Эвтаназия: «өлім екпесі» керек пе?
Эвтаназия: «өлім екпесі» керек пе?
829
оқылды
Әрбір жұмырбасты пенде маң­дайына жазылған өлшеулі ғұмырын кешеді. Тағдырдың жазуымен жал­ған дүниедегі соңғы демін аурухана төсе­гінде жатып, дауасыз дертпен күресу сәтінде алатындар да бар. Аты жаман аурудан жан мен тән қатар қиналған шақта науқастың отбасы, ағайын-туысы азапты өлімді жеңіл­детер амал таппай әлекке түседі. Таразының бір ба­сын­да науқастың тән азабы, енді келесі бір басында сәл де бол­са өмір сүруге құқылы кі­сінің обал-сауабы тұрғанда батыл әрекет етіп, кесімді ше­шім қа­былдау да оңай емес. Дамыған елдерде мұндай дерт­ке шалдық­қан­дар эв­та­на­зияның көмегіне жүгініп, бақилық сапарға өзін де, өз­гені де қи­­намай аттанып кете барады. Алай­да елімізде жан мен тәнді азапты аурудан ара­шалап, сын сағатын тез­дететін тың тәсілді қолдануға заң жүзінде тыйым салынған.

Жазмыштан озмыш жоқ

Мемлекет үшін әр азаматтың бас амандығы мен денінің саулығы маңызды. Денсаулық саласындағы түрлі ре­формалар мен мемлекеттік бағдар­ламалардың түпкі мақсаты – осы. Алғашқы бабында адам және адамның өмірін мемлекеттің ең қымбат қазынасы ретінде айғақ­таған Конституция да әр қазақ­стан­дықтың лайықты өмір сүруіне кепілдік береді. Дегенмен мұның бірі де тағдырдың жазуына қарсы тұра алмайды. Мәселен, елімізде жыл сайын 15 мың адам онкологиялық ауру­дан көз жұмады. Тағы 35 мың отандасымызға дәрігерлер обыр (рак) диагнозын қояды. Ең өкі­ніштісі, олардың бұл дертке шалдыққаны  көбіне аурудың соңғы кезеңінде белгілі болып жатады. Мұндайда ақ халаттыларға нау­қастарды ажалдан арашалап қалу оңай емес. Ондай бейбақтардың дені буын-буынға түскен дерт жа­нын азапқа салғанда пәни жалған­нан ертерек көшуді қалайтын да шығар. Ресми мәліметке сүйенсек, Қазақстан­да 110 мыңға жуық ауыр және дауасыз дертке шалдыққан науқас паллиативті медициналық көмекке зәру. Демек, біраз науқас аурудан айығудан бұрын оның тәнді азапқа салмауын тілеп, тіршілік сағатының соңғы секунды соққанын кү­теді. Дауасыз дерт ден­дегендердің ара­сында жан тап­сырғанға дейін өзі қиналып, өзгені де әлекке салатындары бар. Қа­зақстандықтар арасында жүргізіл­ген түрлі сауалнаманың нәтижесі белгілі факторды ескере отырып, эвтаназияны енгізуді құп көретін­дер­дің көптігін көрсетті. Әйтсе де, заң шығарушы органдар мен мүд­делі ме­кемелер тарапынан мұқтаж­дарға азапсыз өлім әдісін қолдану мәселесі әлі көтеріл­меді. Көтерілуі де екіталай. Сондықтан біздің қоғамда эвтаназияны өзін-өзі өл­тіру деп қабылдайды. Ал жаны азап­қа түскен науқасқа өлім «ек­песін» еккендер қыл­мыстық жауап­кершілікке тартылады. Дін де қандай жағдай да болмасын эвтаназияны қолданушылардың әрекетін құптамайды. Осы фак­тор­ларды есепке алсаңыз, Қазақ­станда таяу арада өлім алдындағы ауруды жеңілдетудің амалын қарастыру жайында сөз қозғау қиын. Ал медицина ғылымдарының докторы Сағындық Ордабековтің пікірінше, эвтаназия жасауға рұқ­сат ету-етпеу – уақыт еншісіндегі дүние. – Қазір бұл мәселеге үрке қара­ға­нымызбен, болашақта ол тиімді әдістің біріне айналуы бек мүмкін. Мәселен, елімізде онкологиялық ауруларға шалдығу көрсеткіші жоғары. Кейбір науқастар өлім алдында ұзақ уақыт бойы қина­лады. Сол аралықта олардың жан азабын көру от­басы мүшелеріне оңайға соқпайды. Осы жағынан алып қарағанда эвтаназияны енгізуді құптауға болады. Бұл әдісті енгізу туралы сөз бол­ғанда кейбіреулер оның до­норлық ағза тап­шылығын жоюда­ғы тиімділігін алға тартады. Ме­ніңше, бұл – жаңсақ пікір. Әсіресе, обыр (рак) ауруынан қайтыс бол­ғандардың ағзасының қайта іске жарауы екіталай. Обыр (рак) жасушалары науқастың барлық ағзасында жүреді. Сондықтан оны келесі біреуге салу опа бере қой­майды, – дейді дәрігер. екпе Расында, медицина қауқар­сыздық та­нытқан тұста бүгін-ертең жарық дүниемен қош ай­тысқалы тұрғанға жасанды жолмен сеп болу мұқият зерделеуді қажет етеді. Мұнда оның әлеуметтік себептері­мен бірге бұл қадамның заңдылығы да ұмыт қал­мағаны жөн. Дүниедегі дәм-тұзы тау­сылғалы тұрған жанның өмірін қиюға да ешкімнің құқы жоқ. – «Халық денсаулығы және ден­саулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 154-бабына сай, Қа­зақстанда эвтаназияны жүзеге асыруға тыйым салынған. Заң осылай деп тұрған соң басқаша әрекет ету құқыққа қайшы әрекет. Сәйкесінше, ол үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сол себептен адам өлімі де табиғи жолмен болуы керек деп білемін, – дейді заңгер Қыдырбек Қорғанбекұлы.

Бақилыққа «билет» 4 мың еуро тұрады

Ең қызығы, адам құқығы дегенде өре түрегелетін дамыған елдердің кейбірі эвтаназияны қолдануды гуманизмнің салтанат құруы деп қабылдайды. Қазір бұл әдіске заң жүзінде рұқсат берген мем­лекеттердің саны онға жуық­тап қалды. Биылғы маусымда өлім «екпесін» егуді қолдайтын гуман­ды мемлекеттердің қатарына Испания қосылды. Айтуға ауыз бармайтын суи­цидтік туризмдегі Щвейцарияның үлгісі ерекше. Мұнда тек өткен жылдың өзінде 1 300 адам жанын қинамай, тәнін азапқа салмай, мәңгілік сапарға аттануға шешім қабыл­дапты. Елдің кейбір тұр­ғындары бұл әдіске 1941 жылдан бастап жүгініп келгенімен, билік эвта­назия жасауға 2006 жылы рұқсат берді. Ал 2011 жылдан бастап бұл «мүмкіндік» шетелдіктерге де қолжетімді болды. Дауасыз дерттен қажып, Швейцарияда мәңгілікке аттануға бел буғандар 4 000 еуро көлемінде ақы төлеп, эв­та­назияның көмегіне жүгіне алады. Сонымен қатар  Канада, Германия, Бельгия, Нидерланд сияқты елдермен бірге АҚШ-тың, Аустралияның бірқатар штатында «өлім» екпесіне рұқсат етілген. Олардың кейбірінде балаларды азапқа салмай о дүниеге шығарып салудың жолы қарастырылған. Мәселен, Бельгияда арнайы ма­мандар 17 жастағы науқастың өмірімен ерте қоштасуына көмек­тескен. Сол секілді Нидерландта 12 жастан асқан балаларға да эвтаназия жасалады. Жалпы, құқықтық негізі әр елде, әрқилы болғанымен, эвта­на­зия тек дауа­сыз дерттен жаны мен тәні азапқа түс­кендерге ерікті түрде жасалады. Дегенмен Швей­царияда «өлім екпесін» ектірген ағайынды етікшілердің шешімі күллі әлем назарын аудартты. Бар болғаны көзінің жанары тая бас­таған бауырлар бірін-бір көрмей қалудан қауіп­теніп, осындай байлам жасаған екен. Өмірінің соңғы нүктесін эвта­назиямен қойғандардың қатарын­да әлемге әйгілі адамдар да бар. Мәселен, ауыз қуысының обыры­на (рак) шалдыққан танымал психолог Зигмунд Фрейд «өлім екпесін» егіп, жантәсілім еткен. Ал аустралиялық ғалым Дэвид Гудолл 104 жасында ақтық демін алуға асығып, эвтаназияның көмегіне жүгінді. Бірер жыл бұрын бұлшық еті айықпас дертіне шалдыққан паралим­пиадашы Марике Верворт 40 жасында Жаратқанның амана­тын жасанды жолмен кері қай­тарыпты. Негізі, эвтаназия көптеген елде «өлім екпесін» егу арқылы жүр­гі­зіледі. Бұл істе өзгелерден оқ бойы озық келе жатқан Швейцарияда келесі жылдан бастап «өлім кап­суласы» тіршілікпен ерте қош­тасқысы келетіндерге қызмет көрсетпек. Sarco деп аталатын бұл капсуладағы жанкешті тып-ты­ныш қана оттегінің тапшылығынан көз жұмады. Эвтаназия сырт көзге өзін-өзі өлтірудің бір әдісі болып көрін­генімен, гуманистік көзқараста­ғылардың «өлім екпесіне» қатысты ұстанымдары мүлде бөлек. Олар азапты өлімді жеңілдетудің жасанды әдісін кәдімгі тіс ауруын бәсеңдетудің жолы ретінде қарастырады. Ал қай кезде де кісінің обал-сауа­бын ескеретін қазақ қоғамында әзірге шыбын жаны мұрнының ұшында тұрған жанға зәредей кесірін тигізуді құптамайды.