Ағзаға мұқтаж науқас көп
Ағзаға мұқтаж науқас көп
592
оқылды
Елімізде трансплантология са­ласы дамыған десек те, оның қоғам­дық құрамдас бөлігі тым өткір проб­лема ретінде қа­лып тұр. Негізгі мә­селенің бірі – қайт­қан адамның мүр­де­сі­нен ағзаны алуға рұқсат беру. Нақ­­тырақ айт­қанда, қазақ­стан­дық­тар ара­сында бұл пікір мора­ль­дық тұр­ғыда пісіп жетілмеген. Бір жағы мен­та­литетіміз бен діни көз­қарасымыз жі­бермесе, екін­ші ұшы пай­да­күнем­дік пиғыл­да жатқан болуы мүм­кін. Деген­мен елімізде ағзаны сатуға да, сатып алуға да тыйым салынған. Опе­­­рация жасау, дәрі-дәр­мек­пен ме­­дикаментоздық қолдау – бар­лығы те­гін жүргізіледі. Ен­де­ше проблема неде?

Репициент кім, донор қайда?

Биылғы 10 желтоқсанға дейінгі мәлімет бойынша, елімізде 3 369 адам, соның ішін­де 105 бала донорлық органға тәуелді екен. Оның 3 044-і бүйрекке, 156-сы бауырға, 151-і жүрекке, 15-і өкпеге мұқтаж. Ал жыл ба­сынан бері 1 қарашаға дейін небәрі 161 опера­ция жасалып, 122 бүйрек, 37 бауыр, 2 жү­рек ауыстырылыпты. Онда да 5 бүйрек, 3 бауыр ғана және 2 жүрек мәйіттен алы­н­ған. Бұл елімізде мүрде трансплантологиясы өте өткір тұрғанын көрсетеді. Жас ерек­ше­ліктеріне келер болсақ, ересек репициент­тер 18 бен 52 жас аралығында. Ал балалар, өкінішке қарай мұндай жағдайға туғаннан шал­дығып жатады екен. Көп ретте туған­нан өт жолы дамымай туатындары кезде­седі. «Күту парағында ұзақ уақыт кезек кү­тіп, өмірден өткен отандастарымыздың са­­ны жыл басынан бері 327 адамды құ­рай­ды. Бұл 3 369 адамның – 10%-ы. Соның ішін­де бүйрек күтіп, оған жете алмағандар – 260, бауырдан кеткендер – 25, жүрегі мәң­гіге тоқтағандар – 37, өкпесі істемей қал­ған – 5 адам. Бұлардың арасында біреудің әке­сі, біреудің жалғыз баласы, біреудің ж­ақын бауырлары бар. Егер мүрде трансп­лан­тологиясы елімізде жолға қойылған бол­са, оларды аман алып қалуға болар еді. Мә­селен, шетелде бұл бағыт өте жоғары дәре­жеде жолға қойылған. Айталық, Ис­па­нияда ағзалар 90% мәйіттен ауыс­тыры­лады», – дейді медицина ғылымының док­торы, профессор, МҒА академигі Жақ­сылық Досқалиев.

Менталитетті өзгерту қажет

Адам өмірі – баға жетпес ең құнды қа­зы­намыз. Бірақ сонда да оны трансплан­тология құдіретімен сақтап қалу ше­шімі күрделі мәселе болып тұр. Өйткені елі­мізде адамның келісімінсіз оның ағ­засын алуға тыйым салынған. «Келісім пре­зумпция­сының» ең бірінші көздейтіні – адам құқының (тірі кезінде де, өлі күйінде де) тапталмағаны, оның адам саудасының құрбанына айналмағаны және трансп­лан­тология ғылымын заңсыз бизнеске айнал­дырмау. Біздің қоғам осындай шетін мә­селелер топтасқан жағдайдың алдында тұр. Сондықтан да елімізде медицинаның осы бағытының гүлденуіне зор еңбек сіңірген хирург ғалымдар қазақстандықтарды мүрде доноры болуға шақырады. «Елімізде мүрде трансплан­толо­гия­сы­ның тығырыққа тірелуі ең бірінші кезекте мен­талитетіміздегі теріс қалыптасқан пі­кір­ден болып тұр. Бізде адамдардың көп­ші­лігі «адам қайтқаннан кейін оны он екі мү­шесімен бүтін жерлеу керек» деп ойлай­ды. Бірақ мәйітке органдар қажет емес қой. Олар әрі кетсе 5-6 жылда дымы қалмай еріп ке­теді. Сондықтан да адам қайтқаннан кейін оның ағзасын мұқтаж болып отырған адам­дарға берген дұрыс. Егер қазақ­стан­дықтар осыған түсіністікпен қарар болса, бір мәйіт кем дегенде 5 адамның өмірін әрі қарай жалғастыра алар еді. Ол ешқандай заңға да қайшы емес. Діни жағынан да мұн­да көзқарас сондай. Тіпті, дін қызм­ет­кер­лері: «Егер адам тірі кезінде біреуге кө­­мек­тесе алса, тіпті өліп бара жатқанда да кө­мектесетін болса, оның жаны жәннатта бо­лады», – дейді. Міне, діни жағынан да осын­дай ұғыммен қарау керек. Мен айтып отыр­ған 3 369 адам – қоғамға пайда кел­тіретін, еңбекке қабілетті жас адамдар. Сон­дықтан да оларға көмек бергеніміз жөн», – дейді профессор Жақсылық Дос­қалиев. Белгілі хирург-трансплантологтің ойын­ша, егер біз мәйіттен еш кедергісіз ағза алсақ, күту парағында тұрған науқас­тар­дың проблемасын 1-2 жылда шеше алған­дай екенбіз. Өйткені Қазақстанда трансп­лантологияға толық жағдай жа­сал­ған. 5-6 жерде операция жасау орталығы, 40 донорлық стационар бар, мамандар жет­кілікті. Егер донорлық ағза үзілмей жет­кізілетін болса, елімізде бұл пробле­ма­ны түбегейлі шешуге болады. Тіпті, шет­елдіктерді де емдеп, медициналық туризмді өте жоғары деңгейге көтеруге болады екен. «Біз тірі адамға донор болма деп айта ал­маймыз. Бірақ олар біздің елімізде мұн­дай қадамға көп жағдайда пайдакүнемдіктен бұрын, жаны ашығаннан барады. Олардан тек қана бүйрек сияқты жұп органдар не­ме­се бауырдың жартысы алынады. Ал жү­рек, өкпені тек мүрдеден ғана ала ала­мыз. Әйтсе де, бізді тірі донорлардың одан кейінгі денсаулығы алаңдатады. Өйткені ағза­сын бергеннен кейін олардың өздері біраз уақыт өткен соң оған мұқтаж болып қалуы мүмкін. Сондықтан да донорлар да біз үшін тәуекелдер тобына жатады. Себебі операция жасағаннан кейін репициент те, донор да оны көтере алмай қайтыс болып кетуі мүмкін. Бұл мәселеде екі адамның өмірі­не қауіп бар. Ал мүрдеден алынған жағ­дайда, бір адам ғана қатер санатында бо­лар еді», – дейді Жақсылық Ақмырзаұлы.

«Қара трансплантология» жоқ деуге негіз бар ма?

«Таяқтың екі ұшы бар» демекші, ағза ауыс­тырудың «заңсыз бизнеске» оңай ай­на­лып кетуі мүмкін екенін де жоққа шы­ғаруға болмайды. Өйткені ресейлік сайт­тар­да «донор іздейміз» деген хабарлан­дыру­дан көз сүрінеді. Көпшілігі ТМД елд­ерінің барлығынан тілек білдіргендер бол­са, өз­деріне шақырып отыр. Трансп­лан­то­ло­гияның бүкіл шығынын өз мойнымызға ала­мыз деп хабарлайтын олар, мәселен бір бүйректі 35 миллионға бағалап отыр екен. Бұл теңгеге шаққанда 175-180 миллион ақша. Тіпті, бауырдың құны доллармен бағаланатын боп шықты. Қай жарнамадан да 450 000 АҚШ долларынан арзан бауыр көр­медік. Енді оны теңгеге шаққаннан бұрын, ақиқатына көз жеткізбекке он шақ­ты донор іздеушіге хабарласып көргенбіз, қай-қайсысы да салмағымыз бен бойы­мызды сұрағаннан арыға аспады. Бұдан түйгеніміз: тірі донордың жарнамасы мы­нау болса, мүрдесі тоналып жатқандар аз емес-ау деп шошындық! Абырой болғанда Қазақстанда орган саудасына тыйым салынған. «Қазақстанда ешқандай да «қара трансплан­тология» жоқ, болған да емес! Ағза сату қылмыс! Ол қатал жазалану тиіс!», – дейді белгілі хирург-трансплан­то­лог Болатбек Баймаханов. Мамандардың айтуынша, Қазақстан­дағы кез келген дәрігер органның сауда ар­қылы алынғанын білсе, операция жаса­май­ды екен. Өйткені 5-6 жыл бұрын Ал­ма­тыда сондай жағдай болған. Донор еш­кім­ге, тіпті туысқандарына да айтпай, ре­пициентпен келісіп, нотариус арқылы тегін беремін деп қол қойып, операциядан кейін қайтыс болып кеткен. Осыдан соң туған-туыстары шу көтеріп, қылмыстық іс қозғалғанда, репициент сотталып кетіпті. Осыдан соң заңға өзгерістер енгізілген. Сол кездегі дәрігерлердің де, одан кейін Нұр-Сұлтан қаласында сотты болып, ақталып шыққан қос дәрігер Ғани Құтты­мұра­тов пен Абылай Донбайдың да еш кінә­сі жоқ. Олар құжаттардың барлығы жа­­­санды екенін білмеген. ағза «Кейбір адамдар донор боламын дегені бос әңгіме. Трансплантологияда лейкоцит, антиген деген бар. Қан жасушалары өз­деріне тек осы сәйкестіктерді қабылдайды. Ол үшін осы нәрселер сәйкес келу керек. Ал оған үлкен зерттеулер жасалады. Туыс­қан болуы міндетті емес, генетикалық байланысы болса жетеді. Донор нотариус арқылы өзінің рұқсатын береді. Ал егер алдап жатса, пайдакүнемдік мақсатпен жа­сап жатқан болса, оны этикалық ко­миссия қарайды. «Мен ағзамды сатамын» де­генге ешкім жүгіріп келіп, алып кете ал­майды. Бізде бәрі заңмен бекітілген. Бірін­шіден, сату-сатып алу процедурасына шек­теу қойылған. Екіншіден, жарнама жа­сауға тыйым салынған. Сондықтан кей­бір сайттарда шығып жатқан жарна­ма­лардың барлығын құзырлы органдар қада­ғалауы тиіс», – дейді Жақсылық Досқалиев. Қазақстанда трансплантологиялық опе­рация тегін жасалады, дәрі-дәрмек те тегін – бәрін де мемлекет өзі көтереді. Он­да да анау-мынау емес, оригинал дәрі­лер­мен қамтамасыз етеді. Одан бөлек, трансплан­тологиялық орталықтарды жаб­дықтауға, осы ғылымды дамытуға қаншама қара­жат құйып отыр. Елімізде шетелден келген адамдар өздерінің донорларымен келсе, трансплантология соларға ғана ақы­лы. Пандемияға дейін Израиль, Ресей, Қыр­ғыз Республикасы, Өзбекстан, Қытай, тіп­ті Жапониядан келіп операция жасат­қан­дар болған екен. Соңғы екі жылда он­дай ешкім жоқ.

Ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз!

Иә, әрине елімізде өзгенің ағзасын салып, қалыпты өмірге қайта оралғандар да аз емес. Солардың бірі – Жазира Сей­сен­баева Қызылорда өңірінің 1984 жылғы тумасы. Кейіннен Түркістанда мектеп бі­тіріп, Шымкентте тұрған. Сол кезде, яғни 2011 жылы сәуір айында бауыр церрозы деген ауруға шалдығып, оның диагнозын жарты жылдан кейін ғана Ташкентте тап­қан екен. Асқынғаны сондай 2016 жылға дейін бауыр жасаушаларын ауыстыру үшін мезгіл-мезгіл Шымкент және Астана қа­лаларында ауруханада жатуға мәжбүр бол­ған. Ұдайы дене қызуы көтеріліп, бойы­ның бәрін ісік басып, су толып кеткен. Осы жыл­дан бастап бауыр ауыстырмаса бо­л­май­тыны белгілі болып, донор іздейтін­дердің күту парақшасына тізімге енгізілген. «2016 жылы наурыздың 9-ында мен ес-түссіз ауруханада жатқанымда дәрігер­лер «болды енді қоштаса беріңдер, донор табылмауына байланысты сіздерді үйге қай­тарамыз» деп, ата-анам 10 наурызға сағат 10.00-ге билет алған болатын. Сол күні таңертең жиналып жатқанда, донор табылды деген хабар келді. Бір есімді жи­насам, ата-анам солай деп қуанып отыр. Бірақ бұған дейін екі рет туысқандары рұқсат бермей, бас тартқандықтан, екі опе­рация жасалмай қалған болатын. Сон­дық­тан да мен бұл хабарға ол жолы да қат­ты сенген жоқпын. Үмітімді үзіп, талықсып кеттім. Бір көзімді ашсам, операциялық блок деген жазудан өтіп барамын екен. Одан соң бір аптадан кейін ғана жаңа бауырмен бір-ақ ояндым. Аллаға алғысым шексіз! Ақ халатты абзал жандарға алғысым шексіз! Трансплантолог-хирург Мәрлен Ақмырзаұлына, емдеуші дәрігерлерім Мыл­тықбай Сағынбекұлы, Ахмет Машра­пұлдарына зор алғыс!», – дейді репициент Жазира Сейсенбаева. Естуінше, оған Қостанайда бас ауруы­нан қайтыс болған 1979 жылғы жігіттің бауырын салған екен. Есімін, басқа да мәлі­меттерін білмейді. Туыстарын да таны­майды. Өйткені бәрі де дәрігерлік құпия. Жазира өзіне екінші өмір сыйлаған аза­маттың рухына бағыштап, 10 наурызда Құран оқытады екен. Осылайша, оған да шек­сіз алғысын жеткізгісі келеді. Ағза ауыс­тырғаннан кейін Шымкенттің ыстығы жақ­пайтын болған соң, астанаға көшіп кел­ген ол содан бері осында. Қазір ел қа­тар­лы жұмысына барып, жалғыз ұлы Дар­ханды тәрбиелеп отыр.

Донор болу – ерлік

Расында да, доноры уақытында та­бы­лып, жаны қалғанның бір мінәжаты – мар­құмның рухына мият болса керек. Ал көзі тірі ағзаласыңмен әркез хабарласып жүргеніңнің өзі ғанибет. Сондай жанның бірі – біздің әріптесіміз Әдебиет Жұманұлы өз жиеніне бір бүйрегін бергені туралы бұған дейін де жазған болатынбыз. «Үш жыл бұрын жиенім қатты ауырып, соған бір бүйрегімді бердім. Оның екі бүйрегі де жұмыс істемей қалып, донор із­де­ген болатын. Мен «көрейін, егер дәлдік бо­лып жатса, беремін» дедім. Сол 2018 жыл­ғы 1 сәуір күні бүйрегімді алып, жиенге салу операциясы жақсы өтті. Бізде донорға қандай да болсын көмек бар ма, жоқ па, білмеймін. Екі жыл ішінде екі-үш рет толық тексерістен өттім. Бәрі де ақылы. Бір жыл бұрын мемлекеттік емханаға барып, тексеруден өткен едім. Бір анализ нә­тижесін төрт-бес күн күттім. Басқа да тек­серістер ұзақ уақыт алады. Ал жеке­меншікке барсаңыз, бір күнде дайын бо­лады. Содан қазір жекеменшік ауру­хана­лар­ға жүгінемін. Шыны керек, донор­ларға көмек немесе басқа да жағдай жасала ма, ол жағын сұрастырмаппын», – дейді жур­­­на­лист Әдебиет Жұманұлы. Әріптесіміздің сөзінің жаны бар. Басын қа­терге тігіп, тәуекел тобына енуге саналы түр­де қадам басқан донорлар елімізде аз емес екенін білеміз. Ендеше бүгінгі кө­тер­ген мәселеміздің төңірегінде донорлардың да әлеуметтік-медициналық жағдайын тыс қалдырмасақ керек. Бұл осы саланың гүл­денуіне тілектес функционерлердің құ­ла­ғына алтын сырға. Ал қазақстан­дық­тарға ой салсақ: «Тірі донор болу – ерлік, мүрде до­нор болу – парыз», ағайын!