Жуырда «Nur Otan» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағының Өзара ынтымақтастық туралы меморандумы аясында өткізілген «Ұлы дала» байқауы мәресіне жетті. Сол байқауда әлеуметтік ғылымдар магистрі Эльмира Назирова проза жанры бойынша Бердібек Соқпақбаев атындағы арнайы жүлдеге ие болды. Жазушы Әлібек Асқаров бастаған қазылар алқасы оның «Бірінші сабақ» деген шығармасын жоғары бағалап, Қазақстан тәуелсіздігінің шежіресін көркем тілмен өріп шыққан шеберлігін айрықша атап өткен болатын. Осы орайда жас қаламгер әрі саясаттанушымен сұхбаттасып, ой бөлісуді құп көрдік.– Сіз «Ұлы дала» байқауына «Бірінші сабақ» деп аталатын шығарма жолдапсыз. Онда мұғалім сабақ кезінде студенттерімен бірге еліміздің 30 жылда жеткен жетістіктерін саралайды. Саяси құбылыстарды әдебиетте суреттеудің ерекшелігі неде?
– Иә, «Ұлы дала» республикалық шығармалар байқауына өз туындымды жібергенде жүрексінгенім рас. Әйткенмен, бағымды сынап көруге бел будым. Осы жерде байқаудың барынша әділ болғанына ризашылығымды білдіріп өтсем деймін. Байқауға ұсынылған шығармалардың бәрі авторлардың лақап атымен сіздің газеттің сайтында жарияланып отырды. Барлығы ашық болғандықтан, 300-ге тарта шығарманың қайсысы жүлдеге лайық екенін көзі қарақты оқырман өзі де бағамдай алады. Оның үстіне, проза мен поэзияға бес бірдей жүлдеден тағайындалып, ал драматургия мен киносценарий аталымдары бойынша 1-жүлденің ешкімге берілмеуі барлық шығарманың қатаң сүзгіден өткенін байқатса керек.
Ал сіздің сұрағыңызға келетін болсақ, саясаттың жолы да, тілі де күрделі. Мен өз шығармамда Тәуелсіздігіміздің 30 жылда жеткен жетістіктерін саралай келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегін әдеби тәсілмен жеткізуге тырыстым. Еліміздің сонау 90-жылдардағы дағдарысты бастан кешкен сәтінен бастап қазіргі күнге дейінгі жетістіктерін сипаттадым. Қазіргі жастардың ойлау қабілетіне, сөйлеу әдебіне лайықтап, әрбір оқырман өзінің студенттік шағын еске алатындай әсер қалдыруға тырыстым. Әрине, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың егемендік іргесін нықтауға арналған еңбегін 25 беттік шығармаға сыйғызу мүмкін емес. Сондықтан саясаттанушы ретінде мен Елбасының сыртқы және ішкі саясаттағы ерекше шешімдерін ғана атап өттім. Мысалы, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында шекарамыздың шегенделгені, жаһанға қауіп төндіретін ядролық қарудан бас тартуы, еліміздегі 130-дан аса этностың бейбіт өмір сүруі, көрші жатқан бес мемлекетпен тату қарым-қатынаста болуымыз, тек көршілер ғана емес, әлемдік қауымдастықтағы кез келген елмен ынтымақтастық орнатуға даяр болғанымыз, бейбітшілікті ту еткеніміз – мұның бәрі Елбасы саясатының жемісі екеніне ешкім дау айта алмайды. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевтың ұдайы «Елдің болашағы – жастар» деп айтып жүретіні көңілді қанаттандырады. Жастарға арнап «Болашақ» бағдарламасының ашылуы, Орталық Азияда теңдесі жоқ Назарбаев университетінің салынуы, білім қуған жасқа бар жағдай жасалуы назардан тыс қалмауы керек-ті.
Мемлекеттің дамуы үшін жастардың саяси ұстанымы мен көзқарасын біліп-зерттеп отыру аса маңызды. Соған орай биыл Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе отырып, «Жастардың саяси мәдениетін зерттеп, оны дамытудың жолдары мен тетіктері» тақырыбында стратегиялық сессиялар мен семинарлар сериясын өткіздік. Мемлекеттік органдардың жастарға бағытталған бағдарламаларын жүйелеуге осылай үлес қоссақ дейміз. Осы елдің тұтқасын ойлайтын жас буынның саяси белсенділігін арттыру, қоғамдық-саяси үдерістерді түсінуіне жағдай жасау қажет. Осындай шараларға атсалысып жүргендіктен, өз шығармама Елбасының еңбегін арқау етуім заңды еді.
– Әдетте «Әдебиет – ардың ісі» дейді. Әдебиетке саясатты, белгілі бір тұлғаны арқау ету қиын емес пе? Өйткені саяси тұлғалар мен оқиғаларды жазғанда суреттеуден гөрі деректерді баяндау басым түсетін сияқты.
– Меніңше, әдебиетке саясатты немесе белгілі бір тұлғаны арқау ету қиын емес. Олай болса, Шыңғысхан, Әмір Темір, Томирис сияқты тарихи тұлғалар туралы талай құнды шығарма жазылмас еді. Әрине, саясатты, мейлі ол қай заманғы саясат болсын, көркем туындыға арқау еткенде шығарма желісі тарихи шындыққа қаншалықты сәйкес келеді – бұл бөлек әңгіме. Әр автор өз стиліне және мақсатына сай өз таңдауын жасайды. Меніңше, саяси құбылыстар туралы, саяси тұлғалар туралы жазғанда шығарманың көркемдік жағына көңіл аударудан бөлек нақты деректерден, тарихи оқиғалардан ауытқымаған дұрыс. Сондықтан мен шығармамда деректерге жүгіне отырып, ел аузындағы әңгімелерді негізге алып, Тәуелсіз Қазақстанның 30 жылдық тарихына шолу жасауға тырыстым.
– Қазақстанның тәуелсіздік алуы мен ел іргесінің бекем болуында Елбасының еңбегі өте зор. Дегенмен қайраткер тұлғасы әдебиетте қалай сомдалуы керек екені жөнінде талас көп. Сіздіңше Елбасы бейнесі қалай сипатталуы керек?
– Жалпы, Қазақстан дегенде менің көз алдыма Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елестейді. Себебі біздің буын – тәуелсіз Қазақстанның өз Әліппесін ең бірінші болып қолға алған ұрпақ. Оның бірінші бетінде Нұрсұлтан Әбішұлының жас оқушыларға арнау сөзі мен қолтаңбасы болғаны әлі есімде. Өзім тәуелсіздіктің құрдасы болғандықтан, еліміздің осы жылдары қалай дамығанына куәмін. Саясаттанушы ретінде әрбір елдің қалыптасуына, дамуына орасан еңбек сіңірген тұлғалар туралы да зерттедім. Мысалы, АҚШ-та өз президенттерін ұлықтау қалыпты нәрсе, мемлекеттік саясатқа ғана емес, қоғамдық мәдениетке де дендеп еніп кеткен. Қытай Халық Республикасында болған кезінде көсем Мао Цзедунға деген халық құрметі ерекше екенін өз көзіммен көрдім. Ал біздің Нұрсұлтан Әбішұлына көрсететін құрметіміздің сипаты бөлек. Бізде ғана емес, халықаралық саясатта да Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын өте жоғары деңгейде бағаланады. Сондықтан, менің ойымша Елбасы мен егемендік – егіз ұғым.
– Жуырда Елбасы жас ұрпаққа Үндеу жолдап, «Елдіктің 7 тұғырын» атаған болатын. Бұл – Тәуелсіздіктен бастау алып, азат елдің іргесін бекем қылатын, Елбасы жылдар бойы насихаттап, ұдайы назарында ұстап келген қағидаттар. Елбасы 7 тұғырды санада жаңғырту арқылы жастарға нені меңзеді деп ойлайсыз?
– Елбасымыз әрдайым жастарды қолдап келеді. 90-жылдардағы экономикалық күрделі жағдайға қарамастан жастардың шетелдің ең мықты университеттерінде білім алуына жол ашылды. Жастарды қолдау мақсатында көптеген мемлекеттік бағдарлама құрылды. 2019 жыл Жастар жылы деп аталғанын білеміз. Қазір жастар жеке кәсіп ашу үшін мемлекеттен қайтарымсыз грант ала алады. Одан бөлек, 29-ға толмаған, жұмыс істейтін жастарға жалдамалы пәтер беру арқылы жеке пәтер сатып алуға қаражат жинауға мүмкіндік жасап отыр. Алматыда «Алматы жастары», Нұр-Сұлтанда «Елорда жастары», Шымкентте «Шымкент жастары» бағдарламалары жастардың баспаналы болуына мүмкіндік береді. «Дипломмен – ауылға!», «Сәтті қадам», «Жастар кадрлық резерві», Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің қорынан тағылымдамаға арналған гранттар және басқа да түрлі бағдарлама бар. Оқимын, жұмыс істеймін деген жастарға барлық мүмкіндік жасалған.
Меніңше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Елдіктің 7 тұғыры» атты қағидаттардың атауы ұлттың дүниетанымымен үндесіп жатыр. Жеті саны – қазақ халқы үшін киелі сан. Ал 7 тұғыр ретінде сипатталған бағыттар – Елбасының ұдайы айтып, кезінде жеке-жеке тоқталған, қоғамға ұсынған құндылықтары. Нұрсұлтан Әбішұлы мұны түйіндеп, жас буынға ұғынықты болу үшін қорытып, қайта ұсынды. Бұл – аға буынның жастарға арнаған аманаты. Сондықтан Елбасы айтқан 7 бағытты өмірлік ұстаным ету жастардың борышы болса керек.
Ал «Елдіктің 7 тұғырында» сипатталған құндылықтардың әдебиеттегі көрінісіне келсек, меніңше аты аталып, түсі түстелмесе де біздің әдебиетте бұл құндылықтар назардан тыс қалған жоқ. Көркем әдебиет әдетте оқиғаны тура сипаттамайтынын, әрлеп суреттейтінін ескерсек, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы әдебиетте 7 тұғырдың негізін қалаған құндылықтар жазылып келеді. Тек әдебиеттегі месседжді ұғына білу керек.
– Айтпақшы, Сіз қазақтың ел есінде қалған басшылардың еңбегін «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп атаған дәстүріне ұқсатып Елбасының Қазақстанды басқарған жылдарын, Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылындағы дамуды «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деп атау туралы ұсыныс айттыңыз. Мұндай ұсынысты қандай негізге сүйеніп айттыңыз?
– Біз, қазақ, әр дәуірге атау берген халықпыз ғой. Еліміздің тарихына үңілсек, қайратты Қасым хан, ержүрек Есім хан, әділ болған Хақназар хан, тарландай Тәуке хан қатарлы өз дәуірлерінде Қазақ хандығының көркеюі үшін шайқасқан, дұшпанымен алысқан, ел үшін жан берген, қазаққа «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заман орнатуды көздеген тұлғалардың аз болмағанын көреміз. Сондай батыр бабаларымыздың арқасында қазір осындай алып, кең-байтақ елде еш алаңсыз өмір сүріп жатырмыз. Ал Тәуелсіздігіміздің алғашқы 30 жылдығы «Нұрсұлтанның нұрлы жолы» деуге әбден лайық деп ойлаймын. Себебі егемен елімізді ешкімге жем қылмай, территориялық тұтастықты сақтап қалған, Қазақстанның бейбітсүйгіш ұстанымын әлемге паш ете отырып, оның ғаламдық аренада ешкімге тәуелсіз, дербес мемлекет ретінде мойындалуына бірден-бір себепші болған тұлға – Елбасы. Еуразиялық кеңістіктегі тұрақтылық пен қауіпсіздікке кепіл болатын бастамалар көтеру, халықаралық ұйымдарға төрағалық ету, дамыған 50 елдің қатарына енуді мақсат ету – Нұрсұлтан Назарбаевтың ғаламдық деңгейде кесіп-пішетін саясаткер екенін көрсетеді. Қазақ «таудың биіктігі алыстан білінер» дейді. Сондықтан кейінгі ұрпақ бүгінгі жетістіктерге ғылыми және тарихи тұрғыдан өз бағасын береді деп ойлаймын. Мысалы, Американың тұңғыш президенті Джордж Вашингтонның, Түркияның алғашқы президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің қадірі уақыт өткен сайын арта түскенін көріп отырмыз. Сондықтан мен тәуелсіздік буыны ретінде осындай ұсыныс айттым, бұл бір жағынан, «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қағида, екінші жағынан – қазіргі тарихқа өзіндік баға беруге талпыныс.
– Ақыры саясат ауылынан алыс кете алмадық. Ендеше осы саладан да бір сауалымыз болсын. Былтыр «NurOtan» партиясы праймериз арқылы депутаттар құрамын жаңартты. Жастар мен әйелдерге арнайы квота бөлінді. Кейін бұл норма партиялар қызметін реттейтін заңдарға арнайы енгізілді. Қалай ойлайсыз, күн санап құбылып жатқан жаһандық трендтерге ілесуге талпынып жүрген жастарды арнайы квота арқылы саясатқа араластыру мүмкін бе? Пайдалы тәсіл ме бұл?
– «Nur Otan» партиясы праймериз арқылы жастарға ғана емес, сонымен қатар әйелдерге де арнайы квота бөлді. Саясаттанушы ретінде «Nur Otan»-ның бұл ішкі партиялық сайлау саясатын жоғары бағалаймын. Себебі демократиялы елдерде саясатпен айналысуға әрбір адамға мүмкіндік беріледі. Жастардың саяси көзі ашық болуы әрбір ел үшін маңызды.
Елімізде әйелдерді де қолдайтын бағдарламалар да жеткілікті деп айта аламын. Мысалы, көпбалалы ана, жалғызбасты ана немесе мүгедек баланы асырап отырған аналарға «Бақытты отбасы» деп аталатын, жылдық пайызы ең төмен 2% болатын, тұрғын үй мәселесін шешуге арналған бағдарлама бар. Одан бөлек, әйелдер үй кезегіне тұрып «Шаңырақ», «Ұмай» бағдарламасына қатысып, баспаналы бола алады. Өз бизнесін ашқысы келетін әйелдерді қолдайтын «Атамекен» ұлттық палатасының «Бастау» атты қайтарымсыз гранты бар. Сонымен қатар әкімшіліктердің қолдауымен жүзеге асып жатқан «Қолдау» атты әлеуметтік бағдарламаны да атап өтуге болады. Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия бар. Қысқасы, әйелдерді қолдау жөнінен де елімізде өзгелерге үлгі боларлық қадамдар жасалған. Ал әлеуметтік сипаттағы бұл саясатты «Nur Otan» партиясының праймеризі саяси бағытқа бұрды. Мемлекет әйелдер мен жастарды ел басқаруға, ел тағдырына қатысты шешім қабылдауға қатыстыруға мүдделі болып отыр. Меніңше, «Nur Otan» партиясының праймеризінде сынақтан өтіп, кейін партиялар туралы заңнамаға енгізілген осынау ұстаным мемлекеттің дамуына тың серпін береді деген ойдамын. Өйткені «жас келсе – іске» дейді халқымыз. Ал әйел затының табиғаты мейірімге, жылылыққа толы. Өйткені әйел – Ана. Ал Ананың көңілі тек баласы үшін ғана емес, елі үшін де елжіреп тұрады.
– Алдыңғы буын ішінен әдебиет арқылы саясатқа келген, жоғары лауазымды мемлекеттік қызмет атқарған тұлғаларды кездестіреміз. Бүгінгі жазушылар ше, олар саяси қайраткер болуға қаншалықты ұмтылады?
– Менің ойымша, қаламгер қоғамда болып жатқан өзгерістерден, саяси үдерістерден тысқары тұра алмайды. Қазіргі депутаттардың құрамына көз жүгіртсек, олардың арасында қалам ұстаған журналистер де, жазушылар да баршылық. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет басқару ісінде үнемі қаламгер қауыммен, зиялы қауым өкілдерімен ұдайы ақылдасып отырғаны көп жайтты аңғартса керек. «Әдебиет – ардың ісі» деп өзіңіз айтып қалдыңыз ғой, әдебиет ауылының өкілдері «адам жанының инженерлері» ретінде саясат көшінің дұрыс бағыт алуына бағдар сілтеп отыруы тиіс. Сондықтан ел басқару ісіне әлі талай ақын-жазушының араласатынына күмәнім жоқ.
– Әңгімеңізге рақмет!