Алты жасар қыздың өліміне кім кінәлі?
Алты жасар қыздың өліміне кім кінәлі?
472
оқылды
Өскеменнің дәл іргесіндегі Лесхоз ауылының «Красинец» бау-бақша серіктестігі ау­ма­ғында 6 жасар қыз ба­ланы айдың-күннің аманында өз үйінің ауласында ит талап өлтіргені көпшілікті алаң­дат­ты. 17 желтоқсан күні болған қайғылы жағдайды ең әуелі сол ауылдың тұрғын­дары жер­гілікті әлеуметтік же­лілер­дің біріне жазып, дабыл қаққан болатын. «Біз, Лесхоз ауылы, «Надежда», «Эдель­вейс» бау-бақша серік­тестік­терінің тұрғындары жо­ғары органдардың назар ау­даруын сұраймыз. Қаңғыған ит жап-жас баланы талап, ажал құш­тырды. Біз қауіпті ай­мақта (қоқыс полигоны жа­нында) тұрамыз, бұл жақта қаңғыбас ит көп. Ветеринария қызметі неге иттерді ауламайды? Неге өз жұ­мыстарына салғырт қарай­ды?» деп шағымданған-ды тұрғындар. Оқыс оқиғаның қалай бол­ғанын нақты ешкім білмейді. Қапыда қаза тапқан қыздың көршілері овчарка мен алабай тұқымды иттерді көргенін айтады. Ал көз жұмған қыздың анасы Дарья Орлованың сөзіне сенсек, оқиға бар-жоғы жарты сағаттың көлемінде болған. Анасы сол кезде үйде бала қарап отырыпты. «Қызым далаға шығуға сұранды. «Сыртта жел соғып тұр» деп едім, тыңдамай шығып кетті. 15 минуттан соң келіп, қолғабын ауыстырып, далаға қайта шықты. Ол кезде үй тазалап жатқанмын. Терезеден қарағанымда ойнап отыр екен. Үйдегі кішкентайым жылаған соң ойнатып отырғанмын. 20 минуттан кейін далаға қарасам, ит жүр екен. Қызым жерде жатыр, қайдан білейін, ойнап жатқан шығар деп ойладым. 2 минуттай түк түсінбей тұрып қалдым да далаға жүгіріп шығып, «Маша, Маша» деп айқайлай бастадым. Жанына келсем аяғы жоқ, қардың беті қан жоса. Киімдерінің бар­лығы жыртылған. Бетіне тиіспепті, тек аяғын жұлып тастапты» деген ол полиция қызметкерлері қыздың өліміне өздерінің итін кінәлағанын жеткізді. Алты жастағы Маша Орлова­ның анасы Дарья қызына не қасқыр, не асылтұқымды ірі иттердің бірі шабуылдаған деп топшылайды. Олардың тағы бір болжамы, сол маңдағы ит төбелесіне қатысатын алабай тұқымды ит. Алайда «қар­шадай қызға өздерінің Саманта және Шерхан есімді неміс овчар­калары да тап беруі мүмкін» деген нұсқа да қарастырылып жатыр. Бұған себеп те жоқ емес. Өйткені Маша сол күні ауырғанына бай­ла­нысты уақытша байлаудан боса­тыл­ған Шерханмен ойнаған. «Мен әпкеме алып ұшып жеткенде ең әуелі иттерге қарадым. Овчарка­ның ізін байқамадым. Шерхан ауырып, аяғын әрең басып жүрген, адамға шабуыл жасайтындай ша­масы болған жоқ», – дейді Дарья Орлованың сіңлісі Олеся Венцель. Мамандардың пайымынша, қыздың өліміне алабай секілді асылтұқымды немесе көшеде қаң­ғыған иттердің қатысы болуы мүм­кін. «Қызға қасқыр шабуылдады дегенге өз басым сенбеймін. Мұны қасқыр аулаумен 40 жылдан бері шұғылданып келе жатқан аңшы ретінде сеніммен айта аламын. Қаланың сыртында жылқы мен қой толып жүргенде қасқыр ауылдың ішіне кіре ме? Әрі кетсе, итті жеп кетуі мүмкін. Менің ойымша, қызға шабуыл жасаған сол маңдағы алабай секілді тө­белеске қатыстырылатын ірі ит немесе көшеде қаңғыған иттер. Құдай сақтасын, баланың аяғын жұлып алуға жай иттердің шамасы жетпейді. Өз үйінің иттері қызға шабуыл жасады деу де қисынға келмейді», – дейді Орман және аң шаруашылығы жедел қимыл отряды басшысының орынбасары Василий Ткаченко. Айта кетейік, аталған факті бойынша Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департамен­тінің Өскемен қалалық Ертіс поли­ция бөлімі тергеу амалдарын бастады.

Ветеринарлар не дейді?

«Өскеменде 6 жастағы қызды ит талап өлтірді» деген ақпар шық­қанда «ветеринарлар не қарап жүр? Бұл солардың міндеті ғой» деген пікірлер қарша борады. Шын мәнінде, олар кінәлі ме? Мәселенің мән-жайын білейік деп «Өскемен-Вет» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Жұмағазы Оразалинмен сөйлестік. Арадағы аз-кем әңгімеден түй­геніміз, бұл салада қордаланған мә­селе көп. «Біздің негізгі мін­детіміз – ауыл­шаруашылық жа­нуар­ларын жұқпалы ауруларға қарсы егу, қан алу, тексеру, ауру мал­дарды ар­наулы санитарлық мал сою алаңына апару, ветери­нарлық анықтамалар беру. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау – қосымша міндетіміз. Өскемен қаласы бо­йынша 11 аумақтық басқару ор­талығы бар. Қала тұрғын­дарының қаңғыған иттер туралы жазбаша өтініштері осы орталықтарға келіп түседі. Өтініш түскеннен кейін 1 маман, 1 учаскелік полиция инс­пекторы, 1 мал дәрігері иттерді ау­лауға шы­ғамыз. Бірақ қолы­мызды жіпсіз байлап отырған түйткілдер де аз емес. Түйткілдің ең үлкені – ма­ман­дардың же­тіспеушілігі, кадр тапшылығы, айлықтың төмендігі. Ветеринар мамандардың еңбек өтілі 25-30 жыл болса да, 1,2,3 санаттары (категория) берілмейді. Бір жыл жұмыс істеген адам мен 30 жыл еңбек еткен адамның ала­тын жа­лақысы бірдей. Жұқпалы ауру­лармен жұмыс істесек те 1 рет­тік сауықтыру жәрдемақысы бізге берілмейді. Мал дәрігерлері не мем­лекеттік, не азаматтық қыз­метшілерге жатпайды. Ветери­нар жас мамандар «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына енгізіл­ме­ген. Оларды баспанамен қамта­масыз ету мәселесі мүлде ойлас­тырылмаған. Содан да болар, бұл салада жастар аз. Бүгінде өзім жұ­мыс істейтін коммуналдық кәсіп­орындағы мамандардың орташа жасы 55-63 аралығында» деген мекеме басшысы аста­рындағы автокөліктерінің де ескіргенін, 2012-2013 жылғы тех­никалармен тепеңдеп жүргенін тілге тиек етті. Осы саладағы көптеген жанды толғандырып жүрген мәселелерді жіпке тізген Жұмағазы Оразалин «Қаңғыбас иттерді аулауды басқа мекемеге жүктесе дұрыс болар еді. Сосын әрбір аумақтық басқару орталығында иттерді аулау брига­дасы құрылса. Ең маңыздысы, елді мекеннен оңаша жерлерде қаң­ғыбас иттерді суық қару көмегімен аулауға рұқсат берілсе. Себебі қазір қолданып жүрген Увыш 651 шпри­цімен иттерді 5-10 метр жерден ғана ата аламыз» деп өз ұсыныста­рын алға тартты. Ит атудың бейнетті, «ит жұ­мыс» екенін ауылдағы мал дәрігер­лері де жасырмайды. «Ауыл әкім­дерінен көшедегі итті атыңдар деген хат келіп тұрады. Түз тағысы емес, ит даладан келмейді ғой. Ауыл әкім­дері мен учаскелік инс­пекторлар халыққа үгіт-насихат жұмыстарын дұрыс жүргізбейді. Жүргізсе, жұрт итін байлап ұстап, мұндай әңгіме шықпас еді. Негізі, ауыл ішінде, халық, бала-шаға жүрген жерде ит атуға болмайды. Итті ататын құрылғы қауіпті. Итті атқанда ине шаншылады. Ит құ­лағанда ине түсіп қалады. Артынан инені іздеп жүргенің. Құдай сақ­тасын, әлгі инені бір бала ұстайтын болса, ешқандай дәрігер көмектесе алмайды. Дұрысы, итті ататын арнайы ұйым болуы керек», – дейді Катонқара­ғай ауылдық округінің мал дәрігері Қайнар Қсекин. Облыстық Ветеринария бас­қармасының басшысы Рамиль Сағандықовпен сөйлескенімізде Шығыс Қазақстан тарапынан Ауыл шаруашылығы министрлігіне ит атуды өзге мекемелерге тапсыру, бәсекелі ортаға беру жөнінде ұсыныс айтылып, қолдау тапқанын жеткізді. «Бұл шаруамен арнайы ұйым айналысқаны дұрыс. Ве­теринарлар өз жұмысын атқарсын, вакцинасын салып берсін, сырға­сын тақсын. Әркім өз міндетін білуі керек қой. Жасыратыны жоқ, ветеринария саласында мәселе көп. Бірақ біртіндеп шешіліп келеді. Мәселен, біздің өңірде 2020 жылдан бастап ветеринария са­ласын қаржыландыру облыстық бюд­жетке көшті, мал дәрігер­ле­рінің жалақысы 40 пайызға кө­терілді. 2018-2019 жылдары олар­дың жалақысы 60-80 мың болса, қазір 120-150 мың теңге аралығын­да алады. Алайда мұның өзі аз деп санаймыз. Сондықтан биыл облыс әкімінің қолдауымен өңірдегі мал дәрігерлерінің жалақысын тағы да 30 пайызға көтеруді жоспарлап отырмыз», – дейді басқарма басшысы.

Шығыс Қазақстан облысы