020 жылға қалдырылған. Алайда елдегі коронавирус инфекциясының таралуына және енгізілген шектеулі карантин шараларына байланысты биылғы жылға шегерілді. Сөйтіп, екі жыл кешіктірілген санақ нау­қа­нын Президент жанындағы рефор­малар жөніндегі Жоғарғы кеңестің шешімі бойынша осы жылы алға­шында онлайн, кейін онлайн са­нақтан өтпеген азаматтарды қамту үшін офлайн форматта жүргізілді. Онлайн санаққа қатысқандар алғашында үйде орналасқан жеріне қарамастан виртуалды көмекшінің көмегімен санақты өздері және отбасы мүшелері үшін жауап беруге болатынына қуанғанымен, ар­тын­ша түсініксіз сұрақтарға келгенде тосылып қалғаны да рас. Дәл осы санақтың сансыз сұ­рақтарына бола санаққа қатыс­па­ғандар баршылық. Санақтан өт­кендердің айтуынша, 90 сұрақтың тең жартысы түсініксіз. Тіпті, үш айлық баланың да діни наным-сенімі туралы сұратқан санақтың не үшін ұйымдастырылғанын түсінбей дал. «Бесіктен белі шықпаған бала емес, өмірге енді келген баланың діни сенімін қалай білесің? Сосын қабырғаның қанша қабатты екені, тұрғын үйдің қай жылы салынғанын кім біліп жатыр? Тұратын үйіңіздің қабырғасы қандай материалдан салынған?», «Тұрып жатқан бас­панаңыздың аумағы қанша?» деген сауалдар болды. Бізге жұмыстан санақтан өтуге міндеттеп қойған соң амалсыз түгел сауалға жауап беруге тура келді. Туыстарым осын­дай оғаш сауалдарға жауап бергісі келме­ген­діктен, санаққа қатысқан жоқ», – дейді Алуа Қайсарқызы. Қабырғаның қай жылы тұрғызыл­ғаны былай тұрсын, есту қабілеті төмендерге «аппарат кисеңіз де есту­мен қиын­дық бар ма?» немесе «тағы қанша бала туғыңыз келеді?» деген қисын­сыз сұрақтар да қойылған. Бірақ бұл санаққа қатыспауға сылтау емес екенін айтқан «Халық санағы-2021» ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы: «Бұл 91 сауалға барлық адам жауап беруі міндетті емес. Мысалы, ер адамдарға әйел­дерге қатысты сауалдар қойыл­май­ды. Жүйеде форматтық логикалық бақылау жүйесі бар. Шетелге шық­паған болсаңыз, шетелге шығуға байланысты сауалдар алынып тас­талады. Сонда бір адам орташа есеп­пен 50-55 сауалға жауап береді. Үй иесі отбасы мүшелері үшін бір тір­кел­ген кезде тұрмыстық жағдайға бай­ланысты сауалдарға бір ғана адамның жауабы алынады», – деп түсіндірді. Ал көру қабілетіне бай­ла­нысты сауалдар осындай санат­тағы адамдардың санатына жеке талдау жасау үшін қажет болыпты. Сондай-ақ ресми өкілдің айтуынша, халық санағына онлайн мен оф­лайнда өтпегендер де автоматты түрде халық санағына кіргізілгенін жеткізді. Анкета толтырмағанымен, олардың мәліметтері мемлекеттік органдар­дың мәліметтер базасынан алынады. Оның сөзінше, әлеуметтік желілерде жекеленген адамдардың пікірлері айтылғанымен, ресми түрде заңсыз оқиғалар туралы ешкім арызданбаған.

Қоғамдық мониторинг кемшін

Әлеуметтанушы Серік Бейсем­баевтың айтуынша, санаққа қатыс­пағандарға бола ұлттық санақтың сапасына күмән келтіру дұрыс еме­сін айтады. «Кез келген санақта ха­лықты 100 пайыз қамту мүмкін емес. Бірақ халық санағы сенімді болу үшін қосымша объективтік баға беретін қоғамдық мониторинг керек еді. Анкеталық сұрақтар көп болған сайын жауап беру деңгейі де төмендей береді. Сұрақ көп болған сайын жауап алудың да үлесі азаяды. Бірақ бұл жолы сұрақтың саны мемлекеттік басқарудың қажет­ті­ліктеріне байланысты көбейді. Сол үшін қоғамдағы өзекті тақырыпты да қамтуға тырысқан секілді», – дейді Серік Бейсембаев.