Коронавируспен күрес жалғаспақ
Коронавируспен күрес жалғаспақ
269
оқылды
Пандемияның келесі жылға ұзайтыны мәлім болды. Үкімет соған әзір­ленуде. Таралу қарқыны жөнінен «дельтадан» асып түскен «омикрон» секілді жаңа штамдардың пайда болуын ескеріп, Қазақстан шекара арқылы өткізу пункттеріндегі бақылауды 2022 жылы да күшейтпек. Бұған қоса, Ashyq және басқа да ақпараттық жүйелерді дамыта отырып, эпидемияға қарсы жаңа іс-шаралар өрістетіледі. Халықты вакцинациялаумен қамту кеңейтіледі. Алдағы жылда тағы қандай тың шаралар қабылданбақ? Осы сұраққа жауап іздеп көрелік.

Түгесіле ме, тек өрши түсе ме?

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) басшысы Тедрос Гебрейесустың: «2022 жыл – пандемияның аяқталатын жылы болуы мүмкін» деген мәлімдемесі әлемдік ақпарат айдынын шарлап кетті. Жаңа жыл қарсаңында жағымды ғажайып, жақсы жаңалық күткен жаһан жұртшылығына бұл сөз майдай жақты. ДДСҰ-ның COVID-19 бойынша техникалық басшысы Мария Ван Керкхове әлемдегі коронавирусқа қатысты ахуалдың күрделі екеніне қара­мастан, жаһандық ұйым алдағы жылға оптимизммен қарайтынын жеткізді. Дегенмен дүниежүзіндегі ахуал ары қарай нашарлап отыр. АҚШ-та алғаш рет «омикрон» жұқтырған пациент қайтыс болды. Бұған дейін «омикрон» штамы кең әрі жылдам таралғанымен, ауру жеңіл өтеді деген болжам болған. Ол теорияның жаң­сақ екені әшкереленуде. Өткен аптада «омикрон» Америкадағы доминант штамға айналды: коронавирусқа шалдыққан жаңа сырқаттардың 73,2%-ы соны жұқтырыпты. Ал бір апта ғана бұрын оның үлесі 12%, қалғаны «дельтаның» еншісінде еді. АҚШ-та «омикрон» алғаш рет 1 желтоқсанда тіркелді. Бұл штамм Ұлыбританияның ТЖ жариялауына соқтырды: 1 тәулікте 91 743 адам жұқтырған! Мұндай масқара жағдай корольдікте пандемия шырқау шегіне жеткен былтырғы жылы да болмапты. ДДСҰ өзге штамдарға қарағанда «омикрон» жылдам тарала бастағанын растады. Оны вакцинацияланғандар да көп жұқтыруда. Ұйым дерегінше, «екпе салғызған немесе бұған дейін КВИ-мен ауырып айыққан адамдардың қайтадан індетке шалдығу ықтималдылығы артты». Сондықтан «тек вакцинаға ғана сүйену әлемге дағдарыстан шығуға мүмкіндік бермейді, басқа шараларды, соның ішінде әлеуметтік алшақтықты, бетперде режимін және қол гигиенасын сақтау қажет».

Қазақстан әлемнен қанша вакцина сатып алды?

«Омикрон» әзірге Қазақстанда табылған жоқ, бірақ қамдансаң қапы қалмайсың деген бар. Үкімет әлеуметтік алшақтық, бетперде режимі, дезинфекция және өзге талаптардан бас тартпады. Вакцинациялау шаралары да жалғасады. Денсаулық сақтау министрлігінің 21 желт­оқсандағы мәліметінше, Қазақстанда I компонентпен 8 907 254 адам, II ком­понентпен 8 382 069 адам ғана егілген. Үкі­метке кем дегенде 11 млн қазақстан­дыққа екпе салғызу міндеті жүктеліп отыр. «СҚ-Фармация» бірыңғай дистрибью­торының мәліметінше, қазір 7 миллионға жуық қазақстандыққа «Спутник V» егіл­ген. Қазақстан биыл ресейлік вакцинаның 14,5 миллион дозасын сатып алды. Оның 13 миллионға жуық дозасы елге әкелінді. Қытайда әзірленген, Біріккен Араб Әмірліктерінде өндірілген Hayat-Vax вакцинасының 1 миллион дозасы сатып алынды. Онымен Қазақстанның 500 мың азаматы егілді. Отандық төл вакцина QazCovid-in (сауда атауы QazVac) 3 миллионға жуық дозасы сатып алынған, 1,9 миллионнан астам дозасы өңірлерге жеткізілді. «QazVac» вакцинасын 1,4 миллионнан астам адам салғызды. Қытайдың ұлттық фармтобы мен «Синовак» компаниясы әзірлеген Sinovac-CoronaVac вакцинасының 500 мың дозасы сатып алынды, оны 250 мың қазақстандық еккізді. Қазақстан Қытайдың «Синофарм» фармкорпорациясының VeroCell Sinopharm вакцинасының 4 млн дозасын са­тып алды, барлық партиясы елге жеткізілді, онымен 2 млн адам егілуі тиіс, вакцинация­лау жалғасуда. Мемлекет америкалық Pfizer мен германиялық BioNTech әзірлеген Comirnaty вакцинасының 4 миллион дозасын сатып алды. Әйтсе де, оның 645 мың до­засы ғана жеткізілді (І және ІІ компо­нент­тері). Бірақ оның өзі тұтынылмаған. КВИ таралуына жол бермеу жөніндегі ведомс­тво­аралық комиссияның мәліметінше, 20 желтоқсандағы жағдай бойынша Pfizer вакцинасының I дозасымен 177 046 жасөспірім, 13 135 жүкті әйел, 32 403 жас босанған ана егілген. ІІ дозасын 41 135 жеткіншек, 3 246 аяғы ауыр әйел, 8 220 бала емізетін ана салғызды. Яғни, Comirnaty Pfizer/BioNTech вакцинасының елде бар 645 мың дозасының 275 185 дозасы ғана пайдаланылды. Тұтастай алғанда, Қазақстан 2021 жылы 27 миллион доза шетелдік және отандық вакцинаны сатып алды, оның шамамен 21 млн дозасы өңірлерге жөнел­тілді. Бұл жалпы саны 11,37 млн адамды вакцинациялауға жетеді. омикрон Жалпы, биыл халыққа медициналық қызмет көрсетуге шамамен 2 триллион теңге шығындалған: 1,3 триллионы тегін медкөмектің кепілдендірілген көлемі, 700 миллиарды  медсақтандыру аясында жұмсалды. Сондай-ақ пандемиямен күрестің іс-шарасына 2021 жылдың бірін­ші жартысында 219 млрд теңге бағыт­талыпты.

 2022 жылы пандемиямен күрес қалай өрбиді?

Айта кету керек, 2020 жылы және биыл мемлекет ел Үкіметінің 2020 жылғы 30 шілдедегі қаулысымен бекітілген «Пан­демия жағдайында қазақстандық­тардың өмірі мен денсаулығын қорғау жөніндегі ұлттық жоспар» негізінде әрекет етті. Ол жоспардың біраз бөлімі орын­далмай қал­ды, ол шаралар жаңа жоспарға ауыс­ты­рылып жатыр. Жаңа құжатта айтылғандай, «мемлекет енді халық арасында COVID-19 вирусының тұрақты айналымы жағдайында жұмыс істеуге көшеді» және осыны ескеретін жаңа шаралар айқындалды. Яғни, билік ДДСҰ ұсынымдарына жүгіне отырып, коронавирус ешқайда кетпейді, онымен күрес бұдан былай тұрақты жүреді деген байламға келді. Осы мақсатта халыққа медициналық көмек көрсету және оңалту ісі ары қарай жетілдіріледі. Коронавирус пандемиясына қарсы іс-қимыл бойынша ғылыми-зерттеу әлеуеті дамытылады. Қоғамда ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу қажет екені атап өтілген. Басты мақсат – келесі жылы локдаун бол­дырмау, күрес шараларын ел эконо­ми­касына айтарлықтай зиян келтірместен жүргізу болмақ. 2022 жылы коронавируспен күрес ғы­лыми жолға түспек. ДСМ және БҒМ зерт­ханалары базасында CОVID-19 штамдары­ның мутациясының тоқсан сайынғы мониторингі қамтамасыз етіледі. Ерекше қауіпті және жаңадан пайда болатын инфекциялар бойынша болжаудың және ден қоюдың ғылыми негізделген жүйесін құру жоспарлануда. QazVac вакцинасын шығаратын екінші зауыт қолданысқа берілмек. Отандық жаңа екі вакцина пайда болуы ықтимал: олар қазір әзірленіп, сынақтан өтуде. Келесі жылы қазақстандық вакцина­ция паспортын (ВП) өзге елдерге мойын­дату жұмысына серпін берілуі тиіс. Әзірге отандық вакцинация құжатын 21 ел – Индонезия, Аргентина, Мажарстан, Грузия, Иран, Иордания, Қырғыз Республикасы, Мальдив аралдары, Моңғолия, Армения, Беларусь, Молдова, Перу, Сан-Марино, Сербия, Тунис, Үндістан, Филиппин, Таиланд, Түркия және Эстония таныды. Келесі жылы Ashyq қосымшасы өнер­кәсіп орындарында, кәсіпкерлік субъек­тілерінде, әлеуметтік нысандарда – меншік түріне, яғни мемлекеттік немесе жекеменшік екеніне қарамастан, барлық жерде жаппай енгізіледі деп күтілуде. Халықтың вакцинациялануының Ин­терактивті картасы іске қосылмақ. Онда қандай өңірде тұрғындардың қанша пайызы екпенің І және ІІ компоненттерін салғызғаны, ревакцинацияланғаны тура­лы өзекті ақпарат болуы шарт. Әйтпесе, егу пункттерінде біраз вакцинаның екінші дозасы үлкен көлемде қордаланып қалуда: көп адам бірінші компонентті алған соң, екіншісіне келмейтін көрінеді. Өйткені Ashyq-та жасыл мәртебесін алу үшін бірінші доза да жетеді. Үкімет мүшелеріне ұсыныс-хат жолдаған қазақстандықтар әрбір қалада, әрбір елді мекенде нақты қандай вакцина түрі, қандай компоненті барын онлайн режимде көрсететін интерактивті карта құруды сұрауда. Әйтпесе, мысалы, Pfizer немесе SinoVac іздеген адамдарға әртүрлі егу пункттерін аралап шығуға тура келуде: қашықтан сұрайын десе, оларда ешкім телефон құлағын көтермейді.

Экспресс-тест дәуірі туады

Қазір зертханаларға үлкен күш түсуде. Бірақ елдегі эпидемиологиялық ахуалды, вирустың таралуын ұдайы бақылауда ұстау үшін тестілеуді арттырған жөн. Бәсеке­лестікті қорғау және дамыту агенттігі кеше ПТР-тест құны 6,4 мыңнан 4,9 мың тең­геге дейін арзандатылғанын хабарлады. Рас, бұл тек «Ұлттық сараптама орталығы» мемкәсіпорнында ғана. Жекеменшік ла­бораторияларда нәтиженің жеделдігіне қарай тест құны 18 мың теңгеге дейін барады. «Халықтың тестілеуге қолжетімділігін арттыру үшін азаматтарға өз үйінде, өз бетінше ПТР-тесттен өтуге жағдай жа­салуы керек. Бұл мақсатта дәріханалар желісі арқылы «антигенге диагностикалық экспресс-тестінің» (АГ ДЭТ) сатылуын қам­тамасыз ету қажет. Бұл жұртшылықтың медұйымдарға үлкен көлемде әрі басы артық келуін болдырмауға, дені сау адам­дардың науқас пациенттермен байланы­сын азайтуға, сондай-ақ зертханаларға жүк­темені түсіруге мүмкіндік береді. COVID-19 вирусын диагностикалау мақ­са­тында халық арасында АГ ДЭТ-ты кеңінен пайдалану үшін ДДСҰ мақұлдаған, арнайы үйретуді талап етпейтін, 15-30 минуттан кейін нәтижесін көрсететін экс­пресс-тесттерді пайдалану маңызды», – деп түсіндірді Денсаулық сақтау министр­лігі. Таяуда Алматыда, Жамбыл облысында COVID-19 антигенін анықтайтын осындай экспресс-тесттердің өндірістері іске қосылды. Кәсіпкерлер ұқсас өндірісті өзге өңірлерде де ашуға әзірленуде. Ендеше 2022 жылы экспресс-тест дәуірі туатынға ұқсайды. Алдағы жыл қазақстандықтардың «Олимп», «Инвиво» және басқа да зерт­ханаларға жүгірмей, дәріханалардан тиісті жабдықты сатып алып, өз бетінше жаппай ковид-тесттен өте бастауымен есте қалуы мүмкін. Бұған қоса, мектептерде оқушы­ларды экспресс-тесттен өткізу шаралары пысықталады.  

P.S.

2021 жылы қабылданған шаралар Қазақстанда қатал шектеу шаралары режимін енгізуден, елде қайтадан төтенше жағдай жариялаудан құтылуға мүмкіндік берді. Алайда 2022 жылы ахуал ушығып, ТЖ енгізуге дейін жетуі ғажап емес. Оны болдырмау үшін алдағы кезеңде мемлекет, бизнес және халық бірлесе әрі үйлесімді қимылдағаны маңызды. Сонда қазақ елі постпандемиялық дәуірге мейлінше аз шығынмен, әл-ауқаты артқан күйде аяқ баса алады.