Қарағандыда мал індеті тарай бастады
Қарағандыда мал індеті тарай бастады
539
оқылды
Қарағанды облысына қа­расты Шет ауданындағы ауылдарда 800 ірі қара жұқ­палы ринотрахеит пен ви­рустық диареяға шал­дыққан. Облыстық ветерина­рия басқармасының мәлі­метінше, алты сиыр өлген. Осындайда «бұл кесел қай­дан келді?» деген сұрақ туын­дайды... Қауіпті аурудың белгілері ту­ралы алғашқы хабарлама Шет аудандық ветеринарлық стан­сасына қарашаның 2-сі күні түс­кен. Ақжал ауылының жеке қо­салқы шаруашылығында 10 бас ірі қара ауруға шалдыққаны бел­гілі болды. Мал иелері сиыр­ларын­да сілекейдің көп бөлінуі, мұрыннан серозды ағу, кейде аздаған қан араласқан, мұрын айнасы мен мұрын шырышты қа­батының гиперемиясы байқал­ғанын айтқан. «Бүгінде олардың 164-і Ақжал ауылының жеке қо­сал­қы шаруа­шылығында, 44-і Ақ­шатау ауы­лында, 117-сі Мойын­­ты ауылында, 66-сы Киікті ауылында, Ақсу-Аюлы ауылында – 366, Босаға ауылында – 18. Киікті ауылында 6 бас ірі қара өлді», – деп хабарлады Қарағанды облысының Ветери­нария басқар­масы. Ветеринариялық станса ма­мандары ауру малдан 20 сынама алып, Ұлттық ветеринариялық анықтамалық орталыққа жіберген екен. Ақжал елді мекенінен алын­ған сынамалардың қорытындысы бойынша жұқпалы ринотрахеит және вирустық диарея диагнозда­ры анықталды. Ақжалда карантин жарияланды. – Вирустық диарея және ин­фекциялық ринотрахеит ауруы анықталды. Басқа жерлерден мал­ды тасымалдау немесе жеке заңды тұлғалардың малды ветеринария­лық мамандардың рұқсатынсыз, ескертпестен басқа жерден немесе карантинге қойылмаған малды алып келу себебінен болады. Ауру тіркелген жеке аулаларда дезин­фекция жұмыстары жүргізілді, – деді Ауыл шаруашылығы ми­нистр­лігінің Ветеринарлық қада­ғалау комитеті Қарағанды облыс­тық инспекциясы жетекшісінің міндетін атқарушы Данияр Мерғазин. Бірақ бір жерде «алты мал өлді» десе, Шет аудандық ветери­нарлар «шығын жоқ» дейді. Түсініп көр...

Аудандық ветеринарлар не дейді?

Мән-жайды ауылдағы мал дәрігерлері де анықтаған. Шет аудандық ветеринариялық станса директоры Ж.Түсіпов «Бұл жұқ­палы ауру көрші Ресейден әкелінген малдан таралып отыр. Бұл вирус бұрын-соңды Қазақ­станда болмаған. Аталмыш ауру ірі қара және қой малдарына жұ­ғатын көрінеді. Күнкөрісі қолын­дағы азын-аулақ малына қараған ағайынның алаңдайтын жөні бар. Ауруды анықтап, алдын алу шара­ларын жүргізіп жатырмыз», – дейді. Мамандардың айтуынша, әзірге мал шығыны жоқ. Алайда уақытылы емдеу жұмыстары қолға алынбаса, мал шығынына әкеліп соғуы мүмкін. Ауырған мал үшін облыс орталығынан 11 615 вак­цина жеткізіліп, аталған елді мекендерге арнайы мамандар барып, егу жұмыстары жүргізілген екен. Сондай-ақ мамандар малдан ауру белгісі байқалған кезде өзге малдан оқшаулап, жылы жерде ұстап, жылы сумен суарып, жұм­сақ шөп беріп, тұзды суға мар­ганцовка қосып немесе спреймен аузын шайып отыру керек екенін айтады. – Кейбір адамдар қымбат дә­рілер алып, өз бетінше емдеп жа­тыр. Алайда ол еш нәтиже бер­мейді. Сондықтан арнайы прото­колмен белгіленген дәрілермен емдеген дұрыс, – дейді вете­ри­нарлар. Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Шет ау­даны аумағы бойынша инспек­ция басшысы Д.Әшкербеков ауру адамға жұғатынын мәлімдеді. – Бұл кесел адамға да қауіпті. Сондықтан бірреттік арнайы қол­ғап киіп, сақ болу керек, – дейді. Індет шыққан елді мекендерге аудан орталығынан мал дәрігер­лерінен құралған арнайы бригада шығып, егу жұмыстарын жүргізіп, қазір жағдай тұрақталған.

Қайдан келген кесел?

«Қайдан келген кесел?» деген сұрақты ветеринария ғылым­да­ры­ның докторы, профессор Марат Базарбайұлына қойған едік. – Шетелден әкелінген асыл­тұқымды мал облыс аумағында көптеген жұқпалы індеттің ау­мақтық, популяциялық таралуына ықпал етіп, эпизоотиялық жағ­дай­дың күрделенуіне әкеліп соқ­тырды. Мысалы, облыс аумағын­дағы кейбір агроқұрылымдарда ірі қараның вирустық диареясы, ринотрахеиті, нодулярды дер­матиті тіркелді. Қазір аталған ін­деттерге қарсы жоспарлы профи­лактикалық іс-шаралар арқылы аталған індеттердің аумақтық және популяциялық таралуы бақылауға алынып, мониторинг жүргізіліп жатыр, – дейді Марат Базарбайұлы. Шетел асып келген малдағы кеселді уақытында неге анықтай алмайды? Өйткені ветеринария саласының бүгінгі материалдық-техникалық базасы ескірген әрі ауылдарда маман қат. – Бұдан 8 жыл бұрын, яғни 2013 жылы мемлекеттік тапсы­рысқа сәйкес эпизоотиялық тұ­рақтылықты қамтамасыз етумен тікелей айналысатын облыс ау­мағындағы коммуналдық қазына­лық кәсіпорын Ветеринария стансаларына 100-ден аса «Нива» маркалы жеңіл көлік және де залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу үшін ДУК қондырғылары, қолданыс құрал-жабдықтары берілген болатын. Сол 2013 жылы берілген автокөліктер паркі тозығы жетіп, жаңартуды қажет етсе, сол кезде берілген құрал-жаб­дықтар да сын көтермейтін жағдайда, – дейді профессор Марат Базарбайұлы. Қарағанды облысында малдың қырылуы бірінші рет емес. Бұдан төрт жыл бұрын Нұра ауданындағы Мыңбаев, Заречный және Тассуат ауылдарында 319 бас мал ауырып, оның 95-і қырылды. Ал оның ал­дындағы жылы бұл ауру Қар­қаралы және Ақтоғай аудандарын­да тіркелген болатын.

Қарағанды облысы