Әйгілі бапкер Кака шығыста не істеп жүр? - Семейдің әкімі шапан жапты, Аягөздің әкімі медаль берді
Әйгілі бапкер Кака шығыста не істеп жүр? - Семейдің әкімі шапан жапты, Аягөздің әкімі медаль берді
780
оқылды
Еліміздің футзал құрамасын Әлем чемпионатының жартылай финалына дейін алып шыққан атақты бапкер Паулу Рикарду Фигейра Силва (лақап аты – Кака) Шығыс Қазақстанда жүр. Кеше Аягөз ауданының әкімі Сейілбек Ысқақов белгілі футзалшылар Дәурен Тұрсағұлов, Біржан Оразовпен бірге бапкерге құрмет көрсетіп, шапан жауып, «Аягөз мақтанышы» төсбелгісін табыстады. Каканың Аягөзге келуі бекер емес. Өйткені, Дәурен де, Біржан да осы Аягөздің тумалары. Бүгін «Қайрат» клубының бас бапкерін Семей қаласының әкімі Бақытжан Баяхметов арнайы қабылдап, дәл Аягөздегідей шапан жауып, құрмет-қошемет көрсетті.
«Семей – спорттық қала. Футболдың отаны. Біздің қаламыздың тұрғындары, жасы да, кәрісі де спортпен белсенді айналысады. Мақсатымыз – өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеп, жастарды футболға баулу. Бұрын қаламызда болған дүниелерді қазір қайта жаңғыртуға дайынбыз. Біздің қаламызға тағы жолыңыз түседі деп ойлаймын», – деді Б.Баяхметов. «Біздің балалардың Әлем чемпионатындағы жеңісі халықты біріктірді. Осы сәтті пайдаланып жастарды спортқа тарту қажет. Қалаға жақсы футзал қажет. Бұл үшін қалада барлық жағдай бар деп ойлаймын. Футзал командасының бас бапкері ретінде футбол үшін алаңдаймын, футзал елдегі футболды дамытуға көп септігін тигізеді дегім келеді. Иә, қазақстандық футболды көпшілік сынға алады, елде футбол жоқ дейді. Иә, жағдай өте ауыр. Бірақ футзал футболды дамытатынын ұмытпайық», – деп өз пікірін білдіріпті Кака.