Қос елді қоса емген...
Қос елді қоса емген...
382
оқылды
Қазақстанда 15 мыңдай адам қос азаматтығы барын жасырып жүрген. Геосаяси стратегиясы аясында бұ­рынғы Кеңес Одағы республикалары азаматтарына өз пас­портын жеңілдікпен таратып жатқан Ресей сыр­тын­да, бұл қатарда өзбек елінің азаматтары да көп екен. Енді бауырлас екі ел бұл кесірмен бірлесіп күреспек. Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен палатаның жалпы отыры­сында депутаттар Қазақстан және Өзбекстан үкіметтері ара­сын­дағы «Заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді» ратифика­ция­лайтын заң жобасын мақұл­дап, Сенатқа жолдады. Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаевтың айтуынша, 2019 жылғы 15 сәуірде Ташкентте қос мемлекеттің СІМ басшылары қол қойған бұл келісім оңтүстік көршіден атамекенге оралған қазақтарды қомақты алым төлеу тауқыметінен құтқарады. – Келісімді ратификациялау көші-қон ағындарын реттеу, азаматтардың мәселелерін шешу және заңсыз миграция желілерін анықтау үшін қолайлы жағдай жасайды. Осы құжат қос азамат­тыққа қарсы күрес жүргізу үшін өте маңызды. Оған сәйкес, Өз­бекстанның өз азаматтары пас­порттарын бізге жолдау тәртібі реттеледі. Нәтижесінде, қандас­тарға енді Өзбекстан елшілігіне барып, төлқұжаттарын тапсыру және консулдық төлем үшін 140 долларға дейін алым төлеу қажет болмай қалады. Екі елде де қос азаматтыққа тыйым салын­ған. Сондықтан өзбек тарапы келісімді ратификациялау рәсім­де­рін аяқтады, – деді Марат Қожаев. Депутаттар республикамызда мұндай шектеу енгізілгеніне ширек ғасырдан асқанымен, өзге елдің азаматы атанғанын жасыру оқиғалары жаппай белең алға­нын жеткізді. ІІМ басшылығы­ның өкілі ондай адамдар заңсыз әрекеттерге бейім тұратынын алға тартты: «Шынында, қос азаматтық фак­тілері жиі кездеседі. Көр­шінің не алыс шетелдің азамат­тығын алған қазақстандықтар онысын қасақана жасырады. Олар Қазақстан төлқұжатын ше­караны кесіп өтуде, халықаралық тасымалда қолданады. Сонымен қатар осы арқылы Қазақстаннан зейнетақы, әлеуметтік төлемдер алады, басқа да жеңілдіктерді пайдаланады. Статистикаға тоқ­талсақ, 2019 жылы 15,5 мыңнан астам адам Қазақстан азаматты­ғынан айырылды. Оның көбі – ресейліктер. Өзбекстан аза­маттары да жетерлік. Бұл ретте 500 адам өзге ел азаматтығын қабылдағанына қарамастан, мемлекетіміздің паспортын пай­даланып келген. Олар жауап­керші­лікке тартылды және елден аласталды, – деді Ішкі істер ми­нистрінің бірінші орын­басары. Әрине, ала шапанды ағайын елінен қандастар сыртында еңбек мигранттары да көп келеді. 2019 жылы одан 531 мың 566 ең­бек мигранты заңды түрде келіп, тіркелген. Тіркелмегені қанша? «Былтырғы қараша айында өзбек әріптестеріміздің баста­масы бойынша және көршінің көші-қон қызметі және еңбек министр­лігі қызметкерлерінің қатысуымен бірінші рет бірлес­кен рейд жүр­гіздік. Оңтүстік өңір­лерді Алматы қаласын, сондай-ақ Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарын қамтыған бұл шара барысында 2,5 мыңнан астам өзбек заңсыз жұ­мыскері анықталды. Оның 140-ы елден шығарылды. Жүзден астам адам реадмиссия рәсіміне тартылды: іздеуде жүрген қыл­мыс­керлер анықталды. Операция табысты өтті. Алда осындай шараларды бірлесе өткіземіз», – деді Марат Қожаев. Ол жалпы алғанда, 14 елмен арада қос азаматтықпен және заңсыз көші-қонмен күреске серпін беретін осындай келісім әзірленгенін мәлім етті. Оның ішінде Қырғыз Республикасы, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь­пен арадағы келісімдер­ге тарап­тар қол қойып үлгеріпті. Биыл ол қатарға Армения қосылады деп жоспарлануда. Тағы 8 келісімді тиісті серіктес ел қарап, ішкі ке­лісу рәсімдерінен өткізіп жатыр. «Мұндай жұмыс ары қарай жалғасады», – деді М.Қожаев.   Айхан ШӘРІП