Коллектордың құрығы ұзын ба?
Коллектордың құрығы ұзын ба?
474
оқылды
Құзырлы орган қанша реттесе де, коллекторлар заң бұ­зуын қояр емес. Қаржы на­рығын реттеу агенттігі биылғы тексерулер қорытындысында 93 қаржы ұйымы мен 21 коллекторлық агенттіктің заң бұзғанын әшкерелеп, оларға жалпы сомасы 25,5 миллион теңгеге 92 қадағалап ден қою шарасын қолданды. Сондай-ақ 87 әкімшілік жаза қабылданған. Осы орайда коллекторлардың қандай заңсыз тірліктеріне баратынын анық­тадық.

Коллектор қулық-сұмдықты қалай үйренеді?

Осы салада біраз жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ма­ман Дмитрий Дубнов кәсібінің қыр-сырын меңгерген. Оның айтуынша, қарыз­ды өндіріп алу үшін әртүрлі айла-әдісті қолдануға тура келеді. Оның кейбірі заңсыз, бірақ азаматтардың құқықтық мәдениеті мен білімі төмен болғандықтан, олар еркін қимылдайды. «Коллектордың басты қағидасы – күш қолданбау. Біздің кәсіпті рэкеттен ажыратып тұр­ған жұқа шек, айырмашылық осы! Қазір жұрттың бәрінде смартфон: клиентті ұрып-соқсаң әлдебіреу түсіріп алуы мүмкін. Әдетте ұсақ борыштар, али­менттер және басқасы жеке сот орындаушыларының «талауына» тасталады. Ал бізді, коллекторлық агенттіктерді банк­тер көбіне ірі соманы өндіру қажет болғанда тартады», – дейді коллектор. Коллекторлық агенттіктер (КА) «улы кредит» деп аталатын, өндірілуі қиын несиелерді «үлкен дисконтпен» алады екен. Мысалы, Шымкенттің бір тұрғыны несиелерін өтемей жүрді, коллекторлар оның банктегі барлық борышын бір портфельмен сатып алып, өңдеуге кірісті. Айналасындағы барлық адамды ығыр етті, оны тіпті ешкім қонаққа шақырмайтын болды, достарының бәрі теріс айналған. Студент баласын университетке барып, сабақ үстінде, үзіліс кезінде сөйлесуге сыртқа алып кетіп жүрді. Әрине, барлығы заң аясында болған, бірақ заң аясында-ақ психо­логия­лық ауыр көңіл күй тудыруға болады. Шымкент тұрғыны шыдамай, ақыры бар дүние-мүлкі сатып, қарызы­ның басым бөлігін төлепті, коллекторлар сонда ғана қыспақтан босатқан. Бірақ борышкер тентіреп, далада қал­ды», – деп әңгімеледі коллектор. Ол қарыз алушыларға коллектордың не ЖСО-ның іске кірісуіне дейін жеткізбей, несиелері үшін уақытылы төлем жасап отыруға кеңес береді. Әйтпесе, несие атаулыдан мүлдем аулақ болған жөн. [caption id="attachment_175521" align="aligncenter" width="1200"]коллектор © коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов[/caption] Коллекторлардың борышкермен қарым-қатынасы екі кезеңге бөлінетін көрінеді: біріншісі – софт-коллекшн (жұмсақ өндірту), екіншісі – хард-коллекшн (қатаң өндірту). Бірінші кезеңде коллектор клиентті қарызының өзіне берілгені және оны өтеуге міндетті екені туралы хабардар етіп, электронды пошта, мессенджерлер арқылы не смс-хабарламалар жібереді, қоңырау шалады. Егер бұл тетік нәтиже әкелмесе, «қудалау» кезеңі – қатаң прессинг пен буллинг басталады. КА-лар әдетте қарыз өндіруге 60-90 күндей уақыт бөледі. Ары қарай соттасады немесе берешекті басқа коллекторлық агенттікке қайта сатады. Кейбір коллектор борышкердің өмірін адам төзбес жағдайға жеткізуі мүмкін. Мысалы, Ресейде қарыз болған қыз-келіншектердің «бордельдерге» құл­дыққа сатылған дерегі тіркелген. Қазақстанда ондай фактілер жарияланбады. Ірі КА қызметкері күніне 50 борышкерге дейін қоңырау шалады. Олардың жұмысын автоматтандырылған жүйе басқарады. Онда «автодозвон» функциясы қарастырылған. Яғни, борышкер телефонын бір рет көтермесе, автоматты жүйе табанды түрде қайта-қайта қоңырау шалумен болады. Әдетте коллекторлар ұялы байланыс операторларының қыз­мет­керлерімен сыбайласады, яғни адам телефон нөмірін өзгерткенімен, оны артынша бәрібір тауып алады. Беделді, ауқатты коллекторлық агент­тіктер өз қызметкерлерін әртүрлі тренингте, тимбилдингте борышкерге заң аясында қысым жасаудың жаңа әдіс-айласына үйретіп отырады. Коллектор­ларға арналған жабық семинарлар да осыған қызмет ететін көрінеді.

Коллекторлардың біраз қулығы заңсыз

Заңгер Руслан Қуатбеков кейбір алақол коллектордың қарызы бар адамнан заңсыз қаражат өндіретінін айтады. «Оларда «баш-на-баш», «уступка за уступку» деген секілді айла-шарғылары бар. Мысалы, ол борышкеріне хабарласып, егер бір апта ішінде берешегінің белгілі бір бөлігін енгізсе, басым бөлігін «жауып» тастауға уәде етеді. Мұны жақсы мәміле деп санап, қуанып кеткен борышкер қарызданып-қауғаланып, әлгі қаражатты тауып береді. Алайда борыш­тың басым бөлігі есептен шы­ғарыл­майды, ол тұрмақ енгізілген сома да ескерілмейді: ол коллектордың қал­тасына түседі. Себебі әрбір енгізілген сома құжат жүзінде, мысалы чекпен, нотариалды расталған келісіммен расталуы керек. Коллекторлар мұндай тәсілге борышкерді басқа КА-ға берер алдында жасайды. Мұнысы заңсыз, бірақ құжат болмаса, оны дәлелдеу қиын. Демек, борышкер әрбір енгізген сомасын құжат жүзінде бекітіп отырғаны абзал», – деп түсіндірді заңгер. Заңгер «Коллекторлық қызмет туралы» заңында коллекторларға борышкермен қарым-қатынас жасағанда неге рұқсат етілгені, ал неге тыйым салынғаны нақты жазылғанын нұсқады. Коллектор заң бойынша борышкерге жақын үшінші тұлғалармен, мысалы туған-туыстары­мен, достарымен, әріптестерімен, тіпті таныстарымен байланысса, сөйлесе алады. Бірақ борышкердің жазбаша келісімі болмаса, оның жеке мәліметтерін және борыш сомасын өзгелерге айтуына тыйым салынған. Қалай болғанда, қазақстандықтар борышқа батып жатыр. Азаматтар 5,6 триллион теңге тұтынушылық кредит алған. 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша, 1 жылдан бері төлемі жасал­маған банк заемдары 616,8 млрд теңгені құрады.