Сарқырама және Кеңсай-Қосқорған-2 су бөгеттерінің салынуы тиімді шешім
Сарқырама және Кеңсай-Қосқорған-2 су бөгеттерінің салынуы тиімді шешім
716
оқылды

Әлемдегі климаттың өзгеруіне байланысты елімізде су ресурстары қорының жағдайы нашарлап барады. Суды үнемдеу үшін Қазақстанда егіс алқаптары қысқаруда, ірі өзендердің жойылу қаупі бар. Мәселені реттеу үшін тиімді шешімдер керек.

Ірі қалалардағы экологиялық ахуалды қалыпқа келтіру үшін жыл сайын қаншама түп ағаш егіледі. Енді жасыл желектерге оранған саябақтарға су тарту мәселесін тиімді шешу міндеті тұр. Сондай жобалардың бірі – Түркістан облысындағы Сарқырама және Кеңсай-Қосқорған-2 су бөгеттері. Өңірдегі су мәселесін арқау еткен «Жазиралы өлке. Түркістан дамуына арналған су көздері» деректі фильмінде баяндалғандай, облыстағы көктем мезгілінде қар еріп, нөсерлі жауын-шашын кезінде су қоры жиналады. Наурыз-сәуірде өзен суы тасып, арнасынан асады. Ал ауыл шаруашылығы алқаптарын суару мамырдан бастап, тамызға дейін жалғасады. Әдетте бұл кезде өзендер сағасы тартылып, шаруалар өңірде су тапшылығын сезеді. Сондықтан жауын-шашын суын бір жерде сақтау үшін су қоймаларын салу қажеттігі туындады. Сарқырама және Кеңсай-Қосқорған-2 жобалары осы қажеттіліктерді өтеуге арналған жобалар. Сарқырама Гидроинженер Өмірбек Болысбеков аталған екі жобаның әлеуметтік тұрғыда маңызды екенін айтады. «Біздің есеп бойынша 200 миллионнан артық су қажеттігі туындап отыр. Соны шешу үшін су қоймаларын салу қажет. Көктем кезіндегі суды жинап, кейін соны үнемдеп пайдалану керек. Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасы салынды», – дейді маман. Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасы қолданыстағы Қосқорған су қоймасын толықтыра түседі. Енді қос қойма тұтас сатылы (каскадты) жүйеге айналмақ. Қосқорған су қоймасы Хантағы өзенінен қоректенеді. Су қоймасының көлемі – 37 млн м3, ал көпжылдық өзен ағыны – 68. Яғни Қосқорған толыққан кезде Хантағы өзенінің суы тиімсіз жұмсалған. 2021 жылы Кеңсай-Қосқорған-2 жаңа су қоймасы салынды. Оның сыйымдылығы 18 млн м3. Енді Қосқорғандағы су Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасына ағып, қаланы сумен қамтамасыз етеді. «Бөген» және «Қосқорған» су қоймаларына ағын су негізінен көктемгі тасқын су кезеңінде тау суларынан жинақталады. Осы уақытта келген артық көлем, су қоймалардан қашыртқылар арқылы төменге тасталынады. Артық суларды жинақтап, суармалы маусымда Түркістан өңіріне қосымша жеткізу мақсатында Бөген өзенінің бойынан сыйымдылығы 50,0 млн м3 болатын «Сарқырама» су қоймасын салу жобалары іске асырылуда, – дейді Түркістан облысындағы Су ресустарының басшысы. «Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында ағын су тапшылығын шешу мақсатында аталған екі жоба қаланың қажеттілігін қамту үшін Сарқырама – 65 млн м3 су, ал Кеңсай-Қосқорған 31 млн м3 су береді. Осылайша, мол су қоры жоқ шаһардағы ағын су мәселесі шешіле бастады. Қарасу өзенінің мөлдір, таза суын сақтауға арналған жаңа қойманың іске қосылуы су тасқыны құбылыстарының қаупін азайтуға да сеп болмақ. Сарқырама Ақтарып жатқан жұмыстың нәтижесінде Түркістанның жасыл белдеуі бой көтеріп келеді. Онда 13 мың гектар жерге ағаш егілді. Үш жыл ішінде қалалық парктер, саябақтар, газондардың ауданы 2,5 есе өсіп, тағы 400 гектарға артты. Түркістанда 80 шақырым каналдар іске қосылды, су айдыны 400 гектардан астам ауданды құрайды, микроклиматты жақсарту жұмыстары жүріп жатыр. Биыл жазда қала аумағына 4 700 га  жерге 3,5 млн түп ағаш егілді. Түркістанның жасыл белдеуін дамыту үшін өңірдегі су мәселесін шешуге Сарқырама және Кеңсай-Қосқорған-2 су бөгеттерінің салынуы тиімді шешім. Түркістан ирригациясы үшін қолға алынып жатқан басқа жобалар туралы деректі фильмнен білуге болады. Су тапшылығы туындаған өңірлерге Түркістан үлгісін су ресурстарын басқарудың бірегей моделі ретінде қарастыруға толық негіз бар. Бұл ғылыми тәсіл мен технологияны қолдана отырып іске асатын ілкімді бастама болмақ.