Қазақта «Осакаров» пен «Приозерск» деген қала бар
Қазақта «Осакаров» пен «Приозерск» деген қала бар
©Александр Вишняков
539
оқылды
13 желтоқсан Қарағанды ғана емес, Қазақстан тарихына алтын әріппен жазылады. Өйткені шаһар «Октябрь» атауымен мәңгілікке қоштасты. Қазақ мұндай сәтте «Ақ түйенің қарыны жарылды» дейді. Майқұдықтағы мәдениет сарайы алаңында ұлт көсемі, Алаш арысы Әлихан Бөкейхан есімі аудан атауына салтанатты түрде берілді. Тәуелсіздік тойына тартудың ең озығы осы. Салтанатты жиынды ашқан Қарағанды қаласының әкімі Ермағамбет Бөлекпаев: «Облыс тарихы үшін аса маңызды қуаныш­ты оқиғаға куә болып отырмыз. Осыдан 20 жыл бұрын Қарағанды қаласындағы екі ауданның біріне қаз дауысты Қазыбек бидің есімі берілсе, биыл екінші ауданға халқы­мыздың ардақты азаматы, қайраткер тұлға Әлихан Бөкейханның аты берілуде. Айма­ғымызда идеологиялық тұрғыда ескірген атаулардың мәнді де мағыналы атауларға ауысуы – тәуелсіздік жылдарында жеткен басты жетістіктеріміз сапында. Бұл – тәуелсіздік жемісі. Жылдың басында аудан атауын өзгерту бойынша өткен көпшілік тыңдауға белсене қатысып, үлкен қолдау көрсеткен барша азаматтарға алғысымыз зор. Біз мұны елдігіміз бен бірлігіміздің көрсеткіші деп білеміз», – деп жиналған халықты құттықтады. Сонымен қатар қала басшысы ауданды қайта атау – бұл ең алдымен Әлихан Бөкейханның тарихи қыз­метіне, жалпы еліміздің тарихына берілген құрмет екенін, ауданның атауы ғана емес, келбеті де өзгеретінін атап өтті. Мұнда соңғы бірнеше жылда үйлердің қасбеттерін, шатырларын, кіреберіс жолдары мен орамішілік жолдарды жөндеу бойынша үлкен жұмыстар жүргізілген. Майқұдық орталық жолын ауқымды қайта құру аяқталды. Бірнеше заманауи тұрғын үй кешенінің құ­рылысы жүріп жатыр, шағынаудандарда жаңа емханалар іске қосылды. Қайта құру жұмыстарынан кейін «Литейщик» стадионы ашылды. Әкімнің айтуынша, алда әлі талай өзгеріс бар. 13 желтоқсан – Тәуел­сіздіктің 30 жылдығында барша халықтың арман-тілегі орындалған күн. Мінбеге шығып Әлихан ауданының тұрғындарын құттықтаған Абай атындағы Мемлекеттік сыйлық иегері, ақын Серік Ақсұңқар өз тебіренісін: – Тәуелсіздік үшін басын қатерге тіккен Әлихан ортамызға қайтып келді. Бұл – тәуелсіздігіміздің бұдан да әрі баянды болатынының бірден-бір кепілі. Осы мәселені дауға айналғанда шешіп берген облыс әкіміне, қала әкіміне қазақ халқының атынан алғыс айтамыз. Әлихан – Алаштың рухы. Адамды өлтіруге болады, бірақ рухты өлтіре алмайсыз, – деп жеткізді. Ақжарма құттықтауларын тілегі де, Отаны да бір Қазақстан халқы Ассамблея­сының мүшесі Вилен Молотов-Лучанский, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшесі Юрий Михуля да жеткізді. Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов Әлихан Бөкейханның тұлғасына тоқталды. – Бүкіл қазақ халқының ІІ съезінің қорытындысы шыққан күні Алаш үкіметі құрылып, оның басшысы Әлихан Бөкейхан болып сайланған. Оның елі үшін еңбегі ұшан-теңіз. Ол – ұлы көсем. Ол әрқашанда қазақтың келешегін, елдің болашағын ойлаған. Жарты өмірі қамауда өтті. Әлихан Бөкейханның аты ауданға берілуі – Сіздер­дің шешімдеріңіз, Сіздердің жеңістеріңіз! Әлихан Бөкейханның «Халықтың пікірі мен еркі – заңның жоғары сатысы» деген жақсы сөздері бар. Тәуелсіздік күні қар­саңында Октябрь ауданы Қазақстанның бірлігін, оның болашағын жақтаған адам – Әлихан Бөкейхан атындағы аудан болып қайта аталды деп мақтанышпен айтамыз, ­– деп өз қуанышын білдірді.

Қазақыланбаған атаулар әлі де бар

Қарағанды қаласында Әлихан Бөкейхан «Октябрьді» ысырса, Балқаш қаласында жылдар бойы дау болған Ленин көшесіне Абай атауы берілді. Дегенмен Қарағанды облысында атауы әлі өзгермеген аудан мен көшелер жеткілікті. Мысалы,  1940 жылы құрылған, аумағы 11,2 мың шаршы шақырымды алып жатқан, 31 мыңнан астам тұрғыны бар Осакаров ауданы. Орталығы да Осакаровка деп аталады. Аудан орталығы ғана емес, бірнеше ауыл атауы басқа тілде «сайрап» тұр. Мысалы, Звездный, Пионер, Родников деп кете береді. Сонымен қатар әлі күнге дейін ресми тілдегі қалалар да баршылық. Әлихан Бө­кей­хан ауданындағы Пришахтинск, Приозерск қаласы да осы қатарда. Дегенмен сең қозғалды. Алда бұл атаулар да қазақыланатына сенім мол.

Қарағанды қаласы