Интеграция – әлемдік әріптестіктің әлеуеті
Интеграция – әлемдік әріптестіктің әлеуеті
1,160
оқылды
Тәуелсіздік бізге халықаралық векторды сыйлады. Әлемдік қауым­дастықтың мүшесіне айналған Қазақстан бұл мүмкіндікті кеңінен пайдалана алды. Өйткені интеграция елдің имиджіне ғана емес, қауіпсіздігіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал ететін фактор.

Еуразиялық ықпалдастық: әміршілдіктен әріптестікке

Таяуда ғана Елбасымыз «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында еске алған­да­й, «егемендік шеруі» басталған 1989 жы­лы Қазақстан тұтастығы ыдыраған алып елдегі интеграциялық потенциалдың тоқы­рауға ұшырамауына алаңдап, барын сала жүгіргенін, олардың бір шаңырақ астында бірге жүрген кездегі бауырластық пен дос­тық қатынасын сақтап қалуға мүдделі бол­ғанын жазады. Мәскеуге бір барып, еге­мендігін жаңа жариялаған елдердің БҰҰ-ға мүше болуына көмектесуге шақырған, Ашхабадқа бір барып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құруға үндеген Елбасы өз естелігін: «Тәуелсіздікті жариялау оңай емес, оны бүкіл әлемге мойындату одан да қиын» деп түйіндейді. Осылайша, 1991 жы­лы 21 желтоқсанда ең алғашқы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымы дүниеге келді. Бұл одақтас елдер арасындағы саяси-экономикалық сабақтастықты сақтап қалуға жасалған алғашқы ірі қадам еді. Осылайша, Қазақстан әміршілдік-атқару­шылық жүйеден әлемдік әріптестік әле­уетіне бет түзеді. Еуразиялық кеңістік идеясы одан кейін де күн тәртібінен түскен жоқ. 1994 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекет­тік университетінің студенттеріне дәріс оқыған кезінде Елбасы жаңа интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеясын алғаш рет паш етті. Оның тұжырымдамасы – тамырлас тарих, ортақ нарық, гуманитарлық байла­ныс­тар мен қауіпсіздік саласындағы әріп­тес­тікке негізделді. Осы идеяның жілісінде 2000 жылы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) құрылды. Бұл заманауи сын-қатерлерді бірлесе отырып қана жеңуге болатыны дәлелденген тарихи аксиоманың үлгісінде құрылған бірлестік еді. ЕурАзЭҚ шеңберінде Кеден одағы дүниеге келді. Үш мемлекетті қамтыған экономикалық аумақта Бірыңғай кедендік тариф енгізілді. Ол 11 мыңнан астам тауар номенклатурасын қамтыды. Қысқа мерзім­де құрылған Кеден одағы халықаралық қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды. Оның айғағы қоғамдастық 2003 жылы БҰҰ-ның Бақылаушысы дәрежесіне ие болды. 2007 және 2010 жылдардың жел­тоқсан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында БҰҰ және ЕурАзЭҚ ара­сындағы ынтымақтастық хаттамасына қол қойылды. Еуразиялық интеграцияның эволюция­лық келесі кезеңі Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) құру жөнінде болды. Оның мақсаты жұмыс күшінің, капиталдың, қызметтің және тауарлардың еркін қозға­лысына жағдай жасайтын нарықтық үдеріс­терге негізделген экономиканы реттеудің бірыңғай тәсілдерін қамтамасыз ету және үйлесімді құқықтық нормаларды қалып­тастыру еді. Бұл қадам интеграциялық тү­йін – Еуразиялық экономикалық одақ (ЕурАзЭО) ұйымын батыл түрде құру тура­лы шешімге алғышарт болды. Бүгінде бұл ұйым постпандемиялық жаһандық сын-қатерлер аясында дәстүрлі өміршең әріп­тестік талаптарын сақтай отыра жаңаша бейімделу кезеңін бастан өткеріп келеді.

Бастамашы әрі белсенді қатысушы

Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан түбе­гейлі саяси және әлеуметтік-экономи­калық реформалар жасау жолында әлемдік қауымдастықтың әріптестік ресурсын тиімді пайдалана алды. Еліміз халықаралық деңгейдегі көптеген ұйымды құрудың бастамашысы әрі белсенді қатысушысы ретінде танылды. Мәселен, ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК сынды жалпы әлем мо­йын­даған халықаралық ұйымдар Елбасы­ның жүйелі де батыл шешімдері мен ұйым­дастырушылық қасиетінің арқасында дү­ниеге келді десек қателеспеспіз. Құрлықтық ауқымнан бөлек, бүкілдүниежүзілік ұйым­дарда да Қазақстан өзінің гуманизмдік және бітімгерлік ұстанымдарымен орныға білді. Солардың ішінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығы және Астана саммиті, БҰҰ Еуропа бөлімінде Бас ди­ректор, БҰҰ бас хатшысының Қарусыз­дан­дыру конференциясындағы жеке өкілі болуы біздің мемлекетіміздің халықаралық жоғары беделінің айшықты дәлелі. Ендеше түрлі миссия мен мүдде арқалаған бұл ық­палдастық ұйымдардың бірқатарына тоқтала өтсек. Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынты­мақ­тастық ұйымы (ЕҚЫҰ). Саяси диалогті дамыту мақсатын көздейтін бұл халық­ара­лық ұйымның негізгі мақсаты – демокра­тиялық үрдістер негізінде аймақтық ты­ныштық пен қауіпсіздік сақтауға үн қосу. Ұйымға Еуропа, Кавказ, Орталық Азия, Солтүстік Американың 56 мемлекеті мүше. Қазақстан бұл ұйымға 1992 жылы мүше болып енді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынты­мақтастық жөніндегі кеңестің тәжірибе­лерін бөлісу мақсатында оның негізгі прин­циптерін басшылыққа алуға міндет­теме қабылдап, екіжақты тығыз байланыс орнатты. Еуропадағы қауіпсіздік пен ын­ты­мақтастық жөніндегі ұйымға қатысушы елдер мемлекет және үкімет басшыларының 1994 жылы Будапеште, 1996 жылы Лисса­бонда өткен жоғары дәрежедегі басқо­су­ларына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, Лиссабон саммитінің пленарлық мәжілісіне төрағалық етті. Одан бөлек, Қазақстан Сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ-ның көптеген жиынына шақыртылып, баяндама жасады. Қазақстанның Венадағы тұрақты өкілдігі ұйымның түрлі құрылым­мен тығыз байланыс орнатқан. Алматыда ЕҚЫҰ-ның өкілдігі бар. 2009 жылы осы ұйымды басқару үшін ниет еткен еліміздің кандидатурасын ТМД елдерімен қатар Батыс Еуропа елдерінің көбі (Германия, Италия, Нидерланд және Франция) қолдады. Қараша айында Мад­ридте өткен ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің сырт­қы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 15-отырысында Қазақстан ТМД елдері­нің ішінде алғашқы болып ЕҚЫҰ төраға­лығына 2010 жылы ие болатыны туралы шешім қабылданды. ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Қазақстан аталған халықаралық ұйымға Шығыс Еуропа елдері мен ТМД мемлекеттерінің сенімін нығайтуды мақсат етіп алды. Ауғанстанды қоса алғанда, Орта­лық Азия проблемаларына назар аудартып, лаңкестікпен, ұйымдасқан қылмыспен, есірткі трафигімен, адам және қару-жарақ саудасымен күрес бағыттарында белсенді жұмыстар жүргізілді. Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы үндестікті сақтаушы ретінде ұйымның рөлін нығайтуға өлшеусіз еңбек сіңірді. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ). Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының әскери-саяси ұйымы 1992 жылы 15 мамырда Ташкент қаласында Қа­зақстан, Қырғызстан, Ресей, Армения, Тә­жікстан және Өзбекстан елдерінің бірі­гуімен құрылды. Кейіннен ҰҚШҰ құра­мы­на Әзербайжан, Беларусь және Грузия қосылды. Келісім 1994 жылы 20 сәуірде ратификация процесі аяқтал­ғаннан ке­йін, 5 жыл мерзімге күшіне енді. Сол кез­ден бастап бұл келісім 5 жыл сайын ұзартылып отырады. Мүше мемлекет­тердің қызметін­дегі басым бағыттар ретінде жаңа трансұлт­тық қатерлер мен қауіптерге қарсы тұру, орын алып отырған немесе ықтимал аймақ­тық немесе шағын қақтығыстардың алдын алу, шешімін табу, халықаралық лаңкес­тікпен, агрессивті экстремизммен, қару мен есірткінің заң­сыз айналымымен, ұйым­­дасқан қылмыс­пен, жаппай қырып-жою қаруын тарату­мен күрес қарастырылған. Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ). Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жаңадан пайда болған мемле­кеттер мен көршілес Қытай мемлекеті ара­сында өңірлік қауіпсіздік және өзара се­нім мәселесі күн тәртібіне шыққан бола­тын. Түрлі геосаяси және мемлекетаралық жағдайларға шешім іздеген бес мемлекет 1996 жылы «Шанхай бестігі» деген атаумен халықаралық ұйым құруға келісті. Олар – Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Қытай, Ресей және Тәжікстан мемлекеттері еді. Ал 2001 жылдың 1 маусымында ұйымға Өз­бек­станның да кіруіне байланысты, бірлестік атауы Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) болып өзгертілді. Ұйым­ның негізгі мақсаты – мүше мемлекеттер арасында өзара сенім, достық, татулық қарым-қаты­настарды нығайту, тиімді әріптестік шара­ларын дамыту, тәуел­сіздікті, егемендікті, аумақтық тұтастық­ты сақтау, бір-бірінің ішкі істеріне ара­лас­пау, өзара күш қолданбау және қолда­намын деп қоқан-лоқы көр­сетпеу, басқа мемлекеттерге немесе ұйым­дарға қарсы бағытталған одақтарға бірікпеу және тағы басқалар.