«Көлеңке» қоюлана түспей ме?
«Көлеңке» қоюлана түспей ме?
548
оқылды
Зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін пайдалану жырының таусылар түрі жоқ. Қор­дан қаржы алудың шекті мөлшерінің күрт өсуі дәл осы тетікпен баспаналы болуды, ипо­текалық несиені өтеуді, емделуді жоспарлағандардың күдерін үзгені өз алдына бөлек әңгі­ме. Алғашында азаматтарды зейнетақы аударымдарын жасауға ынталандырып, «кө­­леңкедегі» қаржы айналымын заңдастыруды мақсат еткен бұл бастамаға бүгінде кү­мәнмен қарайтындар көбейді. Енді ертең көпшіліктің еңбекақысын қай­та­дан конвертпен алып, зейнетақы жарнасын аударуда қулыққа бару мүмкіндігін де еш­кім жоққа шығара алмайды. Демек, көздегені «көлеңкелі экономикамен» күресу болған бағ­дар­ла­маның сайып келгенде қаржы секторындағы «көлеңкені» қоюландыра түсу қаупі бар. Бұған дейін «болашақтың ен­шісі» саналып келген зейнетақы жинағын белгілі бір мақсатта пай­далану жайына Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев Прези­дент қызметіне кіріскен сәттен ба­са назар аударған еді. Халықтың құлағын елең еткізген жақсы жа­ңалық Президенттің 2019 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жол­дауынан соң желдей есті. Сол жо­лы Мемлекет басшысы Үкіметке зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырды. Обалы не керек, Жол­даудан туған міндетті жүзеге асы­руға жедел кіріскен Үкімет мү­шелері бұл тапсырманы ойдағыдай орындап шықты. Салымшылардың зейнетақының жинағынан ар­тылған қаржы алудың алгоритмі түзіліп, оған қол жеткізудің жет­кілікті шегі белгіленді. Нәти­же­сінде, 700 мыңдай қазақстандық­тың зейнетақы салымындағы мөл­шерден артылған қаржысын тұрғын үй алуға, емделуге жұмсай алатыны белгілі болды. Жасы­ра­тыны жоқ, салымшылардың бар­лығына бірдей қолжетімді болмаса да, зейнетақы қорындағы қаржы­ны пайдалану талайға үміт сый­ла­ды. Оған дейін табысын жасырып, зей­нетақы қорына салым жасауға салғырт қарағандар есеп-қисапта ашықтық принципіне ден қойды. 2020 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президенттің өзі бұл реформаны еңбек қаты­настарын ашық әрі заңды жүргізіп, зейнетақы жүйесіне қатысуға ынталандыратын пәрменді құрал деп бағалады. Реформаның нәтижесінде жыл басынан 370 мыңдай азамат бас­пана алуға алғашқы жарнаны то­лықтыру, ипотека үшін берешекті толық және жартылай өтеу, ем­де­луде зейнетақы қорындағы қаржы­ның белгілі бір бөлігін алып кәдеге жаратқан. Мұны көзбен көрген қа­тардағы қызметкерлер де жұмыс берушілерден еңбекақымен бірге зейнетақы қорындағы тиісті тө­лем­дерді ашық төлеуді талап ете бастады. Алайда келесі жылдың сәуір айынан бастап зейнетақы қорынан қаржы алудың жеткілікті шегі 80 пайызға дейін көтерілетіні мәлім. Ал ол шектен асып, артық қар­жыны белгілі бір мақсатқа пайда­лану айлығы шайлығына жетпей жүрген көпшілік үшін қол емес. Демек, олар ендігі жерде жұмыс берушілерден зейнетақы қорына болар-болмас салым жасап, қалған қаржыны бұрынғыдай конвертпен алуды құп көруі бек мүмкін. Бұдан соңғы 4 жылда 29 пайыздан 20 па­йызға дейін төмендеген «көлең­келі экономика» деңгейінің қайта өсу қаупі туындайды. Бұл мәселе ең әуелі сенаторлар мен мәжілісмендердің қабырға­сына батса керек. Бірінен соң бірі Үкімет басшысының атынан депу­таттық сауал жолдады. Сенатор Нұрлан Қылышбаев бастаған Се­нат депутаттары бұл бағдарлама­ның салымшыларды ынталандыру мен еңбекақы төлеуде ашықтық қалып­тастырудың тетігіне айнал­ғанына назар аударып, Үкіметтің алдына ең төмен жеткілікті ше­гін айқындау әдістемесіне өз­герістер енгізу туралы мәселені төтесінен қойды. Әзірге Премьер-Министр халық қалаулылары кө­терген мә­селеге қатысты ресми жауап бермеді. Есесіне, зейнетақы қорындағы қаржыны алудың жеткілікті шегін өсірудің «көлеңкедегі» экономи­каға әсері болмайтынын айтқан қаржы сарапшылары біздің қау­пі­мізді жоққа шығарды. – «Көлеңкелі экономикаға» бұл фактор қатты ықпал ете қой­майды. Өйткені қазір барлық ме­кемеде ең­бекақы төлеудің элек­тронды жү­йесі енгізілген. Жұ­мыс берушілер үшін қызмет­кер­лерінің ығына жы­ғылып, айлық­тың бір бөлігін банк­тегі есепшо­тына жі­беріп, енді бір бөлігін кон­вертпен төлеу тиімсіз, – дейді қаржыгер Сәбит Рысбаев. Маман пікірінше, заңды еңбек қаты­настары кезіндегі «көлеңкелі эко­номиканың» бой көрсетуі екі­талай. Өйткені жұмысшыға ең­бек­ақыны қолма-қол төлеу үшін банк­тегі есеп­шоттан ақша алудың әуресі көп екен. Сондықтан зей­нетақы қо­рынан қаржы алудан үміт­ті заң­ды тұлғалардың қыз­мет­керлері енді айлығын жасыруға көшеді деу қисынсыз болып шығады. – Қолданыстағы заңнамаға сай заңды тұлға банктегі есепшотынан ай сайын ең көп дегенде 20 мил­лион теңге көлемінде қаржы ала алады. Оның өзінде бұл процеду­раның заңдылығы жан-жақты тек­серіледі. Есеп-қисабы дұрыс бол­маған жағдайда коммерциялық ұйым жыл соңында қарызға бел­шесінен батуы да ғажап емес Сол себептен компания қызметкер­леріне конвертпен айлық төлеу үшін тәуекелге бара қоймайды. Зейнетақы қорына ай сайынғы міндетті төлемді аударуда салық режимі жеңілдетілген жеке кәсіп иелері ғана қулық жасауы мүмкін. Сайып келгенде зейнетақы қорына салымшы болу әр адамның өзі үшін керек, – дейді С.Рысбаев. Бір сөзбен айтқанда, қаржы-экономика саласын реттеудің құ­қықтық тетігі «көлеңкелі экономи­камен» нәтижелі күреске бағдар­ланған болып тұр. Оның үстіне қо­ғам өміріне дендеп енген цифр­ландыру үрдісі де экономиканың «көлеңкелі» тұстарына өз сәулесін түсіріп үлгерген сыңайлы. – Бізде «көлеңкелі экономика» ұғымы, оны «дамытудың» меха­низмі, айлықты конвертпен алу сияқты факторлар бұған дейін де болған. Сондықтан бұл іске зей­нетақы қорынан ақша алудың жеткілікті шегінің өсуі әсер етеді деуге келмейді. Рас, онсыз да қарапайым аза­мат­тарға қолжетімсіз жеткілікті шекті өсіру арқылы Үкімет орын­сыз қадамға барды. Өйткені бізде баспаналы болуда зейнетақы қо­рындағы артылатын ақшаға үміт артқандардың саны көп болмады. Олар бұл бағдарламаға ә дегеннен бойкот жариялап, зейнетақы са­лымын арттыруға әрекет жаса­мады. Еңбекақыларынан да қорға бұрыннан аударылған сома ауда­рылып тұрды. Енді жеткілікті шек өзгергенін пайдаланып, олар жұ­мыс берушілерге еңбекақыны кон­вертпен алу туралы ұсыныс біл­діре қоймас, – дейді қаржы са­рапшысы Расул Рысмамбетов. Алғашында зейнетақы қо­рынан ақша алудың жеткілікті шегін өзгерту салымшылардың сенімін жоғалтып, салдарынан «кө­леңкелі экономиканың» көк­жиегі кеңейе түседі дегендердің пікірі құлаққа қонған. Әйтсе де, біз тілдескен сарапшылардың дені бұл фактормен «көлеңкедегі» эко­но­мика арасындағы байланысты нақты мысалдармен жоққа шы­ғарды. Бастысы, қаржы айналымы саласындағы цифрландыру мен құқықтық негіздің «көлеңкелі эко­номикамен» күрестегі мүмкіндігін еріксіз мойындауға тура келді. Ал бұл жайттар күні ертең басшымен сөз байласып, есепшотына бол­ма­шы салым жасап, айлықтың едәуір бөлігін қолма-қол алуға құп көре­тін­дердің алдында қауқарын қаншалықты танытатыны белгісіз.