Орманға қорған бола алмады
Орманға қорған бола алмады
© коллаж: Елдар Қаба
592
оқылды
Орман өртінен келген шығын жыл сайын артып барады және үлкен ауқымға жетті. Заңсыз ағаш кесу де тыйылмай тұр. Ал кейбір резерватқа басшы тұрақтамайтыны  бөлек мәселе. Енді байтақ жеріміздегі шағын орманымызды аман алып қалу мүмкін бе?

Игі бастаманың мәнін жойғаны ма?

Елімізде 2021 жылы 712 орман өрті тіркелген. Мұны Тө­тен­­ше жағдайлар министрлігі рес­ми мәлімдеді. Оның дерегінше, тек биыл өртке оранып, тұ­­­­қылы қалған орманның жалпы ауданы 148,7 мың гектарды құрап­ты. Мұның қандай ауқымды екенін түйсіну үшін салыс­тыра кеткен жөн: Экология, гео­­­логия және табиғи ресурстар ми­нистрлігінің мәліметінше, Пре­зидент тапсырмасы аясында 2025 жылға дейін республика бойын­ша жалпы саны 2 миллиард көшет егіледі. Ғаламат сан, алай­да оның жалпы көлемі не­бәрі 85 мың гектарды құрамақ. Енді қараңыз: Үкімет дәрежелеп, 5 жылда отырғызатын 85 мың гектардан екі еседей көп ор­манды өрт бір жылда-ақ «жал­­­­­мап» қояды. Яғни, жауапты тұл­ғалардың, құзырлы құры­лым­дардың табиғатты тиісті дәре­жеде қорғауды қамтамасыз ете алмауы кесірінен бұл бастама басталмай жатып, құнсыз­данғалы тұр. «Қазақстанда 2021 жылы орман қоры аумағында 712 өрт тіркелді. Орман өртінің саны биыл былтырғыдан 13%-ға көбейді. Жалпы алғанда, өртену алаңы 148,7 мың гектардан асты. Бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 59%-ға көп. Келтірілген шығын сомасы да 4,6 миллиард теңгеге дейін өсіп кетті», – деп мәлімдеді ТЖМ. «Табиғи өрттің тек бір түрі ғана адамның қатысуынсыз тұтанады, бұл – жай-найзағай түскеннен туындаған өрт. Басқасының бәріне адам кінәлі және бұл өрттің басым бөлігін құрайды. Біз ауыл-аймақта түсіндіру, алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Бірақ ол әрдайым нәтиже әкеле бермейді», – деп ренжиді Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин. Оның командасының да айыбы жоқ емес: ары қарай белең алып кетпеуі үшін басталған «тілсіз жау» тез анықталып, шұғыл ауыздықталуы қажет, оған ТЖМ құ­ры­лымдарының үнемі күші жете бер­мейді. Жыл басталғалы Қазақстанда өрттен 280 адам қаза тапқан. Бұл газ және газ бал­лон жарылысынан (13 адам) опат болған­дардан 21 есе, қауіпті гидрометеороло­гиялық құбылыстардан, аяз-бораннан (6 адам) мерт болғандардан 46 есе, улану­дан өлгендер (7) санынан қырық есе көп.

Өрт ойыншық емес, қып-қызыл шығын

Жыл өткен сайын орман өрттерінің саны да, шығыны да тоқтаусыз артып жатыр. Тарата айтсақ, 2017 жылы шамамен 19 мың гектар орман жанып, 215 млн теңгедей шығын келіпті. Өрт саны 2016 жылғыдан екі еседей артқан. 2019 жылы 499 орман өрті тіркелген: 2018 жылғыдан екі есеге жуық көбейді. 220 млн теңге шы­ғын келген. 2020 жылы 508 орман өрті болған. 2019-2020 жылдары 218 мың гектар орман тып-типыл болды. Салыстыра кетсек, бір жылда өрт, сел, тасқын, қар және тас көшкіні секілді барлық апаттан келген шығын шамамен 7,9 млрд теңгені құрады. Оның басым бө­лігі – 4,6 миллиарды орман өрті үлесінде. Республикада тек орман ғана емес, дала да өртенеді. Жыл сайын шамамен 4,5 мың дала-орман өрті тіркеледі. Көк желектен қара күйеге айналған жердің ау­даны шамамен 100 мың гектарға дейін жетеді. Шығын 1,8 миллиард теңгеден асқан. Әділін айта кету керек, бұл тұрғыда биылғы жыл бүкіл әлем үшін аса күрделі болды. Американың бірқатар штатының, Еуропаның біраз елінің, Түркияның, көрші Өзбекстандағы Қарақалпақстаны­ның аумағы лапылдап жанды. Дегенмен посткеңестік кеңістікте ең көп зардап шеккені  Ресей мен Қазақстан болып отыр. РФ табиғат ресурстары мен экология министрі Александр Козлов 2021 жылы орман өрттерінен Ресейге келген эконо­микалық шығын алдын ала есеп бойынша 10,6 миллиард рубльді құрағанын жария етті. РФ бас экологінің айтуынша, биыл Ресейде рекордтық алаңды өрт шалды. «Осы жылы өрт жайлаған аумақ бойынша рекорд орнатылды. Орман қоры­ның 10 миллион гектардан астам ауданында 15 мыңға жуық орман өрті тіркелді!» – деді ресейлік министр. Табиғаттағы өрттер Қазақстанда жыл сайын сәуірде басталып, қазан айына дейін созылады. Нақтылай кетсек, Эко­логия министрлігінің Орман шаруашылы­ғы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ерлан Құтпанбаевтың бұйрығымен 2021 жылы «өрт қаупі бар маусым» Атырау, Жамбыл, Алматы, Қызылорда, Түркістан және Қостанай облыстарында 15 қарашада, ал басқа облыстарда 2021 жылғы 8 қарашада ресми түрде аяқталды. Тиісінше, өртке қар­сы техника түгенделіп, консервация­ланды.

Бар-жоғы 14 авиатоп бар

Орман және ландшафттық өрттерді тауып, сөндірумен «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорны айналысады. Бұл бірегей мекеме өрт сөндіруші десантшылардан, бақылаушы-ұшқыштардан, авиаөрт сөн­дірушілердің командалары мен топта­рынан тұрады. Ормандарды «тілсіз жау­дан» қорғаушылардың өрттен өзге өкініші де бар: еңбекақысы аз. Салдарынан кейінгі жылдары «Қазавиаорман­қор­ғаудан» 10 шақты ұшқыш, 15-тен астам десантшы-өрт сөндіруші қызметін тәрк етіп, кетіп қалған. Ұлан-байтақ жерімізді қадағалау­мен жан-жақты қамтуға және өзіне жүк­телген міндетті толыққанды жүзеге асыруға 14 авиатоптың күші жете бермейді. Мекеме ескірген ресейлік Ми-2, Ми-8, Ми-171 тікұшақтарын әлі күнге қолда­нады. Кейінгі жылдары Bell-206, MD-600, EC-120-B, BO-105 шетелдік озық ұшу аппараттарына көше бастаған. орман өрті Әлгінде көрші Ресейде бір жылда 10 млн гектардан астам орман өртеніп кеткені айтылды. Салыстырсақ, Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, Қазақстандағы бүкіл орман қорының ауданы бар-жоғы 29,4 миллион гектарды ғана құрайды. Бұл республика аумағының 10,8%-ы. Әйткенмен, оның бәрі ну орман емес: әр жерінде ағаштар шоғыры қылтия өскен дала да орманмен қамтылған учаске санатына кіреді. Қалың ормандар ауқымы небәрі 12,7 миллион гектар немесе ел аумағының 4,7%-ы ғана! Бетін аулақ қылсын, бірақ дәл биыл Ресейде болғандай алапат өртке Қазақстан душар болса, республика бар орманынан тегіс айырылмақ.

Ормандар қамқор қожайынға зәру

Ормандарда жанжал өрті де жиі туын­дайды. Мысалы, түрлі дау-жанжал дүмпуі «Ертіс орманы» резерватын дүркін-дүркін жаңғыртады. Павлодар облысында орналасқан, «реликт» аталатын, миллион­даған жыл үдерісінде қалыптасқан бірегей Ертіс орманында браконьерлік ағаш кесу жүйелі жолға қойылғаны әш­кереленді: 2015 жылы аумақтық инспекция мен про­куратураның бірлескен тексеруі ба­рысында онда 16 мың текше метр ағаш кесіп әкетілгені белгілі болды. Сонда ре­зерват басшылығына қатысты 5 әкімшілік іс қозғаған. Сот басшыны тек мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзғаны үшін айып­тады. Аса құнды, көпжылдық қарағай­лардың ұрлануына резерваттың 6 қызмет­кері айыпты деп танылды: алдын ала мәмілелесіп, топ құрып, ұрлық жасағаны үшін олардың мүлкі тәркіленіп, екі жылға «бас бостандықтары шектелді». 2015 жылдың желтоқсанында бұзушы­лықтардың әшкереленуіне, реликт-ор­манда заңсыз ағаш кесудің жиілегеніне байланысты Орман шаруашылығы ко­митеті «Ертіс орманының» бас директоры Серік Теміршотовты қызметінен аластады. 2016 жылдың қаңтарында оның ор­нына резерваттың бас директоры болып тағайындалған 39 жасар Құмар Құсайынов бюджет қаражатын талан-тараж етті деген айыппен сол жылғы сәуірде тұтқындалып, желтоқсанда темір тордың ар жағына ат­танды. Сотта дәлелденгендей, ол облыстық инспекцияның басшысы Мәулен Қанатбаев­пен және бөлім басшысы Дәурен Шағалиновпен бірге пара алған, өздеріне сеніп тапсырылған мүлікті ұрлаған. Қ.Құсайынов – бес жылға, М.Қанатбаев – жеті жарым жылға, Д.Шағалинов жеті жылға сотталды. Ал 2020 жылы «Ертіс орманы» қыз­меткерлері бюджет қаражатын ұрлайтын «орнықты схеманы жолға қойған». Антикоррупциялық қызмет жалпы көлемі 6,6 млн теңгенің ұрланғанын хабарлады. Бұдан бұрын «Ертіс орманының» күзет қызметінің бастығы заңсыз аң аулау үстінде ұсталып, жұмысынан айырылды. Жанжал биыл да жалғасты. Таяуда Экология министрлігі «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының бас директоры Қадырбай Тоқтасынды да қызметінен қуды. Бұған қарсы шыққан кейбір жергілікті тұрғын, орман шаруа­шылығының ардагерлері араша сұрап, елордаға дейін келген, оларды 2021 жылғы 1 қазанда Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова қабылдап, уәжін тыңдады. Негізі, резерватты басқаратын республи­калық мекеменің бас кеңсесі Шарбақты ауданының Шалдай ауылында орналасқан. «Ертіс орманының» басшысы осы ауылға демеушілік көмек көрсетіп келіпті. БАҚ жазуынша, Қадырбай Мұратұлы ол ауылда православ приходын құрып, үлкен шіркеу салуды қызу қолдаған белсендінің бірі екен. Оған дейін часовня тұрғызуға жәр­демдескен. Шалдай ауылдық округінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сейпулла Незбаев экология ведомствосының Қ.Тоқтасынды орнынан алып тастаған шешіміне қарсы. «Ол бұйрықта келтірілген дәйектеме ойдан құрастырылған. Министрлікке бұл лауазымда жоғарыдағылардың жеке мүдделерін ілгерілететін нұсқауларды тып-тыныш қана орындайтын өз адамы керек болды. Бұзушылықтардың көбі бұрынғы басшылардан көшкен. Оларға кезінде қылмыстық істер қозғалды, артынан тігісі жатқызылып, жылы жауып қоя салды. Бұрынғы бас директорлардың ешқайсысы резерватты дамытуға үлес қосқан жоқ, заңсыз істерін ғана мұраға қалдырды. Егер былықтарын тегіс тексерсе, біразын отыр­ғызуға жетер еді», – дейді С.Незбаев. Ресеймен шекара бойындағы орман соқпағын кеңейту жобасы қолға алынған деседі, содан оның болжамынша, «эколо­гияға жауапты шенеуніктер резерватқа өз адамын қойып, жоба аясында жасыл орманды кесуден үлкен пайда таппақ». Ақсақалдар кеңесі төрағасының айтуын­ша, Қ.Тоқтасын да Ертіс орманында ағаш кесумен айналысты, бірақ ол бөрене күйін­де әкетпей, «ағаш материалдарына дейін өңдеп, түскен қаражатты резерватты да­мы­туға, жұмыс жағдайларын жақсартуға жұм­сауды» жоспарлапты: пилорамалар орна­тып, ағаш өңдейтін станоктар сатып алған. «Қазір былық қайта басталды. Аққулы ауданының полициясы орманды өз бетімен шапқан Шарбақты ауылының тұрғынын бөрене тиелген екі көлікпен ұстап алды. Орман ағаштары орталық қой­маға соқпай, тікелей ну орманнан әкетіліп жатыр. Бір құжатпен машина екі рет өтуі мүмкін. Ағаш орталық қоймаға жеткізіліп, сонда өңделгенде және комитет тапсыры­сымен жөнелтілгенде бұзушылық азаяр еді. Бірақ министрліктің комитеті дәйекте­мелерімізді тыңдамайды», – дейді Сейпулла Незбаев. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің мәліметінше, «Ертіс орманының» экс-басшысы Қадырбай Тоқтасынның тәртіптік жазасы болған, соның сыртында ол еңбек міндеттемелерін құрметтеуге тұрарлық себепсіз қайталап орындамаған. Сондықтан жұмыс берушінің бастамасы бойынша онымен арадағы еңбек келісімшарты бұзылды. «Қ.Тоқтасын 2021 жылғы 11 маусымда орманда 583,55 гектар ауданды қамтыған ірі өртке жол бергені үшін тәртіптік жауап­кершілікке тартылды: қатаң сөгіс алды. Ал 10 тамызда кешенді тексеру нәтижесінде оған тағы қатаң сөгіс жарияланды. Пав­лодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспек­циясының 19 қыркүйектегі хатында ай­тыл­ғандай, жоспардан тыс тексеру бары­сында резерватта 31 текше метр көлемінде (1,6 млн теңге) бұзушылық әшкереленді», – дей келе, комитет заңсыз ағаш кесу фактілері бойынша табиғат қорғау полициясы тергеу іс-шараларын жүргізіп жатқанын, нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданатынын хабарлады. 

P.S.

Қалай болғанда да, қазақтың ор­маны қамқорлықпен қарайтын, аялап, күтіп ұстап, одан ары көбейтетін қо­жайынды қажет етеді. Әйтпесе, Ұлы дала­дағы онсыз да аз жасыл желекті «тілсіз жау» мен жем­қорлар қатар жайпап жат­қандай сезім қалыптасады.