Алтай ауданы биыл Тәуелсіздік күні мерекесін ерекше атап өтті. Өңірде бірнеше отбасына баспана кілті тапсырылып, мәдениет нысандары ел игілігіне берілді.
Мерейлі мереке күні аудан орталығы Алтай қаласында екі отбасы баспаналы болды. Су жаңа үйге қол жеткізген тұрғындарды Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев пен Алтай ауданының әкімі Қалихан Байғонысов құттықтады. «Тәуелсіздік жылдарында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының басым бағыттарының бірі қазақстандық отбасыларды жеке баспанамен қамтамасыз ету болды. Осыған байланысты тұрғындардың көптеген санаты үшін әртүрлі мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Осы бағдарламалардың көмегімен қаншама отбасы үйлі-күйлі болды. Қазір өңірде облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен тұрғын үйлер көптеп салынып жатыр. Алтай ауданында да тұрғын үй құрылысына ерекше көңіл бөлеміз. Алдағы уақытта құрылыс қарқынын одан ары арттыратын боламыз», – деді аудан басшысы.
Өңірлік «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша салынған баспана кілті қалалық аурухананың хирургия бөлімінің медбикесі Сәния Сәрсенбаева мен «Басқа мемлекеттердің (Армения) аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері» санатындағы тұрғын үйге кезекте тұрған ШҚ АЭК жүргізушісі Байжан Қорабаевқа салтанатты түрде табыс етілді.
Сонымен қатар Жаңа Бұқтырма кентінде екі отбасы қоныстойын тойлады. Олар – №1 Жаңа Бұқтырма орта мектебінің информатика пәнінің мұғалімі Әсел Нұрғазиева мен тұрғын үйге мүгедек ретінде әрі төрт бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасының өкілі ретінде кезекте тұрған Алексей Фролов.
Орайы келгенде айта кетейік, соңғы жылдары Алтай ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды. «Өз үйі – өлең төсегіне» қол жеткізіп, баспана бақытына ие болған тұрғындардың қатары жылдан-жылға артып келеді. Жалпы, Тәуелсіздіктің 30 жылында аудан орталығы мен ауыл-ауылдарда «Қолжетімді баспана – 2020», «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламалары арқылы жүзден астам пәтер пайдалануға беріліп, бірнеше жеке үй бой көтерген. Мәселен, 2012-2015 жылдары Алтай қаласында 60 пәтерлі тұрғын үй салынған. Ал 2016 жылы «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында 80 пәтерлі үй тұрғызылып, көп жыл баспана кезегінде тұрған жүздеген отбасы мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алып, қуанышқа кенелген. 2017 жылы Бородино ауылында екі пәтерлі бес тұрғын үйдің қабырғасы қаланыпты. 2018 жылы «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасымен аудан орталығындағы ықшамаудандардың бірінде 60 пәтерлі жалдамалы тұрғын үй бой көтеріп, халықтың әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топтары баспанамен қамтылған. 2020 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Алтайда тұрғын үй алуға кезекте тұрған көпбалалы отбасылар үшін жалға алу құқығымен 14 бірқабатты жеке тұрғын үй салынған. Қазір өңірлік «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша Алтай қаласында 20 жеке тұрғын үй, Серебрянск қаласында 5 бірқабатты және Жаңа Бұқтырма кентінде 5 коттедж салынып жатыр. Алтай қаласындағы Рудный көшесінде 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Аудандағы тұрғын үй құрылысы саласындағы жоспарланған ауқымды жобалардың бірі – Серебрянка қаласындағы жатақхананы жаңғыртып, тұрғын үйге айналдыру. Жоба бойынша жатақхананы 60 пәтерлі (20 екі және 40 бір бөлмелі) үй ретінде пайдалануға беру көзделген. Демек, 60 отбасы қоныстойын тойлайды.
Тәуелсіздік күніне орай Алтай қаласында аудандық орталық кітапхананың балаларға арналған филиалы ашылды. Аудандық орталық кітапхананың директоры Галина Гончарованың айтуынша, бұл ықшамауданда кітапхана бұрын-соңды болмаған екен. «Ғимарат шағын. 30 алты шаршы метр. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа жөндеу жүргіздік, жиһаздар қойдық. «Қазцинк» ЖШС қажетті құрылғылар мен екі тілдегі кітаптарды сатып алуға көмектесті. Кітап қорымыз 500 томды құрайды. Кітапханада оқу залы жоқ. Бірақ балалардың теледидар көруіне, кітап оқуына арналған шағын алаңқай бар. Онда пуфиктер қойылған, үлкен кілем жайылған. Оны бізге «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы тарту етті. Ғимарат 15-20 адамға шақталған. Бізде балаларды декоративті қолданбалы өнерге баулитын бір кітапханашы-педагог жұмыс істейді», –дейді ол.
Мереке қарсаңында Алтай ауданының 27 тұрғынына құрмет көрсетіліп, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Халық алғысы» медальдары салтанатты түрде тапсырылды. «Бүгін облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасымен арнайы келіп, жерлестеріме марапат тапсырып тұрғаныма өте қуаныштымын. Көпшілігіңізді жақсы білемін. Ауданымыздың игілігі үшін қатарласа, қанаттаса жұмыс істедік. Қиын кездер де болды, бірақ оның бәрі артта қалды. Бүгінде Алтай ауданы қарқынды дамып келеді. Осы абырой биігінен түспегейсіздер», – деді салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев.
30 жылдан астам уақыт дәріхана басқарып келе жатқан, қайырымдылық шараларынан да қалыс қалмай, жетімдерді жебеп, қамкөңіл қарияларды демеп жүретін Ольга Лебедова «Халық алғысы» медалін алды. Дәрігер Әділет Байбуринов, мәслихат хатшысы Лариса Гречушникова, марал шаруашылығы жетекшісі Лидия Попова, «Тепловодоцентрали» мекемесінің бас инженері Игорь Михайленко мен аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова Парламент Сенаты төрағасының Құрмет грамотасы, министрліктердің Алғыс хаттарымен марапатталды. Ауданаралық аурухананың учаскелік терапевті Екатерина Сасановаға партияның «Құрмет» грамотасы, 15 жылға жуық травматология бөліміне жетекшілік етіп, Катонқарағай мен Алтай ауданы тұрғындарына медициналық қызмет көрсетіп келе жатқан дәрігер Әділ Тоқсанбаевқа облыс әкімі Д.Ахметовтің грамотасы тапсырылды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында Серебрянск қаласында ашық сервистік әкімдік жұмысын бастады. Енді шағын шаһар тұрғындары аудан орталығына барып, әуреге түспей, осы жерден құжаттарын рәсімдей алады.