Құрылыс компаниясы балық өсірмекші ме?
Құрылыс компаниясы балық өсірмекші ме?
447
оқылды
Бүгін «Атамекен» ҰКП алаңында Қайырбек Сүлейменовтің төрағалығымен Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің отырысы өтті. Кеңес жұмысына мемлекеттік органдар, бизнес және салалық қауымдастықтардың өкілдері қатысты. Жиында кәсіпкерлердің құқығы нақты бұзылған фактілер бойынша өтініштері қаралды. Ақтөбе облысының «Ардағым» шаруа қожа­лығының басшысы Момынжан Қали құнды, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар балық түрлерін өсіру бойынша мемлекеттік сатып алу ке­зінде өзінің құқығы бұзылғанын мәлімдеп, кеңестен көмек сұрады. Өйткені Ақтөбе облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу бас­қармасы мемлекеттік сатып алуды балық өсіруге еш қатысы жоқ құрылыс компаниясына тапсырған.
«Ақтөбе облысының Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы лауазымды тұлғаларының біліктілік талаптарына сәйкес келмейтін жеткізушіге байқауға қатысуға рұқсат беруі мемлекеттік сатып алулар туралы заңнаманы анық бұзғанын көрсетеді. Ал байқауды өткізу мерзімдерін негізсіз созу сирек кездесетін және құнды балық түрлерінің шабақтарын өсіру бойынша мемлекет жоспарлаған шараларға кедергі келтіреді», – деп атап өтті Қайырбек Сүлейменов.
Кеңес Мемлекеттік ішкі аудит комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментіне байқау өткізу кезінде Мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың бұзылуына жол бергені үшін облыстық басқармасының кінәлі лауазымды тұлғаларын әкімшілік жауапқа тартуды сұрайды.