Төлеутай Сүлейменов: «30 жылда бір ғасырға жүк боларлық жолдан өттік»
Төлеутай Сүлейменов: «30 жылда бір ғасырға жүк боларлық жолдан өттік»
626
оқылды
Ол – еліміздің алғашқы Сыртқы істер министрі. Дәл осы азаматтың тұсында әлем елдері Қазақстанды егемен ел ретіндей мойындай бастады, дипломатиялық қатынастар орнатты, шетелде елшіліктеріміз ашылды. Көргені мол, айтары да аз емес. Осы себепті айтулы мерекенің алдында дипломат Төлеутай Сүлейменовті әңгімеге тартқан едік. – Кез келген халық үшін тәуел­сіздіктен артық құндылық жоқ. Әңгімемізді осы киелі ұғым туралы ой-пайымдаудан бастасақ. Аға, сіз үшін тәуелсіздік деген нені білдіреді? – Қазақ кейінгі екі жарым ға­сырдан астам уақыт бойы алдымен патшалық Ресейдің, кейін Кеңестер Одағының құрамында бодандықта күн кешті. Ол кезде бүкіл мәселені Мәскеу шешетін, жерімізден иге­рілген бар байлық орталыққа жөнелтілетін. Қазақстанның жеке бюджеті болған жоқ. Қандай да бір реформаны жүзеге асыру үшін жо­ғарыдан рұқсат қажет. Тіпті, құ­рылыс жүргізіп, жол салу үшін де сол жаққа қол жаятын едік. Өзімізде ерік болмады. Сондай бір замандар өтті ғой. Ал тәуелсіздіктің жөні бөлек. Халқымыз ғасырлар бойы бос­тан­дық үшін күресті. Осы жолда талай асыл азаматтар құрбан болды. Өт­кен ғасырдың басында ғұмыр кеш­кен ұлт зиялылары Ресейден бө­лініп, дербес мемлекет құруды армандады. Кеңес үкіметі еркін ойлайтын, ұлтын сүйген адамдарды қуғындады, түрмеге жапты, ату жазасына кесті. Солардың аңсаған армандарына біздің қолымыз жетіп отыр. Бұдан артық қуаныш жоқ. Енді алдымызға елдік мақсаттар қойып, өзіміз шешетін болдық. Тәуелсіздік – Тәңірдің берген ең үлкен сыйы, басымызға қонған бақыт. Енді ұлттық құндылық­тарымызды сақтап, дамытып, қорғауға міндеттіміз.

Тәуелсіздігімізді алты айда 50 ел таныды

– Еліміз егемендік алғанда алғашқы Сыртқы істер министрі болдыңыз. Бұл дипломатия қызметі толық қалыптаспаған шақ еді. Осынау алмағайып кезеңде тығы­рықтан шығу үшін жұмысты неден бастадыңыз, неге аса көңіл бөлдіңіз? – 1991 жылы Тегеранда Кеңес­тер Одағының елшілігі қызметінде жүргенімде Елбасы Н.Назарбаев­тың шақыртуымен Сыртқы істер министрі болып тағайындалдым. Мемлекет басшысының «Қазақ­станды дүниежүзіне таныту керек» деген сөзінен кейін іске бірден кі­рістім, бірақ жұмыстың оңай бол­майтынын біліп тұрдым. Ол кезде ведомствода бар-жоғы он шақты ғана адам жұмыс істейтін, бірақ олардың бар қызметі консулдық виза берумен шектелді. Қазақстан бұған дейін сыртқы саясатпен дер­бес айналыспаған, бәрі Мәскеудің бұйрығымен шешілетін. Енді мұн­ша аз адаммен жұмыс істеу мүмкін емес еді. Министрліктің жұмысы ақ па­рақтан басталды. Содан Елбасына «КСРО сыртқы істер министр­лі­гінде, елшіліктерде істеген отандас­та­рымызды жұмысқа шақырайын» деп өтініш айттым. Ол кісі қолдау көрсетті. Бірден білікті кадрлардың басын біріктіру және баспанамен қамтамасыз ету мәселесін төтесінен қойдым. Тоқаев, Ғизатов, Құрман­ғожин, Омаров, Дәненов, Нұрға­лиев сияқты қазақтың елдік мәсе­леге төселген дипломат маманда­рын шақыртып, Сыртқы істер ми­нистрлігінің негізгі құрамын жа­сақтадық. Бір жыл ішінде минис­тр­лікке тоғыз жүз адамды жұмысқа қабылдық. Еліміздегі халықаралық қаты­настар факультетін бітірген маман­дар мен тіл білетін оқытушыларды, сыртқы саясатпен айналысып жүр­ген азаматтардың бәрін шақырып, жеке-жеке әңгіме өткізіп, қызметке қабылдадық. Олардың білімі мен бі­ліктілігін жетілдіру үшін Үндіс­тан, Қытай, Иран, Пәкістан және Еуропа елдерінің сыртқы істер министрлерімен келіссөз жүргізіп, 1-1,5 айға оқуға жібердік. Қаржы­ның тапшылығынан мамандардың жо­ла­қысын ғана төледік. Олар оқып келгеннен кейін сыртқы сая­саттың қызметі жандана бастады. Жұмы­сымыз жеңілдегендей болды. Ми­нистрлік ішінен департаменттер құ­рып, негізгі құрылымды қамта­масыз еттік. Ол кезде шетелдерде елшілік әлі ашылмаған болатын. – Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш рет қай мемлекеттер мойын­дады, бастапқы кезде қай елдерде елшіліктер ашылды? Сырт мемле­кеттермен дипломатиялық қаты­настар қалай орнады? – Алдымен Америка Құрама Штаттарында, содан кейін Түркия­да, Мажарстанда ашылды. Ресейде біздің өкілдік болды, оны елшілікке айналдырдық. Содан кейін бұрын­ғы одақтас он бес республикада елшілік ашуды бастадық. Оған қар­жы бөлініп, мамандар әзірленді. Ал дипломатиялық қатынас­тарды орнатуға келетін болсақ, мен КСРО сыртқы істер министрлігінде қызмет істеп жүрген кезден көпте­ген елдің саясатын және іс-тәжі­рибелерін көріп-біліп жүруші едім. Әсіресе, Еуропа елдері, оның ішін­де Польша, Мажарстан, Чехия, Ру­мы­ния және Болгариямен жақсы та­ныспын. Аталған елдердің адам ка­питалы мен саясатты жүргізу тәжі­рибелері орныққан. Қазақ­стан­да ол дұрыс қалыптаспаған. Сон­дықтан осы мемлекеттердің тәжірибесіне сүйендік. Біріншіден, олардың тілін түсінеміз, екіншіден, бізге экономика мен әскери қуаты жағынан жақындау. Сол үшін олар­мен арадағы әріптестік ынтымақ­тастықты ұлғайтып, жақынырақ танысу қажет болды. Бұл уақыттарда біздің елді шет­елдіктер жөнді білмейтін. Сыртқы саясаттағы қатынасымызды Еуро­падан бастадық. Содан кейін Оң­түстік Азия елдеріне қарай ойыс­тық. Шет мемлекеттерде жүргізіл­ген саяси-экономикалық рефор­маларға назар аударып, шаруа­шы­лық ұйымдастыру ерекшеліктерін зерделедік. Сырт мемлекеттерге рес­ми іссапарларға шығып, шет­елдік меймандарды өзіміз де қа­былдап, екіжақты қарым-қатынас­тарды үдеттік. Қазақстан 1992 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының мүшесі болып қабыл­данды. Одан бөлек, Дүниежүзілік қаржы қорымен, Бүкіләлемдік банк, Еуразиялық қайта құру және даму банкімен, сосын Араб және Ислам банктерімен байланыс ор­натты. Осы жұмыстардың арқа­сын­да алғашқы алты айда тәуелсіз­ді­гімізді 50 мемлекет таныды. Сөй­тіп, Қазақстанның тәуелсіздігі ха­лықаралық тұрғыдан мойындалды.

Қазақстан – әлемдік аренадағы жаңа ойыншы

– Тәуелсіздік алғанда Қазақ­стан­ның қолында Кеңестер Ода­ғында қуаты жағынан екінші сана­латын ядролық қару қалды. Бұл әлем қауымдастығын қатты алаңдатты. Осы кикілжіңді мәселе диплома­тиялық тұрғыдан қалай шешілді? – Ол кезеңде біздің алдымыздан екі үлкен міндет тұрды: ядролық по­лигонды жабу және жаппай қы­рып-жоятын қарудан өз еркімізбен бас тарту. Бұл өткір мәселе еді, бірақ Нұрсұлтан Назарбаев ресми Мәс­кеудің қарсылығына қарамастан, полигонды жауып, халықты 40 жыл бойы ажал уын сеуіп тұрған тажал аранынан құтқарды. Ал жаппай қырып-жоятын қа­рудан бас тарту біздің диплома­тия­ның ең ауыр және діңкені құртқан кезеңі болды. Оған қатысты қоғам­ның пікірі «иә» немесе «жоқ» деп екіге жарылды. Бұл мәселе Мем­ле­кет басшысының АҚШ-пен, Ресей­мен ұзаққа созылған келіссөздерін­де егжей-тегжейлі талқыланды. 1992 жылы Елбасы бастаған Қазақстан делегациясы Америкаға алғаш рет ресми сапармен барғанда АҚШ президенті Джордж Буш (үлкені) Нұрсұлтан Назарбаевтан: «Ол қаруды не істейсіздер, оны өздеріңізге қалдырасыздар ма, әлде Ресейге бересіздер ме?» деп сұрады. Елбасы: «Біз демократиялық, за­йырлы және бейбітсүйгіш мемлекет құрамыз, нарықтық қатынаспен жүреміз. Бізге ядролық қару керек емес. Бірақ сол қарудың зардабын тартқан халыққа қолдау қажет» деп жауап айтты. Бұл Қазақстанның салмақты стратегиялық таңдау жасағанын, ядролық қарудан бас тартқан ел мәртебесіне ие болғанын көрсетеді. Аталған процесс ядролық мемле­кеттер – АҚШ, Ұлыбритания, Фран­ция, Қытай және Ресейдің шабуыл жасамау кепілдігі мен олар тарапынан қажет кезінде саяси және экономикалық қолдау көрсе­тіледі деген келісім нәтижесінде жү­зеге асырылды. Аталған мемле­кет­тердің басшылары Будапеште 1995 жылы тиісті құжатқа қол қойды. Міне, нақ осы екі оқиға біздің елдің бейбітсүйгіш сыртқы саяса­тын айқындап берді. Ал ядролық қарусыз әлем және жаппай қару­сыз­дану үшін күрес Тұңғыш Прези­денттің де, Қазақстанның да сырт­қы саясатының брендіне айналды. Бұл әлемдік аренаға жаңа ойыншы келгенінің айқын дәлелі болды. Әлбетте, ол кезде елдегі әлеу­мет­тік-экономикалық жағдай аса ауыр еді. Инфляция мен жұмыс­сыз­дық деңгейі ие бермей кеткен. Ашынған жұрт шеруге жиі шы­ғатын. Зауыт пен фабрикалардың жұмысы тоқтап, оқыған көзі ашық адамдардың, кәсіби мамандардың көбі күнкөріс қамымен саудаға бет бұрған. Елге тезірек инвестиция тартып, экономиканы көтеру керек болды. Байлықтың бәрі жердің ас­тында жатты. Оны пайдалану үшін мол қаржы мен заманауи техно­логия қажет. Көршілерде ақша жоқ, технология ескі. Сондықтан инвес­тицияны дамыған мемлекеттерден іздеу керек болды. АҚШ, Еуропа мемлекеттері, Сингапур, Малайзия, Қытай және Араб елдерін тегіс аралап, елге инвестиция тартуға тырыстық. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы БҰҰ залында Қазақстан туралы жан-жақты қам­тылған баяндама оқып, таныс­ты­рылым өткізді. Шетелдіктерге қа­зақ жерінің байлығы мен мемле­кеттің бейбіт ұстанымын жеткізіп, ірі бизнес өкілдерін республикаға инвестиция салуға шақырды. Көп ұзамай Елбасының әлем алдындағы беделі мен іскерлігінің арқасында сырттан көптеп инвестор келе бастады. Тәуелсіздіктің 30 жылында елі­міз 100 жылға татитын жетістіктер мен табыстарға қол жеткізді. Осы қысқа уақыт ішінде жас мемле­ке­тіміздің атқарған істерін саусақпен санап шығу мүмкін емес. – Әңгімеңізге көп рақмет!