«Ұлы даланың» үздіктері анықталды
«Ұлы даланың» үздіктері анықталды
613
оқылды
«Nur Otan» партиясының орталық аппаратында Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Байқау «Nur Otan» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы осыған дейін қабылданған Өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылды. «Nur Otan» партиясы Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен төл мәдениетімізді, руханиятымыз­ды дамытуға айрықша назар аударып келеді. Партияның сайлауалды бағдарламасына сай 2021-2025 жылдар аралығында елімізде 259 мәдениет үйі салынып, 1 241 мәдени нысан жөндеуден өтеді. Сонымен қатар 150 нысанда ғылыми реставрация жұмыстары жоспарланған. Жыл басынан бері республика аумағындағы 200-ге жуық мәдениет нысанына жөндеу жүргізілген. Сондай-ақ партияның қолдауымен мәдени-әдеби шараларды өткізуде «Ұлттық мұра» пар­тиялық жобасы бекітілді. Оның аясында айтыс, мүшәйра, жыр-терме, шығармашылық байқау сияқты 250-дей іс-шара өткізу жоспарланған. Ал жыл басынан бері пандемияға қарамастан партияның қолдауымен 50-ге жуық ақындар айтысы өткізілді.

Рух мықты болмаса, экономика дамымайды

Салтанатты жиынды ашқан «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ел руханиятының жоқтау­шысына айналған Miras кеңес­терінің жұмысына да айрықша тоқталып өтті. Кеңес отырысында отандық кинематографияны дамыту, мәдени ошақтарды қалпына келтіру, тарихи мұраларды сақтау мәселелері сөз болды. Сондай-ақ партия өткізген праймеризге 350-ден аса қаламгер, публицист, айтыс­кер, журналист қатысқанын да еске сала кеткен жөн. –Халықтың рухы биік болмаса, жастарымыз мәдениетімізді, дәс­түрімізді білмесе, онда қандай мемлекет құра аламыз? Біз саяси съезде партияның бағдарламасын қабылдағанда руханиятымызды, төл мәдениетімізді және отбасы құндылықтарын экономикадан да жоғары қойдық. Өйткені рух мықты болмаса, ешқандай экономика дамымайды. Біз оны көріп отырмыз»,– деді Бауыржан Байбек. Рас, кейінгі жылдары өмірімізге цифрлық технология дендеп енгелі жұрттың дәстүрлі кітап оқуға деген қызығушылығы біршама бәсеңдей түсті. Бұл дүниежүзілік құбылыс деп айтуға болады, жас қауымның басым көпшілігі интернетке «байланған». Осындай күрделі жағдайда «Nur Otan» партиясының жастардың өнер бәсекесін өткізуі бүгінгі буынның әдебиет пен мәдениетке ынтасын арттыра түседі деп үміттенеміз. Байқау бұған дейін 2019 жылы бір рет ұйымдастырылған, бірақ пандемияның ке­сірінен күрт үзіліп қалған болатын. Байбек Төрағаның Бірінші орынбасары «Ұлы дала» байқауы енді жыл сайын тұрақты өткізіліп тұратынын жеткізді. Ол мұның жас қаламгерлердің шығармашылығын шыңдап, талантын тануға ерекше мүмкіндік беретінін атап өтті. – 30 жылдық дамуды жеті ауыз сөзбен түйіндеп, жас ұрпаққа «Елдіктің жеті тұғырын» анықтап берген Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлттық мәдениет – халықтың рухани тірегі» деп атап көрсетуі тегін емес. Кез келген мемлекеттің өркендеуі сол қоғамның рухани-мәдени деңгейіне байланысты. Елбасы айтқандай, біз әлемдегі 200-ге тарта мемлекетті тек ұлттық мәдениетімізбен, әде­биетімізбен, руханиятымызбен ғана таңғалдыра аламыз. Осы орайда «Nur Otan» партиясы қазақтың өнері мен мәдениетін барынша қол­дап, жан-жақты қамқорлық жа­сап келеді, – деді Бауыржан Байбек. Айта кетейік, мәдениет қашанда қолдауға мұқтаж. Кеңес заманы кезінде шығармашылық адамдары мемлекеттің қамқорлығында болды. Жазушылардың кітаптары мемлекеттік баспадан тегін шығарылып, 30-50 мыңдаған тиражбен халық арасына еркін тарап жатты. Жазушыға мол қаламақы төленді. Олар жұрт бармаған курорттарда болып, қымбат көлік мінді. Әйтеуір, Үкімет жазушы мен ақынның барлық жағдайын жасап қойған еді. Бірақ кейін «Қайта құру» заманы басталғанда шығармашылық адамы өз күйін өзі күйттеп кетті, бұрынғы аста-төк молшылық сап тыйылды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жаппай экономикалық дағдарыс шығармашылықтың мәнін одан сайын төмендете түсті. Өйткені адам ең бірінші жазуды емес, қарын тойғызуды ойлады. Өмірімізге нарық заңы енді. Мұндай жағдайда жас есімдердің, жаңа есімдердің көрінуі сиреді. Әсіресе, проза мен драматургияның ахуалы әлсіреп, алтын арқауы үзіліп қала жаздады. Ұлы дала байқауы Алайда 2000 жылдардың басынан бері қарай Үкімет тарапынан шығармашылыққа қайта көңіл бөліне бастады. Кейінгі 3-4 жылдың жүзі болды жазушылардың кітабын мемлекеттің өзі шығарып беріп, тіпті қаламақы да төлейтін болды. Бір баспа табақ мәтін үшін 255 мың теңге қаламақы жазады. Бұл шығармашылық адамдарына үлкен серпіліс әкелді.

Үздіктер суырылып алға шықты

Биылғы «Ұлы дала» байқауына еліміздің түкпір-түкпіріндегі 18-40 жас аралығындағы қаламгерлерден 400-ге тарта шығарма келіп түсті. Байқау талабына сай келген 287 шығарма іріктеліп, aikyn.kz сайтында жарияланды. Комиссияның бірлескен шешімі бойынша «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Көр­кем фильм мен телесериал сце­нарийі», «Балаларға арналған шы­ғарма» атты бес аталым бойынша барлығы 16 жүлдегер анықталды. Атап айтқанда, «Проза» номинациясы бойынша І орынды – жазушы Қанат Әбілқайыр, ІІ орынды – IT маман, медиасауат және киберқауіпсіздік бойынша медиатренер Мейіржан Жылқыбай, ІІІ орынды – ақын, аудармашы, жазушы Арман Әділбек иеленді. Осы аталымдағы Оралхан Бөкей атындағы арнайы сыйлық Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің оқытушысы Алмаз Мырзахметке бұйырса, Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлықты Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің мұғалімі Эльмира Назирова жеңіп алды. – Біз о баста байқау шартын жария­лағанда 40-қа дейінгі жастар прозаның ауыр жүгін көтере ала ма екен деп күмәнданған едік. Дегенмен босқа алаңдаппыз. Комиссияға 52 прозалық шығарма келіп түсті. Әрине, оның бәрінің бірдей сапасы жоғары емес, ішінде мақаланың деңгейінде жазылған шығармалар да болды. Дегенмен жақсы дүниелерді көптеп кездестірдік, осы арқылы біздің артымыздан тегеу­рінді жас жазушылардың келе жатқанын көріп қуандық. Нәтижесінде, әркімнің қабілет-қарымына қарай жүлделі орындарды әділ белгіледік,– деді жазушы Қуаныш Жиенбай. Ұлы дала «Поэзия» номинациясында бірінші орынға Жамбыл облыстық AR-AI газетінің бөлім редакторы Нұржан Қадірәлі, екінші орынға Алматы облысының Көкқайнар ауылындағы №44 орта мектептің мұғалімі Төлеген Меллат, үшінші орынға Шығыс Қазақстан облысының «Аягөз жаңалықтары» аудандық газетінің бас редакторы Ермек Дайырбаев лайықты деп танылды. М.Мақатаев атындағы арнайы сыйлықты «Орал өңірі» Батыс Қазақстан облыстық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Марлен Ғилымхан, ал Ж.Жабаев атындағы арнайы сыйлықты республикалық Egemen Qazaqstan газетінің тілшісі Рауан Қабидолдин иеленді. «Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша бірінші орын – Abai TV телеарнасының қызметкері Олжас Қасымға, екінші орын – әл-Фараби атындағы ҚҰУ-нің «Қазақ университеті» газетінің тілшісі Нұрбек Нұржанұлына, үшінші орын Egemen Qazaqstan газетінің бөлім меңгерушісі Мирас Асанға бұйырды. Марапаттау рәсімінде комиссия төрағасы Әлібек Асқар 287 шығарманың 173-ші – поэзия, 52-сі – проза, 43-і – балаларға арналған шығарма, 10-ы – драматургия, 9-ы – көркем фильм мен телесериал сценарий аталымы бойынша байқауға қатысқанын айтты. Оның айтуынша, комиссия мүшелері шығармалардың барлығын әрбір жанр бойынша бөліп алып, жеке-жеке қарап шыққан. Бірнеше рет бас қосып, талқылаған. Алғашында барлық жанрға 3 орыннан белгілегенімен, соңғы жина­лыс­та партия басшылығына «Поэзия» мен «Проза» номинациясына тағы екі орыннан қосуға өтініш жасады. Сөйтіп, осы екі жанрдың әрқайсысына тағы екі арнайы сыйлық қосып берілді. Ал бірінші орынға – 1 000 000 теңге, екінші орынға – 750 000 теңге, үшінші орынға мен арнайы сыйлыққа 500 000 теңгеден берілді.

Жанрдың да ауыры бар

Дегенмен кейбір номинация бойынша бірінші жүлде, тіпті екінші жүлде де берілген жоқ. Мәселен, «Көркем фильм мен телесериал сценарийі» номинациясы бойынша екінші орынды Нұр-Сұлтан қаласы Бауыржан Момышұлы атындағы №53 мектеп-лицейдің мұғалімі Жақсылық Мұратбек иеленсе, үшінші орынды жазушы, сценарист Зәуре Төрехан жеңіп алды. Сондай-ақ «Драматургия» номинациясында үшінші орынға Орал қаласының Мичурин мектебі балабақша-бөбекжай кешенінің мұғалімі Айтолқын Балмулдина лайықты деп танылды. Яғни, қазылар алқасы бұл номинацияларда бірінші орынға лайықты шығарма жоқ деп ұйғарған. «Драматургия – күрделі жанр. Оны меңгеру оңай емес. Бұл бізде әлі кенжелеп қалып қойған, әсіресе жастар жағының драматургия жанрын игеруі қиын. Қойылым көрерменнің де, қоюшы режиссердің де, ойнаушы актерлердің де – жалпы өнерсүйер қауымның көңілінен шығуы тиіс. Әйтпесе, егер біз жасық дүниелерге жүлде беріп, ертең ол сахналанып жатса, оны көрген көрермен комиссия қай­да қараған деп ең бірінші өзімізді айыптамай ма? Сондықтан комиссияның ешкімге бүйрегі бұрмай, ішінде іліп алары бар деген шығарманың біреуін ғана 3-орынға таңдап алдық. Бірінші, екінші орын­дарды тағайындаған жоқ­пыз»,– деді комиссия төрағасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Әлібек Асқар. байқау Жалпы, бізде көркем фильм мен телесериал сценарийі, драматургия саласының кенжелеп қалғаны өкінішті. Әйтпесе, өркениет дамуының қырқасына көтерілген елдерде ол әдебиет саласының ең табысты жанры саналады. Мұны әдеби агент институтын дамытудың негізгі көзі деп те қарастыруға болады. Өйткені жақсы жазылған шығармаға сұраныс та жоғары, оның бағасы да қымбат. Мәселен, Кәрі құрлықта үздік драматургия­лық қойылым мен киносценарийдің құнына құстың сүтінен кем баға сұрамайды. Сондықтан ірі баспалар мен жекелеген әдеби агенттер ондай шығармаларды күндіз майшаммен жүріп іздейді. Ал енді өлең жарықтықтың жөні басқа. Өйткені ұлтымыз табиғатынан ақынжанды, қыстаса кез келген қазақ табан астында бірауыз өлең шығарып беруге қабілетті. Бұл сөзімізді «Ұлы дала» байқауына түскен шығармалар тағы бір дәлелдеп берді.

Жастар тәуелсіздікке тәу етті

Байқауда жүлдегері атанған жастар сахна төрінен тәуелсіздікке, Елбасының атына игі тілектері мен арманды тілектерін жаудырып, шын көңілдерімен ықыластарын білдіріп жатты. Жас ақын Нұржан Қадірәлі сөз кезегі келгенде «Тәуелсіздіктің қалай келгені аға буын өкілдеріне жақсы белгілі. Ал біз сияқ­ты тәуелсіздіктің құрдастары мен ел егемендігін алғаннан кейін дү­ниеге келгендер үшін тәуелсіздік – ол анадай қадірлі, әкедей асыл, бауырдай ыстық, інідей ізгі, қарындастай аяулы, осынау бақ-берекеміздің бойтұмары. Елбасы қа­сиет­ті қара шаңырақ Қазақстанның келешегінде біз сияқты жас буынға үлкен сенім артты. Сол сенімнен шыға берейік. Тәуелсіздік деген бір күндік мереке емес. Тәуелсіздіктің әрбір күні мереке!», – деді. Ал Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы сыйлықтың иегері атанған Эльмира Назирова қазақстандықтарды тәуелсіздік мерекесімен құттықтай келе: «Егемендік пен Елбасы егіз ұғым деп санаймын. Тәуелсіздік жылдарында халықаралық сахнада жас мемлекетімізді аяғынан нық тұрғызып, БҰҰ-дан бастап барлық халықаралық ұйымда, алпауыт АҚШ, Еуроодақ, Ресей мен ҚХР алдында мемлекетімізді ешкімге жем қылмай, беделді ел қылып қалыптастыр­ған Елбасына үлкен алғыс айтамын», –деді Э.Назирова. Ұлы дала байқауы Жастардың сөзінен олардың Елбасына деген сенімінің зор екенін аңғарамыз. Расында да, Елбасы жастар шығармашылығына ғана емес, тұтас әдебиетке қамқор болғаны жасырын емес. «Nur Otan» партиясының да мәдениет пен руханиятқа, әдебиетке ерекше назар аударатыны сол Елбасы ұстанымының заңды жалғасы болса керек. Өйткені экономика, сыртқы және ішкі саясат, әлеуметтік жағдаймен қатар халықтың еңсесінің тік болуына руханият та айрықша ықпал етеді. Қазақ қандай қиын-қыстау дәуірлерде де әдебиеті мен мәде­ниетін, руханиятын мансұқ етпеген. Әрі ұлтты ұйытатын негізгі факторлардың бірі де –руханият. Сондықтан жаһандану дәуірінде төл әдебиет пен мәдениетті сақтау және дамыту өзекті болса түсті. «Ұлы дала» байқауының өзгеше сипаты да осында жатыр. Жазушы Әлібек Асқардың «Нобель лауреаты, физик Жорес Алферовтің «Физика ғылымын дамыту үшін орта мектептерде әдебиет сабағын күшейту керек» деген сөзі бар. Ал ақын Олжас Сүлейменов «Шекспирі жоқ елде Ньютон да тумайды» дейді. Оны айтып отырған себебім, бүгінгі әдебиетке қатысты шараның жүрегімізді жылытатыны, оның елдік маңыз­дағы іс екені. Осы орайда байқауды ұйымдастырған, руханиятымыз­ды қолдаған «Nur Otan» партиясына алғысымды білдіремін»,– деуі де содан болса керек. Жалпы, жаһандану дәуірінде ұлт тарихының, тілі мен мәдениеті­нің қадір-қасиетіне жете алған халық қана өсіп, өркендеп дами алады. Яғни, руханият, мәдениет және дәстүр – қоғамдық құндылықтарымыздың негізгі темірқазығы. Қазақ халқы қашанда материалдық байлықтан гөрі рухани байлықты жоғары бағалаған. Өйткені адам­дарды моральдық азғындықтан, сезімдік жадаулықтан құтқаратын жалғыз құдіретті күш – руханият. Руханият қоғамды терең әлеуметтік-экономикалық құлдыраудан да алып шығады. Міне, осыдан-ақ жастар шығармашылығы байқауының маңызы қандай екенін байқай беріңіз.