Мектеп директорының дәуірі туды
Мектеп директорының дәуірі туды
664
оқылды
Сапалы білім беру үшін мұғалімдер мәртебесін көтеру қажет-ақ. Сол үшін заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Дегенмен түйткіл таусылмады. Кей жерде педагогтерді қолдаймыз деп, керісінше жығып беріп жатқандаймыз. «Артық қылам деп тыртық қылғанның» кебі бар. Алдағы уақытта мектеп директорларының ұстаздарға ықпалы тағы да артуы мүмкін. Бұл мұғалімдердің еркін жұмыс істеуіне кедергі келтірмей ме?

Жаңа норманың жаңалығы қандай?

Биыл наурызда Сенат депу­таттары білім беру саласына қа­тыс­­ты бірнеше маңызды жаңа нор­маларды қамтитын заң жо­басын мақұлдады. Білім және ғы­лым министрі Асхат Аймағамбетов «құжатта сала мамандары үшін аса маңызды нормалар бар» деген. Маңызды норма дегенінің басты­сы – педагогтерді жұмысқа кон­курс арқылы қабылдауды енгізгені болатын. Қысқаша айтқанда, мұ­ғалімдер де мемлекеттік қызмет­керлер тәрізді конкурс арқылы іріктеледі. Бұл норма ақыры іске асатын болды. Таяуда Білім және ғылым министрлігінің педагогтерді жұмысқа қабылдау қағидаларына қатысты жаңа бұйрығы Әділет ми­нистрлігінде тіркелді. Енді шағын мектептерді есепке алмағанда қалған мемлекеттік мектептерде педагогтерді жұмысқа қабылдау конкурс арқылы нақты критерий­лер бойынша жүзеге асырылмақ. Осы уақытқа дейін мұғалімдерді жұмысқа мектеп директорлары қабылдайтын. Барлығын өздері шешетін, нақты ереже болған жоқ. Яғни, танысын қызметке алуы да мүмкін еді. Кейбір аймақтарда бір ставкаға бірнеше мұғалімнің сабақ беріп жүргені анықталған. Мектеп мұғалімі атанудың құны кей өңірде 300 мың теңгеден басталып, 1 миллион теңгеге дейін бағаланады. Осын­дай «бармақ басты, көз қыс­тының» алдын алу үшін іріктеу өткі­зілгені жөн, жемқорлықты болдырмауға тиіс. Қандай да бір білім беру ұйы­мында бос немесе уақытша бос ла­уазым тұрса, міндетті түрде кон­курс өткізеді. Ал ол қалай өтпек? Білім министрінің айтуынша, жұ­мысқа орналасу үшін ұстаз болуға үміткер адам әуелі конкурсқа қа­тысу туралы өтініш береді. Өтініш беруші өзінің бағалау парағын қоса ұсынады. Онда барлық жетістігі, нәтижелері, еңбек өтілі, әкімшілік немесе әдістемелік қызмет тәжі­рибесі, курстық дайын­дығы ту­ралы ақпарат көрсетіледі. Әрбір ба­ғыт бойынша кандидат белгі­ленген критерийлер арқылы баға­лау шкаласына сәйкес өз ұпа­йын дербес қояды. Конкурстық комис­сия өтініш берушінің өзі қойған ұпайының, оларды рас­тай­тын құ­жаттардың сәйкестігін тек­серіп, қорытынды ұпай шығарады. Нә­тижесінде, бос орынға ең көп ұпай жинаған үміткер қабылда­нады. Бәрі дұрыс, дегенмен біз бір қы­зықты аңғардық – мұғалім болуға үміткер адамның бұрынғы жұмыс орнынан ұсыныс хаттар сұраты­лады екен. Оң ұсыныс үшін 3 ұпай жинап, теріс ұсыныс үшін 5 ұпай жоғалтады. Сонда бұрынғы жұ­мыс істеген мектебінің ди­рек­торы үміт­кердің заңбұзушы­лыққа, пе­дагогикалық этикаға сай кел­мейтін әрекет істеді ме, соған жа­уап бе­реді. Егер мектеп директоры үміт­кердің бұрын бір қателік жаса­ғанын ескертсе, педагог конкурс­тан шеттетіледі. Ал енді қараңыз, бұдан кейін келешекте теріс пікірге қалмас үшін педагогтер мектеп директорынан сескеніп жүретіні сөзсіз. Демек, басшылардың ық­палы тағы артты, өзіне қарсы шық­қан немесе ұнамаған мұғалімді «теріс пікірмен» қорқытпасына кім кепіл? Ережеде үміткердің міндетті түр­де біліктілік санатының болуы қарастырылған. Енді жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне жұмысқа қабылдану үшін дип­ломның болуы жеткіліксіз, Ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп, одан әрі мектепте педагогтің бірінші сана­тын алуға міндетті. Айтпақшы, мұ­­­­ғалімнің жұмысы 8 сағаттан ас­пай­тын болса, конкурссыз жұ­мыс­қа қабылдауға рұқсат етіледі. Енді бұл нормаға қатысты білім сарап­шы­ларының не ойлайтынын білсек.

Педагогтердің көңілі неге толмады?

Рас, Білім министрлігі мұғалім мәселесіне келгенде қарап жатқан жоқ. «Педагог мәртебесі» туралы заңының шеңберінде ұстаздардың жала­қысы артты. 2025 жылға қарай тағы 2 есе көбейтіледі. Ол үшін қосымша 2 триллион теңге қаржы бөлінбек. Педагогикалық маман­дықтарға түлектерді тартамыз деп студент­тердің шәкіртақысын 42 мың теңгеге көтерді. Бірақ жаңағы айт­қан нормаға білім сарапшы­ла­рының көңілі толмай отыр. Себебі министрлік мұғалімнің мәртебесін арттырамыз деп жүріп, керісінше оларды одан әрі тәуелді еткенге ұқсайды. Яғни, педагогтердің та­лабы ескерілмей қалған. «Мұғалім мәртебесі» республикалық қоғам­дық бірлестігінің төрағасы Ме­йіржан Темірбек жаңа норманың көзбояушылыққа ұласып кетуі мүмкін екенін айтады. – Жаңа норманың шағын жи­нақтық мектептерге қатысы жоқ. Бірақ бұл да бір көзбояушылыққа ұласып кететін сияқты. Мысалы, мұғалімдікке үміткер адамға ал­дыңғы жұмыс орны арқылы оң немесе теріс пікір айтылады дейді. Мектепте жүрген адам, қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған, оған не себепті, қалай теріс пікір таңуға болады? Осы жағы түсі­ніксіз. Менің ойымша, мектеп ди­ректорларының диктаторлығы күшейеді. Келешегін ойлаған мұ­ғалім теріс пікірге қалмас үшін басшылыққа мойынсына береді, ойын ашық айта алмауы мүмкін. Ал педагог тапшылығы онсыз да өзекті. Келешекте жұмыс істейтін білікті мұғалім таппай жүрсек, таңғалмаймын, – дейді ол. Қабылданған норма қазір мұғалімдердің арасында қызу талқыланып жатыр екен. Қоста­ғандар емес, қарсылар көп. Бар­лығының айтар уәжі сол – дирек­торлардың ықпалы артып, мұғалім оның қас-қабағына қарап қалады. Білім беруші, баланы тәрбиелейтін маман ретінде оларды басшыға одан әрі тәуелді етудің не қажеті бар? Педагог Өмір Шыныбекұлы жаңа норма арқылы білім сала­сындағы жемқорлықты асқын­ды­рып аламыз ба деп қауіптенеді. – Біз бұл дүниені мұғалімдер­мен талқыладық. Біріншіден, мұ­ға­лім бұрынғы басшысына мойын­сын­бай немесе бір тұста шындықты айтам деп қарсы сөйлеп қойса, басқа жерде жұмыс істей алмай қалатын тәрізді. Сосын келіп ұстаз не істейді? Мектеп директорына жағымпазданады, айтатын жерде тілін тістейді, кейбір әділетсіздікке көз жұмады. Керісінше, жемқор­лық өршіп кететін сияқты. Себебі бұрынғы жұмыс орнынан оң пікір аламын деген мұғалім амалсыздан пара беруі мүмкін. Екіншіден, Білім министріне көзқарасым түзу, бірақ сол ведомстводан шыққан көп ереже шикі болып жатыр. Мысалы, «саласы бойынша білік­тілігін дәлелдеуге міндетті» дейді. Басқасын айтпағанда, ол үшін педагог министрлік арқылы өткі­зілетін 175 түрлі сайыстың бірінен жүлде алуы тиіс. Елімізде 350 мың педагог бар, оның қайсыбірі жүлде алып үлгерсін, – дейді маман. Біз осы мақала арқылы білім саласына жауапты министрліктің бекіткен жаңа нормасына қарсы шығып отырғанымыз жоқ. Бала оқытатын мамандардың конкурс арқылы іріктеліп, біліктілігіне көз жеткізген құптарлық амал. Әйт­кен­мен, педагогтер нормадағы кей­бір тұстардың шикі екенін анық айтып отыр. Басшының қа­ба­ғына қараған маман еркін ұр­пақты қалай тәрбиелейді?